Жылдағы дәстүр бойынша жаңа оқу жылы қарсаңында мыңдаған педагогтардың басын қосатын Тамыз кеңесінің биылғы жиынына Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысуда.
Президент қатысуымен өтіп жатқан ауқымды шараға еліміздің әр аумағынан, ҚазАқпарат дерегі бойынша, 2 мыңнан астам ұстаздар мен мұғалімдер келген.
Конференция барысында НЗМ-нің «Білім беру жүйесінің мазмұнын жаңарту» тәжірибесін ел мектептеріне таратудың соңғы кезеңі жайлы, әзірленген әдістемелік ұсыныстардың деңгейі, тәлім-тәрбие мен білім сапасының берілуіндегі қиындықтар, «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына қатысты мәселелер талқылануы тиіс.
Жиын аясында жоспар бойынша, отандық білім-ағарту саласындағы ерен еңбегі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бірқатар педагог ҚР Президентінің алғыс хатымен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, «Құрмет» орденімен, «Ы.Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталатын болады.
Бір қызығы, президентпен өтетін алқалы кеңеске сарапшылық өреде айтары бар, кейбір белсенді ұстаздар шараға тақағанда, ешбір іс-сапарлық шығындарды қолдаусыз кештетіп шақырылған. Мысалы, ұзақ жылдар бойы білім беру саласына қатысты өткір ойлары мен кәсіби ұсыныстарын ашық жариялап жүрген ұстаз, ҚР Білім саласының құрметті қызметкері, Журналистер Одағының мүшесі, тарихшы Өмір Шыныбекұлына өткен апта шақыру келгенімен, жол мен жатын орны туралы ешбір ақпарат көрсетілмеген. Сонда министрліктің айтулы шарасындағы 2000-нан астам педагог өз қаражатымен барып, қатысып отыр ма деген заңды сауал туады.
Осыған дейін 13 маусымда жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен су жаңа 16-шы Білім және ғылым министрі болып Асхат Аймағамбетов тағайындалған болатын. Тәуелсіздік жылдары ішінде талай шикі эксперименттің зертханасына айналған министрлік ширек ғасырда 16 министр ауыстырып үлгерген. 2016 жылы қызметке келген Ерлан Сағадиевтің тұсында кезекті реформалар пакеті дайындалып, «Әліппені» «Сауат ашу» деп өзгерту арқылы қоғамның сынына ұшыраған еді. Оқулықтағы олқылықтар мен шалажансар тапсырмалардың себебінен ата-аналар наразылық танытып, талай мәрте ашық хат, арыздар жазған. Бұл мәселелер бүгінге дейін түпкілікті шешіле қойды деп айту қиын. Елдің «тақтаға бормен жазып көрмеген, жеңіне ақ тимегендер бағдарлама-жоба дайындайды» деген ащы әжуасына қалған ведомстваға жаңа оқу жылында тек табыс пен азаматтардың ризашылығына бөленуін тілейміз!