Үкімет қаулысымен Серік Егізбаев Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметіне тағайындалса, осы уақытқа дейін білім вице-министрі болып келген Мирас Дәуленов орнынан босатылды.

Агрономнан ақпарат вице-министріне дейін... Үкімет баспасөз қызметінің хабарлауынша,  осы уақытқа дейін министрліктің аппарат басшысы болып келген Егізбаев Балаеваға орынбасар ретінде төртінші вице-министр лауазымын иемденді. 58 жастағы шенеуніктің үш бірдей мамандығы бар – агроном, мемлекеттік қызмет менеджері, заңгер.

Еңбек жолын Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облысындағы «Чапаев» асыл тұқымды мал зауытында жұмысшы болып бастаған.  1986 жылдан 1990 жылға дейін өңірдің комсомол ұйымдарында әр түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. 1990-1997 жылдары БҚО-да Қазақстан Жастар одағының хатшысы-идеологиялық бөлімінің меңгерушісі, Жастар одағының облыстық филиалының бірінші хатшысы болып қызмет еткен.

1997-1998 жылдары облыс әкімдігінде бас инспектор және ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары лауазымдарында болған. 2000 жылдың басында Қаржы министрлігінің Ұйымдастыру және кадр жұмысы департаментінің бөлім басшысы, кейіннен 2001-2007 жылдары Премьер-министр кеңсесінде түрлі қызметтер атқарған. Ал 2007-2016 жылдары Президент әкімшілігінде бірнеше лауазымда жұмыс істеген. 2016 жылғы қазанда тосыннан ауыл шаруашылығы вице-министрі болып тағайындалды. 2017 жылғы наурызда халық қаржысы негізінде билік саясатын насихаттайтын «Қазақстан» РТРК басқарма төрағасының өңірлік даму жөніндегі орынбасары, көп өтпей 2019 жылдың қыркүйек айынан 2021 жылдың ақпан айына дейін БҚО әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Биыл ақпан айынан бері аппарат жетекшілігінде болған Егізбаев бірер айда-ақ вице-министр атанып үлгерді.

Безген шенеунік... Ресми мәліметке қарағанда, кейінгі бір жарым жылға жуық уақыт білім вице-министрі қызметінде болған Мирас Дәуленов «өз өтінішімен» жұмыстан босатылды. Жасы қырыққа жақындаған ол биыл отандық вакцина өндірісі бойынша жауапты маман ретінде көрінген еді.

Дәуленов қызметін алғаш 2003 жылы жеке заң фирмасында заңгер болып бастаған. 2004-2005 жылдары ШҚО адвокаттар алқасы адвокатының көмекшісі, 2006-2007 жылдары коммерциялық құрылымдарда заңгер болып жұмыс істеген. 2012-2019 жылдары астанадағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде кафедра меңгерушісі, халықаралық орталық директоры, ғылыми жұмыс жөніндегі проректор қызметінде болған. 2018-2019 жылдары университет жанындағы Салық Зиманов атындағы Құқықтық және экономикалық зерттеулер академиясының басшысы қызметін атқарды. Ал 2019 жылғы желтоқсан айында соңғы жұмыс орны білім және ғылым вице-министрі лауазымында болды. Дәуленовтің «майлы» әрі «жауапты» орыннан неліктен кеткені және қайда барары әзірге белгісіз.

"The Qazaq Times"