Халықаралық жаңа зерттеу нәтижесі бойынша, ластанған ауаның адамның өмір сүру ұзақтығын орта есеппен 20 айға қысқартатыны мәлім болды. Сондай-ақ, ауаның ластануынан адамдардың өлу мөлшері безгек пен жол апатынан қайтыс болатындардан әлдеқайда көп екені расталды.
Ауғаның ластануына қарсы халықаралық зерттеу мен The State of Global Air study жариялаған мәліметте 2017 жылы бүкіл әлем бойынша 5 млн адам ауаның ластануынан болатын аурулардан көз жұмған. Бұның 1,2 млн адамы үндістандық. Дүние халқында оңтүстік азиялықтар ең лас ауамен тыныстайтындар болып саналады. Бұл жағыдай Қытайда да мәз емес. Бейжің үкіметі ауа ластануының алдын алу шараларын жасап келеді.
Оңтүстік Азия елдерінде ауа ластануы жыл сайын күшейіп келеді. Көптеген қалаларда, әсіресе қыс мезгілдерінде ауаның ластануы қауіпсіздік деңгейінен 30 есеге дейін асып кетеді.
БҰҰ тарабынан былтыр жарияланған мәліметке қарағанда, Жер шары климатының жылынуынан да Оңтүстік Азия елдері көбірек зардап шегуде. Болжамға сенер болсақ, енді 50 жылдан кейін Үндістанның оңтүстігі, Бангладеш, Шри-Ланка жерлерінде адам өмір сүруі мүмкін болмай қалуы мүмкін. Бұл жаһандық массалық миграция қаупін ескертеді.