Бұл аптада Еуропа елдерінде аптап ыстық рекордтық көрсеткішке жетеді деп күтілуде. Метеорологтардың болжамына сенсек, Испаниядан тартып Швейцарияға дейінгі бірқатар батыс еуропалық елдерде ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі.
Осы апта басталысымен Франция мен Италияның кейбір аумақтарында күн қатты ысыған. Парижде кешегі күні ауаның орташа температурасы 34 градусқа жеткен және үздіксіз жоғарылап бара жатқаны байқалады. Францияда жоғары температурадан болатын төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары қолға алына бастаған. Елдің білім министрі осы аптадағы барлық емтихан сынақтарын кейінге қалдырған.
Бұндай жағдайлар Италия мен Германияда да қайталануда. Германияның Франкфурт қаласында ауа температурасы 38,2C° жететіні болжанған. Бұл 1948 жылғы рекордты жаңартады.
Еуропадағы бұл ауа температурасы Орталық Азиямен салыстырғанда төмен көрінгенімен жазы салқын болып келетін және айналасын теңіз қоршаған ылғалды ауадағы Еуропа үшін аса жоғары температура. Мамандардың пікірінше, Еуропа елдерінде температураның жоғарылауы Сахара шөлінен келіп жатқан ыстық ауа ағысының әсері. Сондай-ақ, эксперттер Еуропада ауа температурасы климаттың жылынуына қарсы шараларға қарамастан жыл сайын жоғарылап келе жатқанын ескертуде.
Жоғары температура қаланы сумен және электр қуатымен қамту жұмыстарын қиындатады. Алып мегаполистерде аптап ыстық адамдардың өміріне де қауіп төндіреді. 2003 жылғы Еуропа елдерінде болған аптап ыстық шамамен 20 мың адамның жанын жалмаған еді.