Берлинде 500-ден астам оқушы қоршаған ортаны қорғауға арналған бағдарламаларды дер кезінде жүзеге асырмағаны үшін ел депутаттарына қарсы шеруге шықты.

Handelsblatt неміс басылымының хабарлауынша, жазғы демалыс уақытында оқушылар азаматтық ұстанымын білдіру үшін жиналған. Қаланың орталық көшелерін жүріп өткен олар арнайы палакаттармен шықты. Бүгін Бундестагта депутаттардың соңғы мәжілісі өтетінін ескерген шерушілер Парламент ғимаратын қоршауға алған.

Шеруге қатысушылардың бірі Ева Фука: «Біздің шарамыз депутаттар демалысқа шығатын күні өтіп жатыр. Алайда олар біз тапсырған үй жұмысын орындамағанын еске салғымыз келеді. Біз саясаткерлердің қоршаған ортаны сақтауға бағытталған нақты шараларды қабылдағанын қалаймыз. Жарты жыл бойы шеруге шығу арқылы олардан айтарлықтай нәтиже күтіп отырмыз», – дейді.

Жасөспірімдер Германия халқын көмір жағудан және пластик ыдысын қолданудан бас тартуға шақырып, биліктегі шенділердің осы бағытта жұмыс істеуін талап етіп отыр. Неміс жастары бұл шеру арқылы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «үй тапсырмасын» орындамаған саясаткерлерді жазғы демалысына жіберуге қарсылық білдірді.

Айта кетейік, Германияда мектеп жасындағы оқушылар, студенттер климаттың өзгеруі, ауаның ластануы сынды шерулер ұйымдастырып тұрады. Шерулердің ең ірісі бірнеше жыл бұрын атом электр стансалары жұмысына қарсы ұйымдастырылған. Қазір де неміс жасөспірімдері үкіметті климатты қорғау бағдарламаларына көбірек қаражат бөлуге, тіпті төтенше жағдай жариялауға шақырады.

"The Qazaq Times"