Израиль парламенті (Кнессет) ел аумағында дауыс зорайтқышпен азан шақыруға тиым салу туралы қарарды бекітіп, былтыр жыл соңында мәжіліске ұсынған. Өзге партиялардың қарсылығы арқылы бұл заң жобасын бекіту мен дауысқа салу кейінге қалдырылған. Алайда, жақында Кнессетте бұл шешім ақыры қабылданып, шуыл тудырады, тыныштықты бұзады деген желеулермен Израиль аумағында дауыс зорайтқышпен азан шақыруға тиым салды. Түркия «Анатолы» ақпараттық агенттігінің хабарына қарағанда, Иордания үкіметі бұл екі ел арасындағы бейбітшілік келісімге қайшы деп айыптаған.
Иордания үкіметінің ресми мәлімдемешісі Мұхаммед эл-Мумани жасаған мәлімдемеде, Израиль парламенті қабылдаған шешім, Израиль мен Иордания және өңірдегі өзгеде мұсылман елдерімен жасасқан «Бейбітшілік келісіміне» қайшы деп айыпталды. Иордания-Израиль арасында 1994 жылдың 26 қазанында жасасқан келісімнің 7-ші бап, 2-ші тармағында: «Израиль Иерусалимдегі Исламның киелі құндылықтарын қорғау аясындағы Иорданияның арнайы рөлін құрметтеу керек», – деп белгіленген. Бұл аталған келісімде Иерусалимдегі әл-Акса мешіті, сондай-ақ, өзге де исламдық құндылықтарды, киелі заттарды, тарихи мұраларды қорғау, Иордания аумағындағы Израиль қорлары мен мұраларын бүлдірмеу туралы келісім анық жазылған.
Израильдің Палестинаға шапқыншылығы, әлемнің көзін көлегейлеу арқылы да, ашық та жүргізілгені анық. Күллі Ислам елдерінің қарсылығын тудырған шешім, ендігі жерде тартыс түйіндерінің біріне айналатыны даусыз. Иерусалим қаласының тарихи дауы жаңа ғасырда жаңа бейнеде бас көтеріп, Орта Шығыстың бүлігіне себеп болып отыр.
“The Qazaq Times”