Қазынаның қаржысын ессіз һәм шала-жансар хәлде асығыс үлестіріп, артынан керісінше қайта өндіріп жатқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мыңдаған отбасы айлап алған АӘК-ні қалай қайтармақ?!
Биыл шілденің 25-і сол кездегі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысына барған жұмыс сапарында «АӘК тағайындаудағы заңбұзушылықтар Жұмыспен қамту орталықтары мен учаскелік комиссиялардың атүсті жұмысының салдары» деп ашық айыптаған болатын. Өз айыбын мойындаған ояз-шендіден айналып кете жаздады көпшілік. Алғашқы мойындау болғаннан болар...
«Қаражаттың мақсатты пайдаланылуы мен мұқтаж отбасыларға жеткенін қамтамасыз ету – біздің негізгі міндетіміз» деген министрлік енді 200 миллиард қаржының сұрауын қалай түгендемек деген ой туады көкейде.
Тамызда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Е-Халық» базасына сүйене отырып, 21 мыңға отбасы параметрге лайықсыз түрде АӘК қол жеткізгенін мәлімдеп, оларды төлем көлемін қайтаруға міндеттеп, өндіретінін айтты.
Министрліктің мәліметі бойынша, қыркүйек ішінде Павлодар облысында өздерінің нақты шынайы табысын «жасанды» түрде төмендетіп немесе жасыру арқылы заңсыз АӘК тағайындалған 444 отбасына төлемдер тоқтатылған еді. Сол секілді Батыс Қазақстан облысында да 2516 отбасының АӘК алуының заңдылығы тексеріліп, оның 586 отбасына төлем уақытша тоқтатылған болса, тағы 508 отбасына төлем мүлдем төленбейтіні жарияланды. Сонымен қатар, 30 қыркүйек Қостанай облысында АӘК беру 116 отбасына уақытша, тағы 1193 отбасына түпкілікті түрде төлем тоқтатылған. Ал қазанның басында ведомство Алматы облысында 3 мың 304 отбасына табыстың жасырылуына байланысты атаулы әлеуметтік көмек төлеу тоқтатылғанын, тиісінше отбасылар бюджетке 296 млн. 985 мың теңге қайтаруға тиістігін хабарлады. Ізін ала, осыдан бір апта бұрын Ақмола облысында 916 отбасына АӘК төлеу тоқтатылғаны, бүгінгі таңда «63 отбасы бюджетке 8,6 млн теңге қайтарды» деген «сүйіншісі» мәлім болды. Күні кеше Еңбекмин тарапынан «Жамбыл облысында 9,6 мыңнан астам отбасы заңсыз тағайындалған АӘК төлемдерін қайтаруға тиіс» деген ресми ақпар тарады.
Жауапкершілікті күнкөрістен аспайтын тұрмыстан қажыған, биліктің ашқан жарлығын көктен жауған шұғадай көрген жұртқа емес, аулада жүрген тауықтың санын түгендеп, бүге-шүгесіне дейін тексергіш әлеуметтік қызметкерлердің де мойнына артқан дұрыс болар. Әйтпегенде мыңдаған отбасының онмыңдаған жанын алаяққа балап, өз бұқарасын қаралау билікке абырой алып бермесі анық. Аярлығы мен алаяқтығы анық дәлелденген жағдайда қазына қаражатын өндіру – заң таразысынан қараған да дұрыс, бір есеппен. Бірақ бұл жағдайдан алып шығатын, мұқтажсыз үлестірілген қаражатты қайтаруды елдің ызысын күшейтіп алмайтындай тетіктерін қарастыратын білікті маман қажет. Өгізді өлтірмей, арабаны сындырмайтындай сақ, сұңғыла механизм керек.
Қарсылық көңіл-күйі өршіп тұрған жұрттың жанына шырпы үйкеп, от шығарып алу билікке зор сын екенін ескеруі тиіс жоғарыдағылар. Үйме-үй аралап, мүлік түгендегіш комиссиялар қайда қарады, осы себепті әуелі «кір жеңді» келісімдер жасасып, жемқорлыққа жол бергендер анықталуы тиіс. Мыңдаған жанұядан жаратылған қаржына қайта сұрату – терең һәм кешенді зерттеулерден кейінгі стратегия арқылы жүзеге асуы тиіс амал еді. Егжей-тегжейлі есепке жүйрік комиссия өкілдері мен ауқымды жобаға жауапты ведомство мемлекеттік шарапаты зор шараны жаппай «алаяқтыққа» айналдырғаны үшін, «бір ойлап, жеті кескені» үшін заң мен ел алдында жауап беруі шарт. Қалыптасқан жағдай бойынша, алдағы уақытта айлап алған ақшаны қарапайым отбасы қалай қайтармақ, үкімет белгілеген дедлайннан асырып алса қайтпек? Басы ашық қалып отырған сұрақ көп. Бәрі – салғырттықтың әрі мөлдір-жүйелі алгоритмнің болмауынан, ең бастысы жауапсыздықтан.
Әу баста-ақ министрлік «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» ҚР Заңын басшылыққа ала отырып, алдын-ала тәуекелдер мен «алаяқтық» қауіптерін болжап, тиісінше кешенді нұсқаулық әзірлеуі қажет етін.
Өзі тегін шүлендей шала күйде шашып-таратып алып, ендігі жұрттың желкесінен қағып (я сығып) алмақ ниеттегі үкіметтің әрекеті кеңконтексті әрі байсалды болмағы лазым.
Аспаннан киіз жауғанда алғанын ұлтараққа жаратып қойған жұртқа бергенін бұлдап, қаққанда қанын, соққанда сөлін шығара өндіру – сол отбасы мүшелерінің билікке өштігін тудырып алу мүмкін екенін ескерген жөн. Ең бастысы – күйі келіңкіремейтін не шикі базаның есебіне еріксіз іліккен жазықсыз жандарға амнистиялық, ал қарап жүріп дүния тапқысы келгендердің жайын медиаторлық әдіспен шешкен абзал. Бір-біріне алакөзбен қараған бұл оқиғадан кейін билік те, бұқара да сабақ ала білсе игі еді.