Кеше, 14 мамыр күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мен Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Сочиде Қара теңіз жағасындағы курортта кездесу өткізді. Келіссөзде екі тарап АҚШ пен Ресей қарым-қатынасын, екі елдің байланыс арналарын қалпына келтіруге уағдаласты.
Кезекті кездесуде державалардың қатысы бар Иран, Солтүстік Корея, Сүрия және Венесуэла тақырыптары да талқыға салынды. Бірақ, екі жақ бұл мәселелерге байланысты алабөтен мәлімдеме мен шешімдер жасаған жоқ.
Бұл сапар Помпеоның мемлекеттік хатшы ретінде алғаш рет Ресейге сапарлай баруы. Ол Ресейдің сыртқы істер министрінен кейін президент Владимир Путинмен де кездесті. Помпео Лавровпен 3 сағат, Путинмен 1,5 сағаттық кездесулер өткізді. Путинмен кездесуде күрделі мәселелер сөз болмаған. Тек, Уашингтонның екі ел қатынасын қалпына келтіруге дайын екенін жеткізді және алдағы "үлкен жиырмалық" саммитінде екі ел басшысының кездесуін жоспарлау туралы тілектерін білдірді. Соның өзінде, «АҚШ Ресейдің адал іс-әрекетке баруын күтеді» дегендей сыңай танытты. Алайда, Путин мен Помпео Украина тақырыбынан айналып өтіп кетті.
«Президент Трамп, бізді екі ел қатынасын жақсартады деп күтетінін анық аңғартты. Бұл екі ел халқына да пайдалы. Менің ойымша, біздің бүгінгі кездесуіміз осы бағыттағы жақсы қадам болды деп есептеймін», – деді Помпео өз сөзінде.
Ал, Сергей Лавровпен болған кездесу біршама салмақты тақырыптарға толы болған.
Помпео бұл жолы Мәскеу билігіне бірнеше талаптарын ашық білдірді. Айталық, АҚШ-тың 2020 жылғы сайлауына аралспауын, қолға алынған украиналық теңізшілерді босатып, Киевпен бейбітшілік мәмілесіне келуге шақырды. Ол сондай-ақ, Венесуэла мәселесі бойынша Мәскеу мен Уашингтон арасында пікір қайшылығы бар екенін, Ресейді Мадуро билігін қолдамауға шақырған.
Иран мәселесі – басты тақырып
Помпеоның Ресей сапары АҚШ пен Ресей қатынасын жақсарту мақсатынан көрі, Иран мәселесінде Ресейдің тамырын басып көруге көбірек жақын. АҚШ үшін көз алдағы ең қызу тақырып – Иран. Себебі, тығырыққа тірелген Теһран (Тегеран) қандай да бір қарулы әрекетке кез-келген уақытта баруы мүмкін. Иран күтпеген жерден қарулы әрекетке баруы өзіне пайдалы немесе зиянды болсын мейлі,
Естеріңізде болса, Помпео Ресей сапарынан бұрын Еуроодақ мүшлелерімен Иран мәселесін талқылау үшін Брюссельге жол-жөнекей ат басын бұрып еді. ЕО мүшелерінің СІМ басшылары үшін күтілмеген сапар болса да, бірқатар негізгі өкілдермен кездесіп те үлгірді. Сол кездесулерде АҚШ мемлекеттік хатшысы Иранды келіссөзге емес, қатерлі әрекеттерге қарай бейімделіп отырғанын сынға алған.
«Сіздердің (Еуроодақ мүшелері) біз тап келіп отырған тәуекелдің қауіп-қатерін толық түсінетіндеріңізге сенімді болғымыз келеді. Кейбір мәліметтерді бөлісеміз», – деді ол еуропалық әріптестеріне. Әрі, Иран басшыларын «Еуропаға бағыттаған шабуыл әрекетіне барды», «Хезболланы қолдады» деп айыптай келіп, Теһран (Тегеран) билігін «қалыпты елдерге сай әрекет етуге» шақырған.
АҚШ-тың жоғары лауазымдылары Иранның Сүриядағы әрекеттеріне көбірек назар аударып отырғаны байқалады. Иранды Сүрия дағдарысының басты себепкері қатарында көрсетеді. Айталық, Иран Сүрияның тұрақсыздығын қалайды. Сол тұрақсыздықты өзінің сыртқы саясаттағы мүдделерін алға жылжытатын алаң ретінде пайдаланып отыр деп санайды. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің Иран ісі жөніндегі арнайы өкілі Брайан Хоке айтқан болатын.
Помпео Сочидегі кездесу кезінде осыны баса көрсетіп, Иранның әрекеті Ресейдің Сүрияда тұрақтылық орнату мақсатына қайшы дегенді алға тартуға тырысты. Дегемен, 2015 жылдан бері Ресей Сүрияға әскер кіргізіп, Башар Асад режиміне негізгі қолдаушы, Иран тарабымен әріптес болғаны белгілі. Бұл ретте Ресейдің Иран туралы қандай да бір жаңа бағыт ұстана қоюы екіталай.
Иран дағдарысы келіссөзден көрі қақтығысқа қарай көбірек аунай түсті. Помпеоның бұл сапарынан байқағанымыз, АҚШ Еуропа елдерін, тіпті бұрыннан Иранмен стратегиялық тығыз байланыстағы елдерді (Ресей секілді) бұл мәселеде өз жағында болуға шақырып жатқандай. Тікелей қолдамаған күнде де, зәуде ғалам қандай да бір қарулы әрекеттер жасалып жатса Иранға қолдау көрсетпеудің кепілдігін алғысы келеді. Бір жағынан бұл Иранның «сенімді серіктерінің» алдынан өту десе де болғандай.
Құрама Штаттың бұл үшін тағы бір орайы бар. Ол болса – бірер аптадан кейін «Үлкен жиырмалық» (G20) саммиті Жапонияның Осака қаласына өтеді. Бұған президент Путин мен Трамп да қатысады. Трамп осыдан бұрынғы мәлімдемесінде, осы саммите ол Путинмен кездесуді жоспарлап отыр. Бұл кездесуде де Иран мен Венесуэла мәселесі басты тақырыпта тұруы бек мүмкін. Себебі, қазір Солтүстік Корея мен Сүрия тақырыбы күн тәртіпте Иран мен Венесуэла мәселесіне орын беріп тұр.