Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Анатолий Антонов ВВС-ге сұхбат беріп, Трамп санкцияларының Мәскеу мен Уашингтон қарым-қатынасына ықпалы, Конгрестегі Роберт Мюллердің баяндамасы, Ресей мен Қытайдың қатысуымен ядролық қаруды шектеу туралы жаңа шарттың жүзеге асуы сынды тақырыптар аясында әңгіме өрбіткен.
Антонов сұхбатында ядролық келісімшарт мәселесінің біржақты қолдау таппайтындығын және Ресей экономикалық, ядролық, дипломатиялық қарым-қатынаста Америкамен тығыз байланыс жасауға мүдделі екендігін айтқан. Ендігі кезекте Ресей елшісінің пікіріне зер салсақ.
«Елші ретінде мен әрдайым негізгі бір жайтты атап көрсетер едім: жетекші ядролық мемлекет көшбасшыларының стратегиялық қауіпсіздік мәселелерін талқылауы өте маңызды. Олардың қаншалықты жиі сөйлесуі әлем халқының соншалықты тыныш ұйықтайтынын білдіреді. Яғни әлем тыныштығы АҚШ пен Ресей қарым-қатынасына байланысты. Дегенмен, Америка – Ресей қарым-қатынасы ушыға түскен сайын, президенттер жиі сөйлеспейтін болды.
Мюллердің Конгресте жасаған баяндамасы – Ресей мен АҚШ қарым-қатынасын ушықтырудың бірден-бір әдісі. Біз әрқашан жақсы байланыстарды қолдаймыз. Атап айтқанда, Ресей Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Николай Платонович Патрушев Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтонмен бірнеше рет кездесті Жақында Уашингтонға СІМ басшысының орынбасары Игорь Моргулов және Ресей президентінің Ауғанстандағы арнайы өкілі Замир Кабулов келді. Олар КХДР, Ауғанстан мәселелерін бірге талқылады.
Ресей тарапы Уашингтонда жиі айтылатын көптеген айыптауларға қарамастан, Сүрия бойынша маңызды әскери байланыстарды сақтауға ниетті. Біздің жауынгер-армия генералы, Ресей Бас штабының басшысы Валерий Герасимов және генерал, АҚШ Штабтар бастықтары біріккен комитетінің төрағасы Джозеф Данфорд Сүриядағы жағдай турасында кездесулер өткізіп тұрады. Баршаңызға белгілі, В.Путиннің Хельсинкидегі бірлескен баспасөз мәслихатында айтқан көптеген идеялары іске асырылмаған. Сол себепті, мен барлық жоспарды қайтадан жасай алатынымызға сенімдімін.
Бүгінгі күні СНВ-3 шартының немен аяқталатындығы шешілген жоқ. Бізде америкалықтар тарапынан осы шарттың кейбір ережелері қалай жүзеге асырылып жатқандығына қатысты проблемалар бар. Жаңа шарт туралы келіссөздердің форматы ештеңе шешпейді. Сарапшы ретінде айтарым, ядролық қарусыздану бойынша ешқандай көпжақты уағдаластық ресми танылған бес ядролық державаның (АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Ресей) қатысуынсыз жүзеге аспайды. Қос тарапқа кәсіби кездесу аса қажет. Келісімшарт аясында екі жақты консультативтік комиссия жұмыс істейді, онда осы шартқа қатысты барлық мәселелер шешіледі. Кездесу Женевада өтеді, бірақ бұл туралы көп айтпаймыз. Кейбір нәтижені жариялау үшін көп жұмыс істеу керек».