Ресейлік Газпром 27 сәуір сәрсенбіден бастап Польша мен Болгарияға газ жеткізуді тоқтатты. Бұл Ресей Украинаға басып кіргеннен бері Батыс пен Мәскеу арасындағы экономикалық соғыстың соңғы қадамы қатары бағалануда.
Батыстың қатаң санкцияларына қарсы Мәскеу өзінің мұнай-газ экспортын саяси құрал қатарында қолданып жатыр. Себебі, Еуропаның көптеген елі энергетика қажеттілігі бойынша Ресейге тәуелділігі жоғары. Тіпті санкция кезінде Батыс елдерінен газ ақысын рубльмен төлеуді талап етуде. Газпром сәрсенбі күні рубльмен төлей алмаған соң Польша мен Болгарияға газ жеткізуді тоқтататынын мәлімдеді.
Газпром мәлімдемесінде, аты аталмаған төрт газ сатып алушының Ресей табиғи газы үшін рубльмен төлеп отырғанын, ал 10 еуропалық компания ресейлік валютамен төлеу үшін рубль шоттарын ашқанын айтты.
Еуропа елдері мен АҚШ ресми мәлімдемелерінде Ресейдің бұл қадамына таң қалмайтындарын айтты. Соған қарағанда Батыс үшін бұл күтілген қадам екені анық.
Ресейдің бұндай шешімінен кейін АҚШ Еуропадағы одақтас, серіктес елдермен, Польша және Болгария басшыларымен мәселе бойынша сөйлесіп жатқанын айтты. АҚШ Еуропа елдерінің газ импортын әртараптандыру бойынша әрекет ететінін жеткізді.
Ал, Польша мен Болгария үкіметтері Газпромның бұл шешімін келісімді бұзу деп атады. Еуропа одағы болса Ресейдің энергетиканы құрал қатарында пайдалануы олар күткендей болғанын, бірақ ЕО тарабынан біріккен жауап болатынын ескертті.
Еуропа елдері Ресей газы мен мұнайына тәуелділіктен арылу бойынша кешенді бағдарламалар жасап жатыр, оның қатарында энергияның басқа көздерін қарастыру және қайта туындайтын энергияны дамыту бағдарламалары да бар.