Өткен аптада өзбек басшысы сауын айтып, бірқатар елдің өкілдерін Тәшкентке жинаған болатын. Олар екі күн бойы Орта Азия мен Оңтүстік Азияның сауда-экономикалық, транзиттік мүмкіндіктерін талқылады. Нәтижесінде, Өзбекстанның Орталық және Оңтүстік Азияның сауда жүйесін ішкі және халықаралық сауда жүйесін тұтастыру туралы жобасы әлемнің назарын өзіне аударды.

Ресей, Қытай, АҚШ және Еуропа Одағы қатарлы 50-ден астам ел мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқан шараның ауқымдылығы туралы айтудың өзі артық. Бұл тіпті Орталық Азияда өткен экономикалық интеграцияларды алға жылжыту бойынша ең үлкен халықаралық конференцияның бірі болып қалды.

Президент Ш.Мирзиеев мәлімдемесінде Өзбекстанның басты міндеті –көршілес елдермен қатынасты нығайту екенін баса белгіледі. Сондай-ақ, өз елін «өзара тиімділік негізіндегі ынтымақтастыққа мүдделі, келісімге адал, таұрақты әрі сенімді мемлекет» деп көрсетті.

Шараға қатысқан Техас А&M университетінің ғылыми қызметкері Едуард Лемонның айтуынша Мирзиеевтың «белсенді сыртқы саясаты» сауданы кеңейтуге, транс-шекаралық тасымалды ашуға көмектесе алады. Дегенмен, күрделі Ауғанстан жағдайын қоса қамтыған аймақтың ішкі мәселелеріне баса назар аударуға тура келетінін ескерткен.

БҰҰ бас хатшысы да Өзбекстанның бұл бастамасын белсенді қолдайтынын, себебі бұл бастамалар сауда байланысын дамытып, өсу және тұрақты дамуға мүмкіндік беретінін айтқан. Гутерриш өзінің видео мәлімдемесінде: «Байланыс тек экономикаға ғана емес, аймақ ынтымақтастығын алға жылжытып, көршілес елдердің достық қарым-қатынасын күшейтеді. Сондай-ақ, бұл бастама Ауғанстандағы бейбітшілік пен дамуды қолдау белсенділігін арттырады, осы бағыттағын ұжымдық жұмыстың маңызын да арттыра түседі», – деген сенімін білдіріпті.

Тәшкендегі шараға тәліптердің барған сайын артып келе жатқан шабуыл қаупіне қарамастан Ауғанстан президенті Ашраф Ғани да ұшып жеткен. Ол конференцияда Ауғанстандағы қайшылықты саяси жолмен шешу ұлттық басымдылық болатынын баса айтқан, соған қоса егеменді, біртұтас, бейбіт және демократиялы Ауғанстанды халықаралық қауымдастыққа қоса, аймақ елдері де мойындайтынын тағы бір рет қайталаған.

Бұдан өзге де елдер мен халықаралық ұйым басшылары Тәшкенттегі конференцияда аймақтың геосаяси тыныс, Ауғанстан мәселесі, алып аймақты тұтастыру бойынша бастаманың маңызы мен кездесуі мүмкін қиындықтары туралы ойларын ортаға салған. Бір сөзбен айтқанда Тәшкеннің кезекті бастамасы Орта Азияның аймақтың жобасы, Оңтүстік Азиямен жалғасқан құрлықтың маңызы бар жоба ретінде әлемнің назарын аударды. Оған қоса бұл жағдайлар Өзбекстанды аймақтың лидерлік орынға ұмтылған мемлекет ретінде әйгілей бастады.

“The Qazaq Times”