Араб елдерінде жүргізілген сауалнамалық зерттеу араб әлемінде дінге деген сенімнің әлсірегенін көрсетті. Arab Barometer жүргізген сауалнама Таяу Шығыстағы 10 мемлекетте жасалды және 25 мыңнан астам палестиналықтар қатысты. Сауалнама аймақтың басты мәселелерін, айталық, миграция, қауіпсіздік және әйелдер құқығы тақырыптарын негіз еткен.

Зерттеу нәтижесіне қарағанда, 2013 жылдағымен салыстырғанда араб елдеріндегі дінге сенбейтін азаматтардың саны көбейген.  Әсіресе, Тунис, Ливия, Алжир, Египет және Марокко елдерінде 2013 жылмен салыстырғанда дінге сенбейтіндердің саны артқан. Ливияда дінге сенбейтін азаматтардың саны 25 пайызды құраса, Тунисте 32 пайызды көрсетеді. Ал, Алжир, Марокко және Мысырда дінге сенбейтіндер саны 2013 жылмен салыстырғанда 10 есе көбейген.

Сауалнама жүргізілген 11 елдегі «дінге сенбеймін» деушілердің ортақ пайызы 5 жыл ішінде 8 пайыздан 13 пайызға дейін жоғарылаған. Тек, бір ғана Йеменде «дінге сенемін» деушілердің саны 2 пайызға көбейген. Аталған  араб елдеріндегі 30 жасқа дейінгілердің 18 пайызы дінге сенбейтіндер болып саналған.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, араб елдерінде әйелдердің құқығы туралы көзқараста да өзгерістер бар екені байқалады. Бір ғана Алжирден өзге елдерде әйелдерді премьер-министрі немесе мемлекет басшысы бола алады деп қарайтындар саны 50 пайыздан жоғары. Алайда, отбасында ер адам басшылық етуді қолдаушылар барлық елде 50 пайыздан жоғары.

АҚШ, Ресей, Түркия басшыларының саясатын қолдау көрсеткіші. Фото: BBC/QT.

Сондай-ақ, сауалнамада АҚШ, Ресей және Түркия басшыларының саясаты туралы баға беру де бар. Нәтижесінде, араб елдерінің басым көпшілігі Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның саясатына жоғары баға берген. Тек, Ливан, Ливия, Мысыр елдерінде ғана Ресей президентін қолдаушылар басымырақ. Ал, Трамп саясаты сауалнама жүргізілген барлық елде төмен көрсеткіште тұр.

Басты қауіп ретінде қайсы елді көрсетеді? Фото: BBC/QT.

Зерттеу нәтижесіне сай, араб елдеріндегі миграцияның басты бағыты тек қана Еуропа емес. Солтүстік Америка, Парсы шығанағындағы елдер, Таяу Шығыс және Солтүстік Африкаға қоныс аударғысы келетіндер де бар. Бұдан тыс, араб елдерінде басты қауіп Израиль және АҚШ деп санайтындардың саны көбірек.

 

“The Qazaq Times”