Халықаралық Nature журналы Семей полигоны туралы «Қазақстан Кеңес Одағы орнатқан ядролық сынақ зардабын тартып келеді» атты көлемді зерттеу жариялады.

Мақала бірнеше тақырыпшаларға бөлініп, кейіпкерлер сұхбаты да жарияланған. Автор КСРО өзінің ядролық қаруының шама-шарқын тексеріп көру мақсатында Семейде полигон құрғанымен, оның салдарын мүлде ескермегендігін айтады. Полигонның жабылғанына отыз жыл өтсе де, жергілікті халық және табиғат күшін зияны орасан. Аталған материалда: «Полигон маңында өмір сүретін адамдарға қанша жыл өтсе де радиацияның аздаған мөлшерінің өзі кері әсер етеді. Сондықтан қазақстандық ғалымдар сол жердегі халықтың денсаулығы туралы ақпарат жинап келеді. Мәліметтер бойынша, бұл жердегі халықтың рак ауруының көрсеткіші полигон салдары саналады. Сондай-ақ мамандар радиация жүрек-қан тамыр ауруына ұшырататынын, ол ауру өз кезегінде ұрпақтан-ұрпаққа берілетінін анықтады. Семей полигонында ұзақ жылдар бойы ядролық зымыран қозғалтқышының жеке элементтері ғана емес, жер үсті прототипі де сыналған. Бұл өңірде 40 жыл бойы сыналған ядролық зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе асып түседі», – делінген.


1953 жылы 12 тамызда болған термоядролық құрылғының алғашқы кеңестік сынағы. Ол Жапониядағы Хиросимада тасталған американдық бомбаға қарағанда 25 есе көп энергия шығарған. Фото: Nature

Журнал полигон зардабын шеккен Жанар Мұхамеджанованың отбасы жайлы: «Жанар Мұхамеджанова 19 жасында ауру белгілерін сезінген. Систолалық қысымы 160-ты көрсеткен. Бұл медициналық стандарттар бойынша өте жоғары. Жанар өмірінің көп бөлігін қалада өткізсе де, алғашқы жылдары ядролық сынақ салдарынан аса ластанған полигонның маңында яғни Абай ауданында тұрды. Оның ата-анасы да қатты сырқаттанды: әкесі 41 жаста инсульттан қайтыс болды, ал анасы жүрек ауруына ұшырады. Туған аға-әпкесінің қан қысымы жоғары болғандықтан, көп мөлшерде қан жоғалтқан. Мұндай проблемалар жалпы халық арасында салыстырмалы түрде таралған және сәулеленуге ұшыраған адамдар мен олардың ұрпақтары арасында сырқат жоғары болуы мүмкін», – дейді.

Фото: Nature

Кеңес Одағы Семейден 150 шақырым жерде өзінің ядролық арсеналын құрған еді. 1949-1963 жылдар аралығында 18 500 шаршы км жерде ядолық полигон жасалып, онда 110-нан астам ядролық сынақ өткізілді. Қазақстанның денсаулық сақтау органдарының хабарлауынша, радиоактивті жауын 1,5 миллион адамға әсер еткен. Жерасты сынақтар 1989 жылға дейін жүргізілді. Алғашында сынақтар жер бетінде өткізілгенімен, айналаға тигізген зияны ұшан-теңіз болғаннан кейін жарылыстар жер астына көшірілген еді. Сол заманның өзінде радиациядан зардап шеккендердің саны жарты миллион адамға жеткен. Полигонда өткізілген ядролық және термоядролық жарылыстардың жалпы саны – 456. Олардың 116-сы ашық, яғни жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалған. Осы ашық жарылыстардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп еді. Семей сынақ полигонында жүргізілген жарылыстардың салдарынан миллиондаған кісі дертке ұшырап, бақилық болды.

"The Qazaq Times"