Өзбекстан Орталық Азия елдерінің трансұлттық-транзиттік жобасын жүзеге асыру бастамасын көтеріп отыр. Орталық Азия мен Оңтүстік Азия елдерін қамтитын жоба өңірдегі елдердің экономикалық тынысына үлкен әсер ететіні айтылуда. Өзбекстан президент Шавкат Мирзеев Орталық Азия елдерінің жетекшілерін Тәкшкентте өтетін конференцияға да шақырды.

Бұған дейін өзбек елінің премьер-министрі Абдулазиз Камилов өңірдегі елдерді тұтастыратын транзиттік жобаны талқылау үшін Қазақстанға, Түркіменстан мен Тәжікстанға сапарлай барды және бұл жобаға Оңтүстік Азияны қамту үшін Ауғанстанмен де кездесулер өткізді. Мирзеев атынан Тәшкентке шақырған да сол. Сәуір айында өту жоспарланған конференцияның аты «Орталық Азия және Оңтүстік Азия –  өңіраралық байланыстар: Сынақтар мен мүмкіндіктер» деп аталады.

Байқап отырғанымыздай, Өзбекстан ішкі реформалық қадамдарынан кейін ауқымды еларалық, өңіраралық жобаларды жолға қоя бастады. Шавкат Мирзеевтың сыртқы саясатында оңтүстік бағытта қарым-қатынасты күшейту негізгі бағытының бірі болып отыр. Ол өзінің Шаңхай Ынтымақтастық Ұйымының отырысында (былтыр қарашадағы) сөйлеген сөзінде Ауғанстанда тұрақтылық орнатуға қолдау көрсетуге ынтымақтастық мүшелеріне үндеу тастаған болатын. Ол сондай-ақ Ауғанстан тұрақтылығына өңірдегі барлық елдер мүдделі екенін де атап кеткен-ді. Сол онлайн конференция кезінде ол жоғарыда аталған трансұлттық-транзиттік жоба бойынша конференцияға шақыру тастаған.

Көрші өзбек, қырғыз ағайындардың ақпарат құралдарын қарай отырып, ондағы сарапшылардың сәуірде өтетін конференция өңір елдерінің ынтымақтастығын арттырып, Орталық Азия мен Оңтүстік Азияны тұтастыратын транзиттік дәліздер құрылысының бастауына негіз болады деп межелеп отыр.

Бұл арада Өзбекстанның өзінің де түбірлі мүдделерінің жатқанын көруге болады. Елде ішкі реформалардың біртінде әрі сәтімен жүзеге асып келе жатқаны белгелі. 30 миллионнан асатын халқымен Өзбекстанда ішкі өндіріс дамыса оған ауқымды әрі жақын нарық қажет болады. Бұдан ары жақын су жолына жол табатын болса әлем нарығы өзбек тауарларын күтіп тұр. Осы қажеттіліктер үшін Орталық Азиядан оңтүстікке қарай созылып жатқан парсы, пуштум, үрді, араб әлеміне қарай құлаш сермеуіне тура келеді. Ауғанстан арқылы 200 миллионнан асатын халқы бар Пәкістан, одан ары миллиард халқы бар Үндістан нарықтарына жол ашылады. Ауғанстан мен Пәкістан арқылы немесе Түркіменстан, Иран арқылы ең жақын су жолына шыға алады.

Әрине, Ауғанстанды басып өтетін экономикалық дәліздерден барлық ел қауіптенеді. Жылына 3000 мыңнан астам адам қаза тауып, мыңдаған адам зардап шегетін қарулы шабуылдар таңсық болмайтын елден қауіпсіз экономикалық дәліз алу кез-келген мемлекет үшін үлкен тәуекелді қажет етеді. Ауғанстан тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесін Шаңхай Ынтымақтастық Ұйымы жиналысында көтеруі де өзбек лидерінің мүдделі елдерді ортақ жобаға қарай бейімдеуі десе болатындай.

Жалпы, Өзбекстан биылғы жылы Ауғанстанға көмек көрсетуді басты мақсатқа қойып отыр. Бұның артында АҚШ-тың «ақ батасы» тұр. Ауғанстандағы тұрақтылық үшін АҚШ Орталық Азия елдері арасында Өзбекстанға көбірек бүйрегін бұрады. Бір ауған мәселесі емес, Қытай мен Ресейдің ықпалындағы осы аймақтағы елдермен ынтымақтастықта Уашингтон алдымен Тәшкентке көз тастайды. 30 миллионнан асатын және еңбекқор халқымен Өзбекстан Уашингтонға даму үшін, ынтымақтастық үшін сұранып тұрған елдей көрінеді.

Қалай десек те, Өзбекстан бастама көтерген бұл жоба өңірдегі барлық ел үшін тиімді. Кейбір сарапшылар бұл жоба Қырғызстанды қамтымай қалуы да мүмкні деген ойларды айтады. Соның өзінде, бұл ең әуелі орта азиялық интеграцияға қарқын береді. Қала берді, аймақта жаңа экономикалық қозғаушы күш пайда болады. Бұл туризмге де жан бітіретін жаңа орай. Дегенмен, жоба іске асатын болса және өзбек ағайын осы қарқынынан танбаса, тәбиғи ресурстар арқылы қол жеткізген өңірдегі көшбасшылық орынды тапсырып беруімізге тура келеді. Әрине бұған біраз уақыт кетер, дегенмен болып жатқан процестерге бекер қарап отыра беру, қабындай түскен ішкі саяси-әлеуметтік мәселелерді оң жағына шешуге талпынбау «Орта Азия барысының» жүнін жығып, «өз ағасының» соңынан ертіп жіберуі мүмкін.

“The Qazaq Times”