ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустың күзде болуы мүмкін жаңа толқынына дайындық туралы мәлімдеді.  Оның айтуынша, қазан айында 13 жаңа модульді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Қазір мекемені жабдықтауға арналған құрал-құрылғылар сатып алынып жатқан көрінеді.   

«Коронавирустық пандемия аяқталған жоқ (алдыңғы жазбаларының бірінде тамыздағы ахуалды «постпандемия» кезіндеміз деп сипаттаған – QT). Біз қазан айында ЖРВИ және тұмау маусымына тұспа-тұс келетін жаңа толқынға дайын болуымыз керек. Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп алдағы күзгі-қысқы кезеңге белсенді дайындалып жатыр. Еліміздің дәріханаларына 10 миллионнан астам дәрі-дәрмек қаптамасы жеткізілді, Бірыңғай Дистрибьютор операторы медициналық ұйымдарды ай сайын дәрі-дәрмекпен қамтып келеді. Сондай-ақ, 30 қыркүйекке дейін 24 млрд теңге қаржыға қосымша екі айлық қор жеткізу жоспарланған. СК-Фармация  жанынан 11 аймақтың тұрақтандыру қорларының негізінде Республикалық тұрақтандыру қоры құрылды», – деп жазды министр Facebook парақшасында.

Алексей Цой ұсынған дерекке сенсек, елдегі ауруханаларға 2578 дана ӨЖЖА құрылғысы сатып алынып жатыр. Сонымен қоса, 23 890 төсек-орын оттегі қорымен қамтылмақ.  Бұған демеушілер мен Дүниежүзілік банк қаржысы жұмсалған. Бірақ нақты көлемі айтылмаған. Екі аптадан бері журнлаистердің алдына шықпаған Цой қазан айына дейін барлық аудандық аурухананы 100%-ға сандық рентген-аппаратымен қамтуға уәде берді. Алайда министр ел әбден зар болған құрылғылардың жалпы бюджеті қаншаға шыққаны нақтыламады.

Министр жаңа тағайындалған тұсында (маусым-шілде) өршіген эпидемияны есте сақтайтынын жазып, ол кезде Қазақстанның медицина саласы нөпірлеген науқасты игере алмағанын мойындады.

Ертеңгі күні осы жағдай қайталанбас үшін ведомствоаралық комиссия көктемде Алматы, Шымкент қалалары мен астанада ашылған модульді ауруханаға ұқсас, жиыны 2,7 мың орынға шақталған тағы 13 жұқпалы аурухана салуға шешім шығарды.  Бұлар Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында бой көтермек.

Шенеуніктің сөзінше, облыс әкімдіктері жер телімдерін бөліп қойған. Қазіргі таңда құрылысқа жауапты мердігерлерді таңдау рәсімі жүріп жатыр екен. Ал қаржыландыру жағы «Жол картасы және жұмыспен қамту картасы» бағдарламасы мен жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады-мыс. Әр аурухананың  құнын облыс әкімдігі өз бетінше анықтайды әрі жергілікті билік «осы ауруханалардың штаттық кестесін уақтылы қалыптастыру бойынша» жұмыс істемек.

Ол «қабылданған барлық шаралар пандемия кезінде медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсартып, дәрігерлер мен науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеріне» сенімді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов сейсенбіде үкімет отырысында 13 жаңа инфекциялық аурухананың құрылысы туралы, вице-министрі Серік Шапкенов  «Жол картасы» есебінен биыл салынатынын хабарлаған. Көктемде қолданылысқа берілген үш мегаполистегі осы тектес аурухананың әрқайсына 5 млрд-тан астам теңге жұмсалған (әр пациентке 20-25 млн теңгеден шығады). Десе де күрең күзде, эпидемия өршитін маусым қарсаңында қолданысқа беру жоспарланған жаңа 13 аурухананың жалпы және жекелей бюджеті белгісіз.

Ең алғаш қолданылысқа белірген модульді аурухананың бірі елордада. 23 сәуір 2020 жыл. Фото: primeminister.kz

"The Qazaq Times"