Сүрияның солтүстігіндегі күрд күштері «Ислам мемлекеті» террорлық тобының тұтқынға түскен мүшелерін жауапқа тартатын халықаралық сот құруды талап етуде. Бұл туралы Күрд админстрациясының мүшесі Абдул Карим Омар BBC-ге жасаған мәлімдемесінде айтқан.
Өткен аптада «Сүрияның демократиялық күштері» АҚШ әуе күштерінің және Күрд қарулы күштерінің қолдауында «Ислам мемлекеті» ұйымы бақылауындағы соңғы тұрақты талқандады. Күрд қарулы топтары қолға түсірген жиһадшылар арасында 50-ден астам елден келген мыңнан астам шетелдіктер бар. Бұл елдердің көбі өз азаматтарын кері қайтарудан бас тартуда.
Жыл басында тұтқындалған 5 мыңға жуық жиһадшы абақтылар мен лагерлерде ұсталуда. Ал, әйелдер мен балалар арнайы орталықтарға жеткізілген. Хабарға қарағанда, соңғы шайқаста қолға түскен жиһадшылардың отбасы мүшелерінің саны 9 мыңнан асады. Балалардың көбі күрдтер жағынан құрылған әл-Холдогу лагерінде бақылауда. 20 мың адамға арналған бұл лагерде қазір 70 мыңға жуық адам бар.
Дүйсенбі күні АҚШ-тың Сүрия ісі жөніндегі арнайы өкілі Жеймс Жеффери бұл туралы мәлімдеме жасап, бір жайлы ету жұмысының негізгі бағыты тұтқындалған жиһадшыларды өз елдеріне қайтару екенін айтты. Ол және қазірше халықаралық сот құру ісі талқыға салынбағанын айтқан.
Халықаралық тәжрибеде мұндай соттардың құрылуы дау-дамайға ұласқаны бар. 1990 жылы Боснияда, 1994 жылы Руандада құрылған халықаралық сот табысты болмады. 2002 жылдан бері Гагадағы сот жұмыс істеп келеді. Алайда, Сүрия бұл еларалық соттың шешімін мойындаған емес. Оның үстіне сарапшылар қазіргі Сүрия жағдайында, әсіресе елдің солтүстік-шығысына халықаралық сот құру мүмкін емес екенін айтады.
Бұның да көптеген себебі бар, соның бірі – Күрд администрациясы. Бұл ресми ұйым немесе үкімет ретінде халықаралық деңгейде мойындалмаған. Түркия, Сүрия, Иран, Ирак оның ресми мойындалуына тіс-тырнағымен қарсы. Екіншіден, халықаралық сот құру көп уақытты алады. Бұдан басқа да толып жатқан себептер жеткілікті.
Орта Азияда Қазақстан ғана бұрынғы өз азаматтарын елге қайтаруға ниетті. Қырғыз бен өзбек билігінің бұған құлқы аз. Жыл басында Қазақстан тарабы 50-ге жуық азаматын елге қайтарып келді. Олардың 30 бала және 11 әйел бар. Ендігі басты мәселе оларды қалай тәрбиелеу және экстремизмнің таралуын қалай тізгіндеу? Бұл турасында Қазақстан өзіндік тәжірибелерді қолдануда. Дегенмен, көршілес елдердің Сүрияға кеткен жиһадшылары да елімізге жаңа қауіп болуы да мүмкін.