Тамыздың 30-ы көпшілікке мәлім ҚР Конституциясы күні. Қазақстан Конституциясында сөз бостандығы мен адам құқығы мінсіз қорғалатыны айтылған. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек өзінің facebook парақшасында «Конституция күніне» байланысты өз пікірін білдірген. Ол өз жазбасында Конституция зайырлылық, құқықтық принциптерге негізделгенімен, оның іске асырылуына көңілі толмайтындығын, атқарушы билік бұқараның құқықтық сауаттануы мен мемлекеттік тілдің өрістенуіне қырын қарайтынын сынаған. Құқықтық белсенді Айгүл Орынбектің пікірі:
«Конституция күнімен құттықтайтындай, бұл елде құқығыңыз заңмен қорғалып жүр ме?
Конституцияның бірінші бабынан бастап адам құқығы бұзылып тұр. Бес жылы бойы ел аралап, халықтың тұрмыс тіршілігін сараладым. Содан ұққаным билік әдейі халықты осылай топас қылып ұстаған. Халықтың көзі заңдық тұрғыдан ашылса, билік ерте күйрейтін еді. Себебі өз құқығын білген адам, билік оның құлы екенін біліп одан заңды түрде жұмыс істеуін талап етеді. Халық қазақ тілінде , билік орыс тілінде, отыз жыл бойы сөйлеп келді. Билік көзімізді бақырайтып қойып біздің тілдік құқығымызды таптап келді. Шығарған заңдардың, түсіндірмелердің барлығы орыс тілінде болған соң, өз құқығын қорғаудың орнына билікке құл болып келді.
Халық құқықтық жағынан сауатсыз! Оған мемлекет кінәлі! Себебі мемлекет қазақ тілін мемлекеттік қызметкерлерден заңды түрде талап етпеді. Ал халыққа қызмет көрсетуші қызметкерлер тілмен емес, қараңғы халықтың ісін парамен бітіріп беріп отырды. «Қазақ тілін білмесең жұмысқа алмаймыз» – деген жазба емес, «орыс тілін білмесең жұмысқа алмаймыз» – деген шарт тұрады. Конституция бойынша ұлттың тілін ұлықтай алмаған елде, қалай біз конституция күнін тойлаймыз?Конституция бойынша ең бірінші адам яғни біз , сосын біздің тіл!
Бұл мереке емес, бұл қазақ ұлтының құқығы өлген күн, яғни қаралы күн!»
Негізгі заңға 1998, 2007, 2011, 2017 және 2019 жылдары өзгеріс енгізілді. Олар Президенттің, Сенат пен Мәжіліс депутаттарының өкілет мерзіміне, мемлекеттік қызметшілердің жас шамасына, Қазақстан халқы ассамблеясы қызметіне, Парламенттің төменгі палатасын қалыптастыру мен Президентті сайлау процесіне және басқа да маңызды мәселелерге қатысты болды. Демократияның мәні халықтың басым бөлігінің мүддесін жүзеге асыру. Осы тұста қазақ ұлтының рухани мүдделерін көздейтін баптарды енгізбейінше Қазақстанның әлеуметтік жаңару жағдайында дамуы қиындық туғызады деген пікірлер де бар. Бұл туралы саяси ғылымдар докторы, ҚР білім беру ісінің үздігі Сайын Борбасов:
– Қазақ тiлiн бiлмейтiн қазақ азаматына мемлекеттiк қызметтiң берiлмеуi – мемлекеттiк тiл мәртебесiн асыратындығы даусыз. Әсіресе тілге байланысты орыс тілі қазақ тілімен бірдей дәрежеде қолданылады деген бапты алып тастайтын мезгіл жетті. Себебі орыс тілі Қазақстанда өзінің тарихи миссиясын толық атқарды, алда да атқара береді. Оны Конституцияда бекітудің ешқандай қажеттілігі жоқ. Саяси жағынан да, әлеуметтік жағынан да, этнолингвистикалық жағынан да. Қазiр ел халқының 67 пайызын құрап отырған қазақ ұлтының тiлi, елдiң 29 пайызын құрайтын орыс диаспорасының тiлiмен теңестiрiлуi құқықтық та, демократиялық та талаптармен сыйыспайды, – дейді.
Саяси-құқытық және қоғамдық келісімшарт ретінде танылатын Конституция Қазақстанда толық мағынасында саланат құрды деуге әлі ерте дейді сарапшы мамандар. Оған себеп елде жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың әлеуметтік өмір мен билік құрылымының барлық тармақтарын шырмап-тамыр жаюы, экс-президент Н.Назарбаев айтқандай БАҚ-қа жасалатын қысымдар, штаб пәтері Парижде орналасқан «Шекарасыз тілшілер» (Reporters Without Borders, RWB) халықаралық ұйымының есебінше 180 елдің ішінде Қазақстан «баспасөз еркіндігі рейтингінде» 54,41 ұпаймен 158-орынды қанағат тұтуы, соңғы кездері азаматтық қоғам өкілдерінің, массалық ашық пікір білдірудегі жаппай ұстаулар, министрліктегі лауазымы жоғары шендінің ірі көлемдегі әрекетіне қарамастан соттылықтан құтылып кетуі, ал өнер-мәдениетке ұзақ жылдар бойы еңбек сіңірген тұлғалардың ұсақ қылмысы үшін бар абыройынан айырып, көлемді айыппұл талап етуі, тәуелсіз заңгерлер кеңесі таныған «саяси тұтқындардың» көбеюі... Аталған мәселелер бойынша сарапшылар Атазаң өз тұғырына орнықпағанын көрсетеді деп бағалайды.