Жақында американ тарихшысы, Америкадағы Мэриланд-Колледж Паркі университеті тарих профессорының ассистенті Сара Кэмеронның «Аштық жайлаған дала, зорлық-зомбылық және Кеңестік Қазақстанды құру» атты зерттеу еңбегі жарық көрген еді. Бұл еңбекте ол ашаршылықтың қазақтардың көшпелі өмір салтын жоюға себеп болғанын әрі геноцид деп танылған Украинадағы ашаршылықпен салыстырғанда қазақ халқының көп зардап шеккенін айтады. Алайда, қазақ даласындағы ашаршылықтың әлі күнге дейін геноцид деп мойындалмауына не себеп болуы мүмкін? Осы орайда автормен сұхбаттасқан едік.
Сіздің Қазақстандағы ашаршылық тақырыбын зерттеу мақсатында Қазақстанда тұрып, қазақ тілін үйренгеніңіз белгілі. Неліктен университеттегі зерттеу тақырыбы ретінде Кеңестер Одағы мен Қазақстанды таңдадыңыз?
Мен бакалавр дәрежесін алған соң, 1999-2001 жылдар аралығында Ресейде тұрдым. Сол Ресейде жүрген кезімде Кеңес тарихына қызығушылығым оянды. Нақтырақ айтсам, Ресейдің Қиыр Шығысындағы Владивостоктан төрт сағаттық жерде тұрып, бастауыш сыныптың оқушыларына ағылшын тілінен сабақ бердім. Жергілікті жерде Кеңестік кезең мұраларының әлі де сақталып, күнделікті өмірге әсер етуі мені таң қалдырды. Содан соң Америка Құрама Штатына оралып, Йель университетінде Кеңес тарихын зерттеп, докторлық дәрежесін алуды мақсат еттім.
Йель университетінде өзімнің тақырыбыма сәйкес Кеңес және Ресей тарихы туралы курстарыма қосымша Таяу Шығыс тарихына да қатысты сабақтар алдым. Аталған жоғары оқу орнында Орта Азияны зерттеп жүрген маман болмағандықтан, мені Кеңес Одағының шығыс аймағы, әсіресе Орталық Азия тарихы қызықтыра бастады. Сол кезеңде Батыс ғалымдары тарапынан Кеңес кезіндегі Орта Азия зерттелмеді әрі ешқандай мақалалар жарияланбады. Жарияланған күннің өзінде олар тек Өзбекстанмен байланысты болды. Осылайша, менің назарым Қазақстанға түсті, өйткені, жоғарыда атап өткендей Батыс ғалымдарының тарапынан тыс қалды, сонымен бірге, мұрағаттан материалдар мен құжаттар алу жағы қолжетімді болуы себеп болды. Яғни, мемлекеттік мұрағаттар, бұрынғы партия мұрағаттары да (қазіргі «Президенттік мұрағат») зерттеушілер үшін ашық.
Жақында жарық көрген «Аштық жайлаған дала, зорлық-зомбылық және Кеңестік Қазақстанды құру» атты кітабыңыз Қазақстандағы ашаршылық жайында ағылшын тілінде жарық көрген бірден-бір ғылыми зерттеу болып табылады. Әсіресе, сіздің еңбегіңіз арқылы қазақ даласындағы ашаршылық мәселесі енді әлемнің де назарын аудартпақ. Кітап туралы айтсаңыз.
Бұл кітап он жылдық еңбектің жемісі. Алғашында, осы тақырыпта диссертация жазып шықтым. Әдетте, Америка Құрама Штаттарындағы академиялық тарихшыларға еңбегін кітап етіп басып шығару үшін тақырыпты одан әрі бірнеше жыл зерттеп, жетілдіріп, толықтыруы қажет. Сол себепті мен де бірнеше жыл бойына диссертациямды қайта қарадым. Сонымен бірге, аштық тақырыбын зерттеу үшін мен орыс тілімен қоса қазақ тілін үйрендім. Сондай-ақ, екі жыл бойына Қазақстан мен Ресейдің архивтері мен кітапханаларында жұмыс істедім.
Жалпы бұл ашаршылық жайлы кітапты мен Ресей империясының соңғы жылдары және сол тұста орын алған өзгерістермен бастаймын. Мәселен, көптеген шаруалардың (крестьяндардың) қазақ жеріне қоныс аударуы қазақтардың көшпелі тұрмысын өзгертіп, олардың ашаршылық кезеңдегі жағдайының одан бетер нашарлай түсуіне әкеліп соқты. Содан соң мен кеңестік билік пен Сталиннің қазақ көшпенділерін ұжымдастыру мақсатында күштеп модернизациялау жобасы арқылы қазақ даласына билігін күшейтуге тырысқан кезең туралы баяндаймын. Кітап ашаршылықтан кейінгі 30-шы жылдардың ортасындағы республиканың экономиканы қайтадан жандандырып, дамытуға бағытталған бастамасымен және іс-әрекеттерімен аяқталады. Сондай-ақ, кітап соңында үкіметтік және партиялық мұрағаттардан тапқан құжаттардан бөлек ел аузынан естіген тарихи әңгімелер мен естеліктерді келтіремін.
Мен зерттеу жұмысымды былай деп түйіндер едім. Біріншіден, 1930 жылдардағы ашаршылық нақты шекарасы бар әрі кеңестік экономикалық жүйенің ажырамас бөлігі болып табылатын Кеңестік Қазақстанның құрылуына алып келді. Сондай-ақ, ашаршылықтан кейін пасторлық көшпелі өмір салтын ығыстырған жаңа қазақи ұлттық болмыс (new Kazakh national identity) пайда болды. Осыдан бастап қазақтар өздерін әлеуметтік топ немесе пасторлық көшпенді өмір салтын ұстанатын халық емес, олар өздерін ұлттық топ ретінде ойлай бастады.
Алайда, басқа жағынан алғанда, Мәскеу өз мақсаттарына толығымен қол жеткізе алмады. Ақыр соңында, Қазақстан да, қазақтар да Мәскеу күткендай Кеңестік жүйемен біріккен жоқ. Шындығында, қазақтар ашаршылықтың зардабын кеңес үкіметі тарағанға дейін тартып келді. Нәтижесінде, сол кеңестік жүйе салған «тыртықтар» 1991 жылы тәуелсіздік алуға сеп болды.
Осыдан үш ай бұрын The Wall Street басылымында жарияланған мақалаңызда қазақ даласындағы ашаршылық Украинамен салыстырғанда әлдеқайда қатты болды деп жазыпсыз. Айырмашылығы неде?
Иә, батыста Қазақстанда болған ашаршылықтан көрі Украинадағы ашаршылық белгілі. Себебі батыстағы белсенді украин диаспорасының арқасында Украинадағы ашаршылық мәселесі кеңінен насихатталған. Украиндық кейбір ғалымдар Украинадағы орын алған жағдайдың геноцид екендігін, сондай ақ, этникалық топ ретінде украиндықтарға қарсы шабуыл жасалғанын дәлелдеу мақсатында оларға көрсетілген азаптардың «ерекше» екенін атап көрсетуге тырысуда. Олар ұжымдастыру кезеңінде тек қана украиндықтарға қарсы осындай қастандық жасалды дегенді алға тартады.
Алайда, Украинадағы ашаршылық туралы жасалған мәлімдемелер шындықтан алыс, расымен де болған жағдаймен сәйкес келмейді. Ашаршылық жылдары украиндар секілді қазақ халқы да кеңес үкіметі тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырады. Мәселен, ашыққан адамдардың шекара арқылы басқа елге қашып кетпесі үшін шекаралардың жабылуы, аштыққа ұшыраған тұрғындарды қала аумағына жақындатпау, сондай ақ, аштықтан зардап шеккен аудандардың қара тізімін жасау. Әсіресе соңғысы қазақтарға жасалған қастандықтың зоры болды десек артық айтқандық емес.
Сонымен қатар, Мәскеу Қазақстанда да қатыгез, адамшылыққа жатпайтын іс әрекеттерге барды. Атап айтқанда, Қазақстан Қытай шекарасында мыңдаған аш қазақты малша қыруы, аш қазақты өз жерінен, жайлауынан қуып шығуы, осының бәрі Украинада болмаған Карлагтың құрылуына алып келді. Ал, мұндай лагерь Украинада болған емес.
Шын мәнісінде, украиндықтармен салыстырғанда ашаршылықтан қазақтар көп қасірет шекті. Ашаршылықтың салдарынан қазақтар мәдени трансформацияға ұшырады, көшпелі өмір салтын жоғалтты. Ал, украиндықтар одан аман қалды.
Өткен жылдың мамыр айында "Жаңа Қазақстан" қозғалысы "Қазақстандағы ашаршылықты геноцид деп қабылдау" атты меморандум жариялады. Олар қазақ даласындағы ашаршылықты адамзатқа қарсы жасалған қастандық деп танып, геноцид екендігін мойындауды ұсынды. Сіздің ойыңызша, Қазақстандағы ашаршылық геноцид ретінде мойындалуы мүмкін бе?
Жалпы, геноцид мәселесінде мұндай сұраққа жауап беру оңай емес. Себебі, геноцид "қылмыстардың қылмысы" боп саналады. Көпшілік белгілі бір жағдайдың геноцид деп танылмаса, моральдық ең жоғарғы айыптауларға қол жеткізе алмайды не лайық емес деген ойда. Алайда, мен кітабымда мұндай түсіндірмелермен келіспеймін.
Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан қабылданған геноцидтің анықтамасы өте күрделі. Ол анықтама көптеген Қазақстандағы ашаршылық секілді маңызды кейстермен сәйкес келмейді. Қазақстандық жағдайда біз БҰҰ-ның анықтамасында көрсетілгендей, ашаршылықтың "ұлттық, этникалық, нәсілдік немесе діни топты тұтастай не жартылай жойып жіберу ниетін көрмейміз. Қолдағы бар дәлелдер режимнің этникалық қазақтарды жойып жіберуге тырысқандығына дәлел бола алмайды. Алайда, Қазақстандағы ашаршылық геноцидтің "мәдени, саяси және әлеуметтік жою" деген кең ауқымдағы мағынасына жауап береді. Мәскеу ұжымдастыру арқылы қазақ мәдениетінің ерекшелігі саналған көшпелі өмір салтын жоюға тырысты.
Дегенмен, Қазақстандағы ашаршылықтың геноцид анықтамасымен сәйкес келмеуі - бұл зұлымдықтың назардан тыс қалуы керек дегенді білдірмейді. Керісінше, тек геноцидтің анықтамасына жауап беретін қастандықтардың назарға ілігіп, ал саяси процестен туындап, адамзаттың өміріне қауіп төндіріп, қырғынға ұшыратқан Қазақстандағы ашаршылық неліктен назардан тыс қалуы керек? Міне, біз осы бағытта ойлануымыз керек.
АҚШ сенаты Украинадағы ашаршылықты геноцид деп мойындады. Тіпті, өткен жылы БҰҰ-ның 73-сессиясында Украина президенті Порошенко Украинадағы ашаршылыққа қатысты декларация қабылдауды ұсынды. Қазақстан неліктен мұндай шешімдер қабылдай алмайды? Не кедергі болуы мүмкін?
Негізі мен саясаттанушы емес, тарихшымын және де зерттеп жүрген тақырыптарымның басты бөлігі де осы тарихпен байланысты. Алайда, сіздің сұрағыңызға сәйкес бірнеше болжамдар жасап көрейін. Жалпы, Қазақстан мен Ресей тығыз қарым-қатынаста. Сол себепті, Назарбаев үкіметі ашаршылық мәселесін көтеруде Ресеймен қарым-қатынасын бүлдіріп алудан қорқады. Ал, басқа қазақтар үшін ашаршылық мәселесін ашық талқылау Кеңес кезінен қалған мұраларға көлеңке түсіру боп саналады, өйткені көпшілігі Кеңес үкіметінің Қазақстанға жасаған жақсылығы көп деп ойлайды.
Зерттеу барысында бұрын соңды жарияланбаған қандай деректерге кезіктіңіз? Ресейдегі архивтерді ақтардыңыз ба? Зерттеу кезінде қандай кедергілер болды?
Мемлекеттік мұрағаттар мен Қазақстандағы Президенттік мұрағаттың қызметкерлері зерттеу жұмысыма өте көп көмектерін тигізді. Қазақстандағы Президенттік мұрағатында жақында ашылған қор 719 бөлімінен көптеген құнды материалдар таптым. Мұндағы ашаршылыққа қатысты құжаттар кітабым үшін маңызды деректердің көзі болды.
Мен Қазақстанда жүргізілген зерттеулермен қатар, бірнеше ай бойы Мәскеу архивтерінде де зерттеу жұмыстарын жасадым. Алайда, Мәскеуден көрі, Қазақстандағы мұрағаттар өте пайдалы болды мен үшін, өйткені, олар қолжетімді еді. Мәскеуде зерттеушілерге пайдалануға тыйым салынған құжаттар Қазақстанда қолжетімді. Өкінішке орай, мен Қазақстанда да, Ресейде де құпия полицияның мұрағаттарына қол жеткізе алмадым.
Алайда, зерттеу барысындағы ең басты кедергі мұрағаттардағы материалдардың жетіспеушілігі емес, себебі, аталған архивтерден ашаршылыққа қатысты көптеген ресми құжаттарға тап болдым. Бірақ, мен үшін ең қиыны - ашаршылық тарихын адамдар тарапынан баяндап берушілердің жоқтығы, естеліктер, ауызша айтылатын материалдың аздығында. Дегенмен, аз болса да ауызша жазып алған материалдар, естелік әңгімелер менің зерттеу жұмысымның маңызды бір бөлігіне айналды. Олардың көмегімен ашаршылықтың Қазақ қоғамын қалай өзгерткені жайында айта алдым.
Болашақ жоспарларыңыз қандай? Сіз Қазақстан туралы зерттеуді жалғастырасыз ба?
Иә, мен Қазақстанды зерттеуді жалғастырамын, алайда, зерттеу бағытымды аздап өзгерттім. Болашақта Қазақстан мен Украинада болған ашаршылықты салыстырып, мақала жарияламақпын. Әдетте, бұл екеуі екі бөлек зерттелуі тиіс, алайда, екі елдегі ашаршылықты салыстыру арқылы мен ұжымдастыруға деген көзқарасты өзгертемін деп ойлаймын. Ал, келесі кітабымда Кеңес дәуіріндегі Арал теңізінің трансформациясын зерттеуді жоспарлап отырмын. Арал теңізінің дағдарысы да Қазақстандағы ашаршылық тақырыбы секілді Батыста аса танымал емес. Алайда, осы тақырыпты зерттеу арқылы көптеген маңызды мәселелердің басы ашылады деген сенімдемін. Мәселен, Кеңес Одағының құлдырау себептері мен Кеңес кезеңінің соңғы жылдарындағы Орта Азиядағы ұлтшылдықтың қарқынды дамуының алғышарттарын табуға септігін тигізеді. Сондай-ақ, ол қазіргі ғаламды алаңдатып отырған климаттың өзгеруі мен суды пайдалану мәселелерін шешуде ықпалын тигізеді деген ойдамын.
Сұхбатыңызға рахмет!