Бүгін Алматы қаласында бір топ белсенді "Нұр Отан" партиясы ғимаратының алдында наразылық акциясын өткізді.
Астана қаласында «Нұр Отан» партиясының кезекті құрылтайы басталған уақытта Алматыдағы «Нұр Отан» ғимаратының алдында бір топ белсенді өз наразылықтарын білдірді. Наразылық акциясына қатысқан белсенділердің бірі, көп балалы ана Дариға Абажанова өзінің бұл шараға не үшін қатысқандығын былай деп түсіндіреді:
«Бағана бізді итеріп, жұлқылап машинаға салып алып кетті. Біз билікке өкпемізді айтқымыз келді... Маған ешнәрсенің керегі жоқ. Маған Назарбаевтың кеткені жақсы, биліктің өзгергені жақсы»
Наразы топтың талаптарын тыңдауға шыққан Алмалы ауданының әкімі Бекқали Торғаевтың сөзінше, «Нұр Отан» партиясы ғимаратының алдына жиналған халықтың митинг өткізуі заңсыз. Себебі олар шаһар басшылығынан шеру өткізуге байланысты рұқсат алмаған.
«Мен осы жерде тұрғанда ресми түрде ескерту жасадым. Өйткені біздің өзіміздің қолданыстағы заңнамаға байланысты, бұлар осындай шеру, жиналыс немесе демонстрация өткізу үшін олар міндетті түрде заң бойынша өтініш жазуы керек... Егер қабылдауға келсе мен дайынмын. Ал сырттағы шара заңсыз болғандықтан мен оларға ескерту жасадым. Ары қарай құқық қорғау органдарының ісі...» - деп мәлімдеді Торғаев мырза журналистер сауалына берген жауабында.
Митингіге қатысқан белсенді Ергеш Есмырза өзін ҰҚК қызметкерлерінің нұсқауымен ұстап алып кеткендігін және полиция бөлімшесінен шыққаннан кейін, «Нұр Отан» партиясына қайтып келмек болған бірнеше адамды тәртіп сақшылары екінші мәрте ұстағандығын айтты.