Бүгін Алматы қаласында «Ел аманаты» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Құжатқа құрықталған қандастар» атты баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға азаматтық белсенді Еркін Рақышев, Саяхат Әсімхан, Рысбек Тоқтасын және Гүлнұр Тәлім қатысты.
Баспасөз мәслихатында бірлестік мүшелері Қытайдан келген қандастарымыздың құжаттық мәселелерін көтеріп, оралман куәлігі, ықтияр хат, Қытай паспорты сияқты құжаттардың уақыты өтіп кеткендіктен азаматтық ала алмай жүрген қандастарымыздың жанайқайын БАҚ өкілдеріне айтты.
Ел аманаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Рысбек Тоқтасын: «Бүгінде отандастарын еліне шақырып жатқан әлемдегі үш елдің біріміз деп бөркімізді аспанға атып, бүкіл әлемге жар салып жатқанымыз. Бірақ сол келген ағайындардың қаншалықты дәрежеде жағдайын жасап беріп жатырмыз? - деген заңды сұрақ туады. Шындығын айтқанда, шеттен келген ағайындар бұл елден қандай да бір қаржылық көмек дәметіп отырған жоқ бұл күнде. Оларға ең басты керегі осы елдің толыққанды азаматы атану. Қағазбастылықтың кесірінен әлікүнге дейін неше мың қандасымыз құжаттарын рәсімдей алмай әуре-сарсаңға түсіп отыр. Тәуелсіздік жылында елімізге миллионнан аса қандасымыз келді. Олардың ұрпақтары бұл күнде 1,5 - 2 миллионға жетті. Алайда осы бір оралман куәлігі деген куәліктің кесірінен бүгінде қаншама адам азаматтық ала алмай отыр. Себебі оралман куәлігі бір жыл ғана уақытқа берілген. Қытайдағы саяси жағдайды білесіздер. Соның кесірінен көптеген азаматтар Қытайға шақырту алып, сол жаққа барып және уақытында келе алмай оралман куәлігінің мерзімі өтіп кеткен. Соның кесірінен азаматтық алуға құжаттарын өткізе алмай отыр. Қазір біздің қолымызда 2800-ден астам оралман куәлігінің уақыты өтіп кеткен азаматтар мен Қытай паспортының мерзімі өтіп кеткен 93 адамның мәліметтері бар. Осы мәселе бойынша біз елбасы мен үкімет басшысынан араша сұраймыз».
Бұдан бөлек Рысбек мырза өз сөзінде үкімет басшысының атына қандастардың құжаттық мәселесін тездетіп шешу мәселесі көтерілген арнайы арыз жазылғандығын және жиын соңында аталмыш арыздың астына қол қойылып жолданатынын айтты.
Азаматтық белсенді, Еркін Рақышев: «Бұл мәселеге бір жақты қарауға болмайды. Бұл өте ауқымды мәселе. Бұны шешу үшін мемлекет тарапынан комиссия құрылуы керек. Ол парламентте құрыла ма, үкіметте құрыла ма бәрібір. Бірақ мемлекеттік болуы тиіс. Қазір бұнымен қоғамдық ұйымдар айналысып жүр. Ол болмайды. Бұл мемлекеттік мәселе ғой. Мемлекеттің алдында тұрған мәселелердің бірі Қытайдағы қандастарымыздың ауыр жағдайы болуы керек. Сол себепті де мемлекеттік комиссия құрылып, Қытайдағы әріптестерімен келіссөздер жүргізіліп, қазақтардың мәселесі шешілуі тиіс. Онсыз мына мәселе ұзаққа кетейін деп тұр. Сол үшін де біз комиссия құрылуын мемлекеттен талап етеміз».
Бес жыл бойы азаматтық ала алмай жүрген қандасымыз, Түсіп Айнағұл: «Мен Қазақстанға 2014 жылдың қараша айының 3-і күні келдім. Содан бері бес жыл болды. Осы бес жыл ішінде біз азаматтық ала алмай бармаған жеріміз, кірмеген есігіміз қалмады. Ешқандай бір қайыр болмады. Бұл туралы бірнеше рет арызда жаздық... Азаматтық ала алмай жүрген себебіміз. 2016 жылы берілген оралман куәлігінің мерзімі бір жылдық екен. Біз бұның жазуын танымай, ықтияр хатпен ұқсас дүние екен деп жүре беріп, уақытын өткізіп алыппыз. Былтыр 11-ші айдың 15-і күні жолдасым Қытайға кеткен. Содан арыздың арқасында кеше ғана келді. Олар жіберерде оған: «Сен үш айдың ішінде қайтадан айналып келесің. Келмесең, Қытайдағы туыстарың саяси үйренуге кететін болады» - деп айтқан. Оның паспорты мен ықтияр хатының уақыты 3-ші айдың 15-і күні бітеді. Жақын арада азаматтық алмаса, Қытайға қайту керек болады. Ал, онда барса, қайтып келу мүмкін емес. Қамалады, түрмеге түседі. Бармаса, сол жақтағы туыстарын түрмеге қамайды. Осы жағдайларды ескере отырып, елбасымыздан, ішкі істер министрлігінен, сыртқы істер министрлігінен үміттеніп келіп отырмын».