Өткен аптада Кеңес одағының Ауғанстаннан әскери шегініс жасағанына 31 жыл толды. Сол тұста Ауғанстанда 18 жылдан бері соғыс жүргізіп келе жатқан. Америка Құрама Штаттары да Ауғанстаннан шығу туралы келіссөздер жүргізіп жатты. Анығында бұл Құрама Штаттардың жауы да, жеңімпазы да анық емес ең ұзақ соғысы еді.
Ауғанстан ежелден алып империялар мен державалардың немесе солардың колонияларының шекарасы болып келді. XІX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас шенінде әлемді бөліске салғысы келетін империялар мен отаршылардың арасында буферлік аймақ болып тұрды. Қазір де Орталық Азия мен Батыс Қытай және Орта Шығыспен шектесетін орнықсыз нүктелердің бірі.
1979 жылы Мәскеу Ауғанстанда коммунистік билікті қолдау үшін әскер кіргізді. 1980 жылдары ауғандық жиһадшылар Кеңес одағының қызыл армиясына қарсы күресу үшін АҚШ-тан қару-жарақ алды және әскери жаттығуларына қолдау алып тұрды. Жиһаlшылардың кейбір тобы «Талибан» қозғалысын құрды. Мәскеу 1989 жылы Ауғанстаннан әскерін шегіндірді. Содан бір мүшел жыл өткеннен кейін «Әл-Кайда» мен тәліптерді «жазалау» үшін Америка Құрама Штаттары ауған жеріне әскерін кіргізді.
Тарихи сәйкестік пе, әлде заңдылық па?! Бұрын Кеңес одағының күштеріне елінен қуып шығу үшін соғысқан, өз еліндегі ресми билікке қарсы қарулы топ қазір де АҚШ-ты елден шығару үшін келіссөздердің басында отыр. Өткен аптаның соңында Ауғанстанның басым бөлегін өз қарамағына алған тәліптер мен АҚШ өкілдері уақытша атысты тоқтату келісімін жасасты. Егер бұл келісім сәтті жүзеге асса, Ауғанстанда тағы бір тарихи шегініс болмақ. Ауғанстан екінші рет өз еліне келген шетелдік әскерді шығарып салмақ. Егер тәліптер уақытша атысты тоқтату келісімін орындай алса, онда америкалық әскерлер түгелдей елден шығып кетеді. Бірақ, бұл шегіністің мәні терең және ол тың бір тақырып.
Айта кету керек, АҚШ 2001 жылы Ауғанстанда «Әл-Кайданы» жойып, «Талибанды» құлату үшін әскер кіргізген. Содан бері 18 жылдан аса уақыт өтті. Бірақ, қазір Ауғанстанда Талибанның билігі бұрынғыдан әлде қайда күшейіп кетті. Қазіргі кезде Мәскеу мен Бейжің де, Уашингтонның өзі де Ауғанстандағы ресми үкіметтен көрі тәліптермен келіссөзге ұмтылып жатыр. Әрине, бұл келіссөз мазмұндарында осы уақытқа дейінгі сол жерде төгілген қан мен шыққан жанның сұрауы қарастырылмаған да. XXI ғасырда қан ең көп төгілген соғыс та Ауғанстандағы соғыс болып есептеледі.