Өткендегі үкіметтің кеңейтілген отырысында қарамағындағылардың барлығының апшысын қуырған президент Н.Назарбаев Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысына оң бағасын беріп, басқа бағыттарда да осылай жұмыс істеуді үлгі етуді тапсырды. Президент дәрі-дәрмекті ашық есептеуді енгізу тәжірибесі бюджет қаражатын 26 миллиард теңгеге үнемдеуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
Цифрлы технологияны қолданысқа енгізу нәтижесінде сатып алу тәртібін ашық (тікелей эфир) жүргізіле бастаған. Ендігі жерде алыпсатарлардың дәрі-дәрмек бағасын шарықтатуларына жол жоқ. Биылғы жылдың 9 қаңтарында жарияланған «Кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енбек. Дәрі-дәрмекті жеткізумен және сатумен айналысатын ұйымдар заңды белден басып, бағаны белгіленген сомадан көтеріп сатса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады, тіпті лицензиясынан айырылады.
Алайда осы аптада астаналық тұрғындар әлеуметтік желіде дәрі бағаларының бірден қымбаттағанын жаза бастады. Демек, алыпсатарлар жаңа заң күшіне енгенше дәрі-дәрмек бағаларын көтеріп, қалталарын қампайтудың қамына кіріскен. Өйткені жаңа жарияланған Заң күшіне үш айдан соң күшіне енеді. Осы үш ай аралығында дәрі бағалары әлі де қымбаттайтыны анық.
Қазақстан дәрі шығара ма?
Қазақстан импортқа тәуелді. Еліміздегі дәрілердің 90%-ы шетелден келеді, тек 10% өнім өзімізде өндіріледі екен. Президент бұл көрсеткішті 40-50 пайызға көтеруді ұсынды. Оны жүзеге асыру үшін алдымен өзімізде жасалып жатқан дәрілерді анықтап, сапасын бақылауға алып, айналымға шығару қажет. Алайда, отандық дәрілерге күмәнмен қарайтындар да жетерлік. Халық пайдасынан зияны көптеу шетелдік дәрілерге шығынданып жатады, өйткені олардың жарнамасы жүріп тұр, ал жарнамасы жоқ отандық дәрілер тасада қалып отыр. Ал өзімізде жасалған дәрінің бағасы әлдеқайда қолжетімді болар еді. Өйткені сырттан келетін дәрілерді доллармен сатып аламыз, оның үстіне елге жеткізу үшін тасымалмен айналысатын жеке фирмалар өз қызметтерінің құнын, шығындарын және қосады. Осылайша дәрі бағасы шарықтап шыға келеді.
Бағаны кім реттейді?
Елімізде тіркелген 8 мыңнан астам дәрінің бүгінде 2 мыңынан аса түрінің бағасы бекітіліпті. Қазақстанда тіркелген, министрлік бекіткен дәрілердің бағасы туралы мәлімет министрліктің ресми сайттарында жарияланады. Ал тұрғындар дәрі туралы ақпаратты мобильді қосымша арқылы біле алады. Алған дәрініңіз бекітілген бағадан қымбат болса, тікелей Фармация комитетіне шағымдана аласыз. Дәрі бағасындағы заңсыздықты реттеуде 1439 байланыс орталығы жұмыс істейтін болады. Дәрі бағасы жылына екі рет, шілде және қаңтар айларында бекітіледі. Алдағы уақытта Қазақстан халқы дәрі-дәрмекті министрлік бекіткен бір бағада сатып алатын болады.
Десе де теңгенің құнсыздануы салдарынан өсіп бара жатқан базар бағасы министрліктің құзіретіне қаншалықты бағынады оны алдағы уақыт көрсетеді.