Астанада өтіп жатқан 45 мүшесі бар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында он шақты спикер бірқатар өзекті мәселелер туралы мәлімдеме жасады.
ҚР президенті жанындағы консультативтік-кеңесші органы ретінде құрылған Ұлттық кеңес қызметінің негізгі мақсаты – билік пен бұқара арасында диалог орнату. Кеңес құрамын Президент әкімшілігі іріктеп жасақтаған. Парламенттің жүгін арқалаған кеңес төрағасы президенттің өзі, ал төраға орынбасары – президент әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев, хатшысы – президент кеңесшісі Ерлан Қарин. Кеңес жұмысы нәтижесінде Тоқаевқа арнайы ұсыныстар пакеті дайындалатын болады. Тәуелсіз сарапшылар президент төрағалық ететін жұмыс тобы президенттің өзіне ұсыныс әзірлейтінін «косметикалық реформалар», «алдарқату» деп бағалаған болатын.
Жиын барысында Қазыбек Иса мемлекеттік тілді ұлтаралық деңгейге көтеру әрі 7 бапты редакциялау, латын графикасындағы олқылықтар туралы, Рахым Ошақбаев президентке "Грузия моделін" ұсынды. Сондай-ақ, Мұхтар Тайжан экономикадағы мемлекеттің үлесін азайту қажеттілігін, сот жүйесінің кәсібилігі, жұмыссыздық, шетелдік қарыздарды жариялау мәселелерін көтерсе, Саясат Нұрбек адам капиталы туралы сөз қозғады. Бұдан бөлек сайлау заңын демократияландыру талабы, митингтерді халықаралық міндеттемелерге сәйкестендіру туралы әрі парламенттің «ықпалды» арылып, тәуелсіздігін қамтамасыз етілуіне Айдос Сарым пікір білдірді.
Белгілі құқық қорғаушы-заңгер Айман Омарова БАҚ-қа жасалатын қысым мен зорлық-зомбылық, сот жүйесіндегі былықтар жайында, Ермек Тұрсынов мәдениет саласына көңіл бөлу жайлы кеңінен толғады. Жәнібек Қожықов жаңаөзендіктердің аманатын жеткізіп, елдің толқуының мәні «болашағына алаңдаушылығынан» туған патриоттық сезімі екенін, Маңғыстаудағы жұмыссыздық, шетелдік компаниялардағы кадрды алалау, жұмыссыздық, зейнет жасы мәселелерін тарқатып берді. Сөз алған спикерлердің бірі Сейдахмет Құттықадам президентке ризашылығын білдіріп, оған «оңай еместігін», биліктің «жаңа бетбұрысына» оң баға беретінін айтты.
Кеңес мүшелері сөйлеу барысында Тоқаевтың көзінше оған ерекше мақтау-мадақтау лебізін танытты. Тәуелсіздік сарайында өткен алқалы отырыста үш жұмыс тобының әрқайсысынан 2 кісіден сөйлесе, бұдан өзге ерікті түрде 5-6 спикер өз уәжін білдірді.
Айта кетерлік бір жайт, жиынға қатысады деп жоспарланған журналистер кіргізілмеген, тек бақылау залының мониторынан хабар таратуға мәжбүр болды.