Ресей президенті Владимир Путин бір күннің ресми сапармен қырғыз елінде болып қайтты. Ресей басшысын қырғыз президенті Соронбай Жиенбеков (Сооранбай Жээнбеков) «Манас» әуежайынан күтіп алды. Сонымен, бұл сапардың мәні не? Путиннің Алатау асып қырғызға баруындағы мақсаты не?
Қырғыз президентінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл жолғы кездесуде екі ел басшысы 30-ға жуық келісімге қол қойған. Бұлардың қатарында әскери техника мен инфрақұрылымдық жобаларға қатысты келісімдер де бар. Алғашқы жедел түрде өткен кездесуден кейін Мәскеу мен Бішкек арасында кеңейтілген кездесу болған. Келісімдердің дені екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға бағытталғанны айтылады.
Алайда, тағы бір қырынан алып қарағанда Путинның Қырғызстан сапары экономикалық мүдделерден көрі саяси мақсаттары басым деуге болады. Бұның себебі де толық. Биыл маусым айында Қытай басшысы Ши Жинпиң қырғыз жұртына мемлекеттік сапармен келеді деп күтілуде. Қытайдың Орталық Азияда күн санап өсіп келе жатқан ықпалы Мәскеуді алаңдатпай қоймайды. Сондықтан да Путин өзінің позициясын көрсетіп қойғысы келеді.
Мәліметтерге қарағанда, Қырғызстан 2018 жылға дейін Қытайға 1 млрд 719,38 млн АҚШ доллары қарыз. Бұл қаржы соншалықты мол көрінбегенімен, Қырғызстанның экономикасы мен жалпы қуаты жөнінен аз болып саналмайды. Осының өзі Қырғызстанның жалпы сыртқы қарызының 45 пайызына жуық. Оның үстіне 2014 жылмен 2017 жыл аралығында Қытайдың Қырғызстандағы инвестициясы Ресейден 770 млн доллар көлемінде асып түскен. 2017 жылдың өзінде Бейжің қырғыз еліндегі 574 жұмыс орнына инвестиция салған.
Дегенмен, Қырғызстанда Қытай экономикалық басымдыққа ие болғанымен саяси және мәдениет бағытында Ресейдің басымдығы әлі де сақталып тұр. Путин бұл сапарында Қырғызстандағы негізгі салаларды ұстап қалуға бар күшін салғаны байқалады. Оны қол қойған келісімдерінен де білеуге болады. Қырғызстандағы теміржол мен ауыл шаруашылық саласын дамыту туралы келісімдерге көбірек орын берілген.
Қырғыздың темір жолы Ресейге сатылып жатыр деген сөз бұған дейін де айтылып келген. Бірақ, оны Бішкек билігі теріске шығарып, Ресеймен теміржол саласында келісімдерге қол жеткізу үшін жұмыс істеп жатқанын алға тартқан. Ал, Қытай да Қырғызстанда Өзбекстанға дейін жалғасатын темір жол жобасын жүзеге асыру ниетінің бар екені белгілі. Путиннің бұл сапарда темір жол саласында келісімге отыруы Қытай ықпалына қарсы позициясы деуге негіз бар.
Әрине, Грузия мен Армения, Украина мен Балтық жағалауы елдері Ресейдің ықпалынан алыстап Батысқа бет бұрды. Ал, Орталық Азияда Қытайдың экономикалық ықпалы жедел, саяси ықпалы баяу осып келеді. Путиннің Қырғыз сапарындағы басты мақсаты да осы жағындағы іргесін бекіту екені мәлім. Бұл ретте, Ресей мен Қытайдың Орта Азияға ықпалы өз алдына, өңірдегі елдердің өз күшін, позициясын қалыптастыру аса маңызды. Алайда, бұл жағында іргелес қырғыздың билігі осалдық танытып келе жатқанын қалай жасырайық.