Бүгін Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының ғимаратында «Оралман мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік қызметі» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті. Құзырлы мекемелер мен қоғамдық ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысқан жиналыста елге оралған қандастардың құжаттық қиыншылығына байланысты мәселелер талқыланды.
Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы Көші-қон жүйелері мен «Адырна» қоғамдық ұйымы бірлесе ұйымдастырған дөңгелек үстелге ҚР ІІМ Алматы қаласы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының, Дүниежүзі Қазақ Қауымдастығының, Қазақ ұлттық университеті Дайындық факультетінің, «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысты.
Алматы облыстық Көші-қон басқармасының өкілдері де шақырылған, алайда аталған мекеменің өкілдері үстел басынан табылмады. Алматы облысында қордаланған қандастардың құжаттық мәселелерінің көптігіне қарамастан, бұған дейінгі осы мазмұндағы жиналыстарда да Алматы облыстық көші-қон басқармасы өкілдерінің орыны бос тұратынын баса айтқымыз келеді.
Биыл 16 маусымда ҚР тұңғыш президенті Н. Назарбаевтың (№20-137 қ-8) арнайы шешімімен, қандастарға бір жылдық құжаттық жеңілдік жасауға мүмкіндік туған болатын. Кезекті дөңгелек үстелде Көші-қон жүйелері бөлімінің бас маманы Күлпаран Ғалиева этникалық қазақтардың «Оралман» куәлігінің мерзімін өткізіп алғанына қарамастан жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алатындығы туралы түсіндіре келіп, Алматы қаласын сақталып отырған қандастардың құжаттық мәселелеріне байланысты нақты сұрақтарын ортаға қойды.
Гүлпаран Темешқызының жеткізген мәліметіне қарағанда, құжат мерзімін өткізіп алған қандастарға жеңілдіктердің беріліп отырғанына қарамастан, Алматы қаласында «Оралман куәлігінің» мерзімін өткізіп алған қандастар арасында 80-і ғана құжатын ұзартуға өтініш берген. Соның ішінде 34-і ықтияр хат алуға өтініш берген. Гүлпаран ханым қалған 50 қандасымыз да биыл 31 желтоқсанға дейін құжатын рәсімдеп үлгермесе ҚР азаматтығын ала алмай қалатынын ескертеді. Ол сондай-ақ, дөңгелек үстелге қатысып отырған Алматы қалалық Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының полиция инспекторы Тоқтабаев Біржан Жанатұлына бірнеше қандастардың нақты құжаттық мәселелерін шешуді ұсынды. Бұлардың арасында ата-анасы ҚР азаматтығын алғанымен «Оралман мәртебесін» ала алмаған балаларының азаматтық ала алмай отырған мәселелері де бар.
Біржан Жанатұлы құжат мерзімінің өткізіп алған қандастарға жасалған жеңілдік турасында БАҚ арқылы қоғамға жеткізуге тырысқандарын, алайда әліде бұл мәселемен келіп жатқан қандастардың аз екенін жеткізді. Сондай-ақ, Күлпаран ханым ұсынған қалалық көші-қон қызметіне қатысты мәселелерді шешуге күш салатынын айтты.
Жиналысқа қатысқан қоғамдық ұйым өкілдері де нақты мәселелер төңірегінде өз ойларын ортаға салды. Олардың айтуынша, қандастардың құжаттық мәселелерінің көбі дерлік облыстарда болып отыр. Және кейбір жергілікті инспекторлардың қызметі де көңіл көншітпейді. Бұған қоса «оралман мәртебесінің» ұзартылуы мәселені бір қырынан шешкенімен, кейбір қандастардың ҚХР төлқұжаттарының уақыты өтіп кеткені де азаматтық алуына кедергі. Ал, Қазақстандағы Қытай елшіліктері құжат мерзімі өтіп кеткендерден Қытайға барып қайта құжат жасатуды талап етеді. Қазіргі Қытайдағы саяси жағдай бұған мүмкіндік бермейді. Міне осы аталған мәселелерде қандастардың ел азаматы аталуына кедергі болып отыр.
Жиында бұдан өзге де қандастар мәселесіне қатысты тақырыптар талқыланды. Мыңдаған адамды сарсаңға салған кейбір құжаттық қиыншылықтарды шешу үшін қатысты заңдарға өзгеріс енгізу керек екені де айтылды.
Дөңгелек үстел басына жиналған мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері талқыланған тақырып төңірегінде бірлесе жұмыс істеуге келісіп тарқасты.