Еуропа елдері АҚШ санкцияларының салмағын жеңілдетуге көмектеспесе, Иран атом бағдарламасын үшінші деңгейге жеткізеді. Иран Еуропаға 60 күн уақыт берді, осы уақыт ішінде ішінде экономикалық жәрдем берілмесе Иран қажетті шара қолданбақ.
Иранның БҰҰ-дағы өкілі Мажид Тахр-Раванчи BBC-ге берген сұхбатында: «Президент Трамп ядролық қаруды шектеу туралы келісімнен біржақты шығып кеткен кезде, Еуропаның үш лидері бізге келісімді сақтап қалуды өтінген еді. Олар өздерінің келісімге сай міндеттерін атқаруға және АҚШ келісімнен шығып кеткеннен кейінгі шығынның орнын толтырып беруге уәде беріскен еді. Қазір еуропалықтар өз уәдесінде тұрмай жатқанын біз қабылдай алмаймыз», – деген.
Иранның ядролық бағдарламасын шектеу туралы 2015 жылы қол қойылған келісімнен АҚШ бір жыл бұрын шығып кетті. Осыдан кейін АҚШ пен Иран арасындағы қайшылық өршіп, бүгінде тараптар қарулы күштерін жиі көрсете бастады. Иран АҚШ санкциясы қалпына келтірілгеннен кейін бірден жауап қайтармаса да, бұдан екі ай бұрын келісімнің кейбір шарттарын қысқартты. Ал, осы аптада уранды байыту туралы қойылған шекті екінші рет бұзды.
БҰҰ-ның Ядролық қаруды шектеу туралы ұйымы АҚШ талабы бойынша Иран әрекетін бағалау үшін Венада жиын өткізді. Ал, Еуропа елдері ядролық қаруды шектеу туралы келісімге қатысқан өкілдеріменен бас қосып, Теһранның кезекті қадамын талқылаған болатын.
BBC-дің тілшісі Бетани Беллдің арнайы хабарында Еуропа елдері «екі оттың арасында қалды» деп бағалаған еді. «АҚШ санкциясы Иран экономикасына үлкен әсер етті. Теһран болса, Иранның экономикалық дамуын қолдау туралы келісімдегі міндеттемелерін Еуропа елдері атқармай жатыр деп айыптап отыр. Ал, Еуропа болса Иранның ядролық қаруды шектеу туралы келісімге қайтып келуін өтінеді», – дейді Белл.
2015 жылығы келісімнің өзі Иран ядролық қару жасауға жақын қалды деген қауіптенуден кейін жасалған болатын. АҚШ билігіне Трамп келгеннен кейін бұл келісім Иранның ядролық қаруға қол жеткізу әрекеттерін шектей алмайды деп санаған.