Жұмыссыздық – бүгінгі қоғамда күн тәртібінде тұрған мәселе. Қазақстандағы жұмыссыздық төңірегінде айтылар әңгіме көп. Аталған проблема қоғамға жабысқан бітеу жара десек, оның әлі де нақты шешімін таппай тұрғандығы әлеуметтік жағдайдың қаншалықты деңгейде екендігін айқындап береді.
Әлемдік ақпарат көздеріне сүйенсек, жұмыссыздықты табиғи мөлшер деңгейін белгігі экономист Дж. Кейнс 3-4%, М. Фридмен 5-6% деп белгілеген. Егер пайыздық көрсеткіш бұл цифрлардан асып кетсе, елде қаржылық дағдарыс пайда болады. Енді Қазақстандағы статистикаға мән беріп көрелік.
2002 жылдың қаңтарында ресми тіркелген жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халықтың 3,7%-ы болды Өткен жылдың екі тоқсанында Қазақстанда 86 мың жас жұмыссыз жүрген. Мәліметтерге сай, жұмыссыз жастардың басым бөлігі – Алматы қаласында. Нақты саны – 15 500 адам. Екінші орында тұрған Түркістанда 8 700 адам жұмыссыз. 7200 жұмыссыз жасы бар Қарағанды облысы үшінші орынға жайғасқан.
Қазіргі уақытта екі қолға бір күрек таппай сенделген жастардың басым бөлігі өз мамандығы бойынша қызмет етпейді. Жастар жұмыссыздығы шешімін табуды қажет ететін өзекті мәселелердің біріне айналды. Негізінен Қазақстандағы жастар арасындағы жұмыссыздық елдегі жалпы жұмыссыздық деңгейі бойынша жоғары көрсеткішке ие. Ал экономикалық дағдарыс кезеңінде жастар халықтың осал тобына қосылады. Статистика бойынша, елде көтерме және бөлшек саудада жұмыс істейтін жастар 16,5%. Ал құрылыс саласы мен басқа жалдамалы жұмысқа жегілген жастардың қарасы қалың. Жалдамалы жұмыста істейтіндердің көпшілігі экономика, заң саласын тәмәмдаған жастар. Айлық жалақы шайлыққа жетпейтін мөлшерде болғандықтан, неғұрлым жалақысы көп орын іздеп, шетелге кеткендер саны жыл санап артқан. Мәселен, 2015 жылы Қазақстаннан кеткен мигранттар саны 30 мыңнан асса, 2014 жылы 28 мың адам болған. Олардың дені – Германия, АҚШ, Ресейге қоныс тепкен. Ал 2016 жылы 34 965 адам шетел асып кеткен. 2018 жылдың басынан бері 7000-ға жуық отандасымыз өзге елдің тұрғынына айналған. Шетке ағылған қандастарды сөзге тартқанда, елдегі материалдық жағдайдың төмендігін, қызметке орналасу барысында тамыр-таныстықтың барынша жоғары рөл ойнайтынын және өзге де әлеуметтік проблемаларды алға тартады.
Қорыта айтқанда, жұмыссыздық мәселесі – бүкілғаламдық тенденция. Егер елдегі халықтың өмір сүруі, сатып алу қабілеті, ең төменгі жалақы деңгейі шетел валютасымен есептейтін болсақ, өте төмен. Биліктегі шенділер орташа жалақы 180 мыңнан асады деп сендіргенмен, шынтуайтына келгенде 40-50 мың шамасында айлық алатын отандастар жеткілікті. Жоғарыда аталған пікірлер мен статистикалық мәліметтерді қорытындылай келе, Қазақстанда жастар үшін жағдайдың толық жасалмағандығын аңғарамыз. Ал жұмыссыздық – мемлекеттегі даму деңгейінің айқын көрінісі.