2017 жылдың ең танымал фильмдерінің бірі «Ла-Ла Ленд» — Демиен Шазелл түсірген америкалық трагикомедия жанрындағы мюзикл. Фильмде Лос-Анджелестегі арманшыл жас актрисаға ғашық болған джаз пианошы туралы баяндалады. Лентаның әлемдік премьерасы 2016 жылдың 31 тамыз күні Венециан халықаралық фестивалінде өткізіліп, сол фестивальдің ашылу салтанатында көрсетілген фильм болатын.
Бұл картина «Оскарға» 13 номинация бойынша ұсынылып, оның 6-нан жеңіске жетті. Айта кетсек, бұл жылы ең көп номинациямен қатысқан үздік туынды. Оның ішінде барлық сыншылардың оң бағасын алып, жеңімпаз атанады деп күтілген Миа рөлін сомдаған Эмма Стоун болатын. Көпшіліктің болжамы орындалып Академия «ең үздік әйел рөлі» атағын Эмма Стоунға беруді жөн көрді. Актрисаның табынушыларының қуанышында шек жоқ, сонымен қатар оның осы атақты жеңіп алатынына ешкім де күмән келтірмеген еді.
Актриса RED BULLETIN басылымына берген сұхбатында: «Ең қызығы, Лос-Анджелеске келген адамдардың көпшілігінде бір ғана мақсат болады, әрине, жұлдыз болу. Жүз мыңдаған адамдардың барлығы бірдей арманын іске асырмайды, іске асырғанның өзінде ойлағанындай дәрежеде бола бермейді. Бұл рухани апат. Әрине, мен ешкімге өз арманыңның соңынан ерме деп айтпас едім. Мен өзім арманымның жетегіне ерген жанмын! Жәйменен орындала бастаған ғажайып сәтті жеткізіп айтудың өзі қиын. Бірақ бәріне ортақ бірдей рецепт болмайды. Менде бәрін тастағым келген сәттер де болды, бірақ жолым болды. "Супержаманнан" ("Superbad") кейін 18 жасқа толмай жатып өмірім өзгерді. Тағдырдың жазуы солай шығар» - деп, жеңіске жетудегі құпиясымен бөлісті.
“The Qazaq Times”