АҚШ пен Қытай қазір әлем экономикасында бірінші және екінші орындарын иелейді. Екі елдің әскери қуаты да әлемнің алдынғы қатарларында. Шығыс пен Батыстағы екі держава арасында сауда соғысы шырқау шегіне жақын тұр. АҚШ пен Қытайдың мүдде қайшылығы қарулы қақтығысқа алып бара ма деген сұрақты көп елдің сарапшылары қарастырып көрген. Қазіргі жағдайда экономикалық мүдделер басты орында тұратындықтан, қанша жерден мүдделер қайшылығы болған күнде де қаруға қол салуға әлі ерте. Бірақ, екі қошқарды сүзістіретін талай нәзік мәселелер бар. Соның бірі – Тайуан (Тайвань).
Қазір Қытай мен Тайуан арасында тарихи қайшылықтар қайта өсіп шықты. Тайуан бұғазының екі жағалауының қайшылығы Ши Жинпиң тұсында күшейіп кетті. Шетелдік кейбір сарапшылар, Қытайдың қазіргі басшысы таяу бірнеше жылда Тайуанға қарсы батыл қадамдарды абайсыз да жасап, АҚШ пен Қытай арасындағы қақтығыс туыла ма деп те алаңдайды.
Бұл алаңдаушылық Гонконг дағдарысы кезінде тіпті күшейді. Ши Жинпиңның Гонконгқа қаратқан қатаң позициясы тайуандықтар үшін дабыл болып қағылды. Бұл онсыз да әлсіз болып келген Тайуан мен құрлықтық Қытайдың бейбіт бірігу мүмкіндігін тіпті де әлсіретті. Тайуанның СІМ басшысы бір реткі мәлімдемесінде: «Біз қатты алаңдай бастадық», – деген болатын. Ол сөзінде Қытайдың экономикалық құлдырауы және өзге де дағдарысты мәселелері Қытай басшысының Тайуанға қарсы қауіпті әрекеттерге баруын тездетіп жіберуі мүмкін деп алаңдайтынын жеткізген. Бұл шын мәнісінде Тайуан мәселесінің шешуші түйіні деп қарауға болады.
Тайуандықтардың алаңдаушылығы әсте агрессивті соғыстың қатерінен қорқу емес. Тайуан өз деңгейінде қорғаныс соғысына дайын ел ретінде белгілі. Керісінше, материктік Қытайдағы хаос пен экономикалық дағдарыс Тайуанға мәжбүри шабуылдарға алып келе ме деп алаңдайды. Айталық, Қытайдың кибер-шабуылдары Тайбэйдің электр желілерін, не болмаса, Тайуанға деректер және интернет жеткізетін суасты кабелдерін бұза ма деп қауіптенеді. Немесе, Оңтүстік қытай теңізіндегі Тайуанға мұнай жеткізетін танкерлерге қауіп төндіруінен алаңдайды.
Бұдан тыс Қытай тарабы шарлау кемелерін көбейту немесе әскери оқу-жаттығуларын күшейту арқылы Тайуанға әскери қысымды күшейтуі мүмкін. Бұл қысымның Тайуанға тигізетін әсері мол болады. Айталық, Тайуан Қытай қаупіне қарсы тұру үшін әскери шығындарды арттырады. Ал, Қытайдың әскери қаупіне қарсы қорғанысты күшейту теңдессіз мол шығынды қажет етеді. Оның сыртында күшті әскери қысым Тайуан аралында ішкі толқуына алып келуі де мүмкін. Себебі, қуатты әскери күші бар Қытайдың қысымы тайуандықтардың аралдың болашағына деген сенімін әлсіретеді. Бұның өзі қоғамдық пікірдің жарылысына, содан барып әлеуметтік бұлғаққа алып баруы мүмкін.
Тайуан саясаткерлері Қытай қаупіне байланысты немесе екі жақты қарым-қатынастарда абайлап сөйлеп аңдып басуға жатылған. Онсыз да Тайуанның саяси технологиясы бай тәжірибелерге ие. Тайбэйдің саясаткерлері Қытай қаупіне қарсы қалай қарсы тұру керек деген мәселе туралы сирек сөз етеді. Соның өзінде, Тайуан СІМ басшысы У Жаушие The New York Times басылымының тілшісіне Тайуан қорғаныс күштерінің «қорғаныс және шабуыл жоспарларын жасап жатқанын» айтқан.
Осының өзі Тайуан мәселесінің ушығып, Қытайдың соғыс қатерінің күшейіп тұрғанын көрсетеді. Ал, Қытай мен Тайуан арасында ықтимал болған соғыс бұрқ ете қалған жағдайда АҚШ-тың не істейтінін қазірше ешкім кесете алмайды. Тіпті, бұны АҚШ-тың өзі де білмесе керек. АҚШ-тың 1979 жылы қабылданған заңы «Құрама Штаттың Тайуанды қорғауға дайын екенін» көрсетеді. Бірақ, АҚШ-тың Тайуанды қорғау үшін қанша қаражат бөлу және қандай қадам жасау туралы нақты айтылмаған.
Қытай соңғы жылдары өзінің әскери мүмкіндіктерін, соның ішінде ұшақ тасымалдаушы кемелерінің мүмкіндіктерін көбірек дамытты. Бірақ, соңғы жылдарда Пентагон қатысқан әскери жаттығулар кезінде оның бәрін жоюға қабілетті екенін көрсетті. Алайда, нақты соғыс жағдайы жаттығудан мүлде басқа болары анық. Нақты соғыс кезінде АҚШ-тың мүмкіндігі дәл сондай бола қоймас. Алайда, Қытайдың Тайуан бұғазы арқылы кіретін мұнай танкерлеріне кедергі келтіре алары сөзсіз. Бұның өзі соғыс кезіндегі маңызды тактикалық әдістердің бірі.
Шын мәнісінде, президент Трамп өзінен бұрынғы президенттерге қарағанда Тайуанды көбірек қолдайтынын байқатып келді және оның әрекеттерінің әсері де көрнекті болды. Бірақ, Тайуан мәселесінде АҚШ-тың өзі де аса сақтықпен әрекет ету керектігін жақсы біледі. Себебі, Тайуан мәселесі Қытайдың «Қызыл сызығы» екені белгілі. Бұны Бейжің көп рет ескертіп келген. Егер АҚШ Қытай-Тайуан дағдарыс қаупін арттыру арқылы көмектескісі келсе, оның өзі де тараптар үшін аса қауіпті деуге болады.
Бейжің қазір де Тайуанның халықаралық ықпалын төмендетуге, шетелмен байланысын үзуге, БҰҰ өкілдерінің Тайуанға баруын немесе Тайуан саясаткерлерінің БҰҰ отырыстарына қатысуын, журналистерінің БҰҰ құжаттарын алуына шектеу қоюға тырысып келеді.
Гонконг мәселесінен кейін Тайуан мәселесі де өзектілене түсетіні сөзсіз. Бейжің өзінің дағдарысқа тап болуынан бұрын Тайуанды күшпен өзіне қосуға қадам басуы да бек мүмкін. Себебі, ел ішіндегі наразылық пен одан келіп шығатын дағдарысты, толқуды болдырмас үшін назарды Тайуан мәселесіне қарай мақсатты бұруы да ғажап емес. Бірақ, бұл соғыс қаупін күшейте түседі.
Әрине, АҚШ осы дағдарысты жеңілдетудің бірқатар қадамдарын жасауға мүмкіндігі бар. Айталық, Уашингтон Бейжің мен Тайуан арасында дәнекер бола алады. Яғни, Тайуанның дербес қадам жасамайтындығына кепілдік бере алады. Бұдан тыс, Қытай әскери қадамға барған жағдайда, АҚШ-тың да соған ұқсас әрекетке баратынын көрсете алады. Бір сөзбен айтқанда Тайуанға қарсы әрекеттердің Қытайда да қайталанатынын ескерте алады.
Дегенмен, дегенмен... Қазіргі Қытай басшысы Тайуанға қарсы әскери әрекеттің аса қауіпті болатынын және оның зардабын қаншалықты бағамдай алады, оның өзі бір мәселе.