Келешекте Қазақстанның бір кетігін қалап, ғылыми-техникалық элитасын құрайтын талапты, ақылды, креативті мамандар сыртқа ағылып жатыр. Жайлы мекен аңсап, жанына пана іздеп бару бөлек те, тұрмыс тауқыметінен қажып, жақсы жалақының жайын іздегендер тағы бір бөлек. Шетелде тұратын қандастарымыздың Қазақстанға көшуі соңғы он жылда кібіртіктеп жатса, керісінше, жыл сайын өзге мемлекетке біржолата қоныс аударған Қазақстан азаматтарының саны көбеюде. «Ақыл-ойдың шетке ағылуы» неліктен жиілеп барады? Бұл ретте Қазақстан билігі не себепті қауқарсыз? Осы сауалдар аясында толғақты жайдың тамырын басып көрдік.
Цифрлар сөйлейді
Ең әуелі, бұл жөніндегі статистикалық мәліметтерді алға тартып көрелік:
Қазіргі күннің өзінде елде баспанасыз сенделіп жүрген жастар жеткілікті. Жұмыссыздықтың дендеп тұрғаны тағы бар. Әлі күнге дейін нақты шешімін таппаған түйткілді мәселелер салдарынан шетелге ағылған қазақстандықтар саны жыл санап артып келеді. 2015 жылы Қазақстаннан кеткен мигранттар саны 30 мыңнан асса, 2014 жылы 28 мың адам болған. Олардың дені – Германия, АҚШ, Ресейге қоныс тепкен. Ал 2016 жылы 34 965 адам шетел асып кеткен. 2018 жылдың басынан бері 7000-ға жуық отандасымыз өзге елдің тұрғынына айналған. Олардың басым көпшілігі жас отбасылар.
Жалпы алғанда көші-қон мәселесі, ақыл-ой парасаттың сыртқа жаппай ағылуы әлем үшін негізгі проблемаға айналған. Өткен жылы әлемдегі мигранттар саны 258 миллионнан асқан еді. Статистика бойынша, әлемнің әрбір үшінші тұрғыны өз елін тастауға мәжбүр. Қаржылық дағдарысты еңсергісі келетін мигранттардың басым бөлігі державаларға қоныс аударғанды құп көреді. Мәселен, Құрама Штаттарында 50 миллиондай мигрант бар. Оның көпшілігі – Мексика, Венесуэладан келген. Ал Ресейде 12 миллионнан астам мигрант тұрады. Сан жағынан Германия үшінші орында тұр. Әлбетте, аталған алпауыт мемлекеттерде жұмыссыздық, баспанасыз халық пайызы Қазақстаннан әлдеқайда аз.
Кейіпкерлер сөйлейді
Астаналық Қонысбек Ауғанбайұлы (пікір берушінің өтініші бойынша аты-жөні өзгертіліп берілді – ред.) шетелге қоныс аударғысы келетін ел тұрғынының бірі. Бұған дейін кино индустрия саласында қызмет етіп келген. Ол өзінің қоныс аудару мақсатын былай деп түсіндіреді:
«Шынын айтар болсам, бұдан бірнеше жылдың алдына дейін менің мына қоғамның болашағынан үмітім зор еді. Бәрі де өзгереді, бәрі де жақсы болады деген үміт мені қамшылайтын. Әр адам үнсіз өз үлесін қоса берсе қоғамда бәрі жақсы болып кетеді деп ойладым. Бірақ, өз өмірімде болған бір оқиға бұның бәрін өзгертті. Ол оқиға туралы сізге баяндап отырғым келмейді. Тек, бір айтарым – қазір менің өнер-білім салтанат құрған, әділетті қоғамда өмір сүргім келеді. Төрт бала тәрбиелеп отырмын, мен оларға өзім көрген әділетсіздікті көрсеткім келмейді. Қазір шетелге қоныс аударуға дайындалып жүрмін, бұған дейін бір-екі рет мұхит асып барып, қоныс аударатын елді, жерді көріп, қоғамын, өмір сүру салтын бақылап қайттым. Жолым болып өз саламдағы адамдармен кездесіп, ойымда жүрген жобаларды айтып едім, олар үшін бұл тың дүние болып шықты. Алда, елде жүзеге асырмаған ойларымды, кино саласындағы еңбегімді сол жақта жалғастырам деп отырмын».
Батыр Жолымберді (кейіпкердің аты-жөні өзгертілді) шетелде тұрып жатқан қазақстандықтардың өкілі. Еліміздегі беделді оқу орнын журналистика факультеті бойынша тәмәмдаған ол қазіргі уақытта АҚШ-та қызмет етеді:
АҚШ-та тұрғаныма 2 жыл болды. Қазір компанияға MTA Access A Ride водитель болып істеймін. Аптасына 1000-1300 доллар көлемінде табуға болады. Мұнда табыс мөлшері өзіңе байланысты. 10-12 күн жұмыс істесеңіз соңғы iPhoneға оңай қол жеткізесіз. Ал 1 ай жұмыс істеу арқылы ескілеу болса да жақсы көлік алуға болады. Бұл заңсыз жұмыс істейтін, иммигранттар табысы. Сондықтан да Америкада біздің елдегідей жеке көлік пен соңғы нұсқадағы iPhone жоғары статус, көрсеткіш болып табылмайды. Былай айтсақ жұмыссыз, үйсіз дала кезгендердің қолынан да сол iPhone ды көруге болады. АҚШ-та Apple, NASA сынды ірі орындарда жеке бизнесін ашқан қазақтар бар. Қазақстанда мүмкіндік болса бұл жастар өз жобаларын елде де іске асырар еді.
Жалпы алғанда, Қазақстаннан ақылды, талапты жастар легі дамыған мемлекеттерге кетіп жатыр. Неліктен? Әлбетте, біріншіден, елдің болашағына күдік көп. Сыртқа дамушы, алға қадам басып келе жатқан ел ретінде көрінгенмен, шын мәнінде қарапайым халық пен жастар үшін жағдай төмен. Қай жерге барсаң, таныс-тамыр іздеу қалыптасқан. Білімнің сапасы емес, дипломның түсі, санына баса назар аударылады. Мұндайда ой еркіндігі, даму қайдан қалыптассын? Америка халқы аяғын басып кетсең де, жымия қарайды деген түсінік бар. әлбетте, егер ертеңге деген жоспар нақты, ел экономикасы мықты және білім беру сапасы жоғары болса, неліктен күліп өмір сүрмеске? Ал таңнан кешке дейін кредитті қалай жапсам, үй ақысын қалай төлеп, балаларды қалай жетілдірсем екен деп ойлаудан арылмайтын халықты салыстырып көріңіз? Жалпы, айта берсек мәселе шаш етектен. Ең басты кемшіліктер ескерілмей, елге оралатын қазақтар саны артады деп айта алмаймын.
Билік осы ретте қандай кемшілікке назар аударған жөн деген сұрағыңызға ойымды жауап ретінде айтайын. Мен біздегі жалпы ақпарат көздерін, сұхбат, бағдарлама, блогтарды қарап біздің тек қана жиын құрып, талқылап, былай істеу керек, мынау дұрыс емес, т.с.с. бос болатын да болмайтын нәрсе туралы әңгімені жақсы көреміз. Ал іс жүзінде өзгерісті ынтамен қаламаймыз, тек біреу алып келіп, біздің орынымызға істеп берсе, не істей аламыз, уақыт керек деген секілді сылтау айтамыз. Демек, сізді болып жатқан жағдай қанағаттандырады. Өз құқығын біліп, өзгеріс талап ете алатын, ұйымшыл халық елді дамытатын ең бірінші фактор.
Соңғы 2-3 жылда бұнда қазақ жастары көбейіп келе жатқаны байқалады. Қазақтар жиналып әңгіме құрғанда елімізде бәрі жақсы болса мұнда жүрмес едік дейді. Елдегі адамдар шетелде жүрген қазақтар туралы әртүрлі ойлайды. Оның ішінде негативті ойлайтындар да бар. Жақсы өмір үшін елін сатып дегендей, ақшаны оңай және көптеп тауып жүр деп ойлайды, неше түрлі. Шетелде қалып, , оқып, ақша тауып болашағын осында көргісі келетіндер бар, біз оларды кінәлай алмаймыз. Себебі, сіз елімізде пәтер алуға 30 жыл өміріңізді арнауыңыз жүйе деңгейін көрсетеді. 30 жыл өмірін үнемдеп, АҚШ-та 2-3 жыл пәтерге ақша жинайтын қазақтар бар.
Осыдан бір жыл бұрын сайтымызға «Болашақ» республиалық жастар қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратовпен аталған тақырып аясында әңгіме өрбіткен едік.
Айдың-күннің аманында, Тәуелсіздік қолда бар кезде, әлеуметтік жағдай тым төмен емес кезде білімді, білікті жастардың кетіп жатқаны ауыр тиеді. Менің ойымша, бұған бірінші себеп бұл глобалды себеп. Қазір бұрынғыдай емес шекаралар өшіп бара жатыр. Қазір кез келген әлемнің түкпіріне жету қол жетімді болып қалды. Қазіргі таңда жастардың елден кетіп жатқынының бірінші себебі жалпы әлемдік ғаламдану процестерімен байланысты. Екінші, бұл әрине елдің ішіндегі мәселе. Бұл өсу мүмкіндігінің шектеулілігі. Өсу мүмкіндігі шектеулі болған кезде альтернативті даму жолы болған кезде адам кетіп қалады. Ауылдан да қалаға кетті ғой кезінде. Үшінші, кетудегі үлкен мәселе – бұл адам санасының өзгеруі. Қазір индивидуализм басып бара жатыр. Адам ең бірінші кезекте өз алдына жақсы, мәнді, сәнді өмір сүруді мақсат етіп қояды. Бірінші кезекте оларға жағдай жасау керек. Екінші кезекте үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін арттыру үшін олармен жұмыс істейтін аға буын керек. Олармен жоспарлы түрде ұзақ мерзімде жұмыс істеу керек. Біз осы салаға қалай келдік? 2001 жылы біз КазГУ-де студентпіз. Сол кезде бізге Дос Көшім ағамыз келді. Ана кісінің екі сағаттық сөзі біздегі көптеген балаларды қоғамдық салаға бұрып жіберді. Негізінен бұл салада аға буын жұмыс жасау керек.
«Таяқтың екі ұшы...»
Шетелге ағылған қазақтар туралы сөз болғанда, елге сырттан келетін өзге ұлт өкілдері де ойға оралады. Қазақстанға келетін еңбек күштерінің басым бөлігі құрылыс саласында және олардың дені – қытай, өзбек, үндіс, тәжіктер. Бүкіләлемдік банк деректерінің қорытындысына сай, Қазақстан әлем бойынша еңбек мигранттарын қабылдау индексі жөнінен 9-орынға жайғасқан. Ал сырттан келген мигранттардың біраз бөлігінің салық төлемейтіндігін және заңды түрде тіркелмегендігін негізге алсақ, жоғарыда аталған индекстің тағы бір-екі орынға көтерілетінін айтуға болады. Әлеуметтік жағдайдан бөлек, жыл сайын төбе көрсететін ұлтаралық араздық мәселесі де бар...
Тобықтай түйін
Бәріңізге мәлім, 2014-2015 жылдары теңге құнсызданды. Бірақ, еліміз бойынша айлық жалақыға индексация жасалған жоқ. Елдегі халықтың өмір сүруі, сатып алу қабілеті, ең төменгі жалақы деңгейі шетел валютасымен есептейтін болсақ, өте төмен. Биліктегі шенділер орташа жалақы 180 мыңнан асады деп сендіргенмен, шынтуайтына келгенде 40-50 мың шамасында айлық алатын отандастар жеткілікті. Жоғарыда аталған пікірлер мен статистикалық мәліметтерді қорытындылай келе, Қазақстанда жастар үшін жағдайдың толық жасалмағандығын аңғарамыз. Сапасынан санына көп мән берілетін биліктегі реформалардың жүйесіздігі, халықаралық терминге айналған непотизмнің, яғни тамыр-таныстықтың қызмет орнымен етене қабысып кеткендігі мәлім. Қай мемлекетті алсақ та, ақылды, бәсекеге қабілетті мамандарды іздейді, сұраныс артады. Мәселен, АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында Google, Facebook, Twitter сияқты интернет алпауыттарының кеңселері орналасқан. Жаһанға аттары әйгілі бұл компаниялар әлемнің түкпір-түкпірінен ең мықты мамандарды жұмысқа қабылдайды. Олардың арасында біздің отандастарымыз көп. Кез келген мемлекеттің алдағы болашағын да осындай басымдығынан аңғаруға болады. Ал Қазақстандағы мемлекеттік қаржыландырумен жұмыс істейтін оқу орындары, мекемелер таланттарға да, талаптыларға да таласпайды. Сол себепті халық жағдайы доңғалағы сынған арбадай шиқылдап тұрғаны бар. Жаңашылдықты ескеру үшін айтылған ескертулер жай ғана «жартасқа бардым, күнде айқай салдым»-ның күйін кешіп қала береді. Егер бұл тенденция жалғаса берсе, өз отандастарымыздың өзге елге үдере көшіп кетпесі неғайбыл?! Ал кез келген еркін ойлы адам келешегі кемел елде өмір сүруді қалайды.
Бұлар тек мәселенің әлеуметтік жағдайды көзге ұстағандағы қыры ғана. Ал, көптеген салада Қазақстан Ресей, Қытай немесе басқа да елдерге ұпайын жіберіп алып жатады. Бұнда да ұлттың бәсекеге қабілеттілігін сақтау үшін ақыл-парасат иелеріне жағдай жасау, олардың ғылыми, экономикалық жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беру мәселесі де жатқан жоқ па?! Ұлтының болашағына инвестиция салған, дарындыларын қадірлеген Жапония, Германия, Үндістан сынды елдер өнеге болмас па?!