«Ақмешіттегі» бесін намазынан кейін кейін ел алдына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев шықты. Облыс әкімі халыққа: «..Біз мұндай өте күрделі жағдайдан аман-есен, жап-жақсы шығып келе жатырмыз», – деп мәлімдеді. Сондай-ақ, әкім Арыс қаласында оқ-дәрі біржола жойылатынын және онда радиация қаупі жоқтығына атап көрсетті. Ол тіпті халық алдында "Басыммен жауап беремін" деген сөзінде берді.
Түркістан облысы әкімінің айтуынша, егер апат зардаптары толықтай тізгінделіп, қалаға кіруге рұқсат берілген жағдайда арнайы тәртіпте дайын транспортпен тасымалданатынын, баспана мен мал-мүлікке толық талдау-тіркеу жасалып, бағалау жұмыстары жүргізілетінін айтты. Ө.Естайұлы халыққа жасаған мәлімдемесінде, Арыс қаласы 17 секторға бөлінгенін, әр сектор шамамен 400-450 үйден тұратынын, осы бөлініс бойынша экс-президент Н.Назарбаев бір ай ішінде қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын жасауды тапсырғанын жеткізді. Ол өзінің де Арыс қаласына «күнде барып тұратынын», жағдайды тікелей өзі бақылайтынын да айтты. Облыс әкімі сондай-ақ, арыстықтардың несиесіне қатысты қолдау шаралары да қарастырылатынын да айтып өтті.
Өз кезегінде Еңбек министрі Б.Сапарбаев: «Арыс мәселесіне қатысты барлық министрлік өкілдері, өзге облыстардың әкім орынбасарлары, Құрылыс басқармасы басшылары келіп жатыр», – дей келе, түске дейін арыстықтардың жағдайымен танысқанын, ауруханалардағы науқастармен кездескенін айтты. Ендігі кезек министр облыс әкімімен бірге Арысқа барып, эколог-ветеренарлардың жұмыс барысын тексеретінін білдірді. Ол арыстықтарға: «Елу жылда көшірілмесе, енді кешіріледі, ағайындар.... Бүкіл қазақстандықтар болып көмектесіп жатқанда бүйректен сирақ шығармайық», – деп басу айтты.
Микрофонды қолына алған облыс әкімі сөз соңында Қорғаныс министрілігінің хабарламасына сәйкес ертең, яғни 28.06.2019 ж. таңғы сағат 8:00-ден бастап Арыс қаласы ашылатынын, ал таңғы 6:00-де тасымалдау қызметі жұмысын бастайтынын жариялады.
(Видео авторы арыстық тұрғын Туашов Арман)