Соңғы жылдары қазақ қоғамында мектеп оқытушыларының оқушыға қол жұмсауы немесе оқушылардың ұстазына қарсы шығуы сынды келеңсіз істер көбейе түсті. Бірде баласын қорғаштаған ата-ана білім ордасына келіп жан-жалдасып жатса, енді бірде баласына қол көтерген мұғалімді таяқтың астынан алып жататын істерге де жүз беруде. Бұл келеңсіздіктер қазіргі дамыған әлеуметтік желілер арқылы қоғамға тарап, жұрт назарын аударуда. Соған сай ата-аналар мен ұстаздар арасында, я болмаса, ұстаз бен шәкірт арасында ұқсамаған пікір қайшылығы өрбіп отыр.
Еліміздің ертеңгі иесі бүгін мектеп қабырғасында жүргеніне сенсек, бұл жағдайға салғырт қарауға болмасын білер едік. Бірақ, бұл нені айғақтайды немесе мәселенің түйіні қайда? Ұстаздың шәкіртіне қол жұмсауы тәрбие берудегі біліктілік мәселесі ме, әлде шарасыздық па? Оқытушы "тентекті" қалай тезге салғаны жөн? Мәселені бір жақты ұстаздарға итеретін, баласын ақтап ұстаздарды таяққа жыққан ата-ананың "балажандығын" қалай бағалаған жөн? Міне осы сұрақтарға жауап беру мақсатында ұстаздардың, ана-аналардың және арнайы психолог мамандардың пікіріне құлақ түруді жөн санады.
Бірқатар ата-ана мен ұстаздардың берген пікірлері арасынан мына бірнешеуін саралап алдық:
Жамбыл облысы, Т. Рысқұлов ауданындағы ұстаз, Райхан Әлімқұлова:
Ұзақ жылдан бері білім ордасында жұмыс істеп келемін. Бұрын оқушылардың сабаққа деген ынтасы жоғарылап, мұғалімдерді сыйлағандықтан үй тапсырмасына да ұқыптылықпен қарайтын еді. Алайда, соңғы уақытта тұтас сыныптан тек, бірен-саран балалардың ғана оқуға деген зейіні басым екендігін аңғарасың. Сонымен қатар, оқушылардың мектепке телефон алып келетіндігі де олардың сабаққа деген ынтасын төмендетеді. Өзі партада отырғанымен, ойы басқа жаққа ауған бала білімді жақсылап сіңіреді дегенге сенудің өзі қиын.
Бұдан бөлек, бала тәрбиесіне көңіл бөлмеген ата-аналар кінәлі. Әрине, көпке топырақ шашпаймын. Бірақ, таңнан кешке дейін қу тіршіліктің соңына ілесіп баласының үй тапсырмасын былай қойғанда, күні бойы қандай шаруамен айналысып жүргенін тексермейтін де отбасылар бар. Әрбір сабақта басын төмен ұстап үй тапсырмасын орындамай келген оқушылар, әрине ұстаздардан ұрыс естиді. Ұстаз болған адам оған жаман бол деп ұрыспайтыны анық қой, мұғалімдер балаларды жөнге салуды ойлайды. Ал, мұндай жағдайды күнде басынан өткеріп, сабақ бітсе ұмытатын оқушылар ертең де бұл әңгіменің арыға бармайтындығын жақсылап зерттеп алған.
Сол секілді арнайы балаларының тәртібі мен тәрбиесіне байланысты ұйымдастырылатын ата-аналар жиналысына да көптеген отбасылардың әке-шешесі төбе көрсетпейді. Міне, осылай кей балалар тал бесіктен тартып тәрбиеленбегендіктен, оны ары қарай жетілдіру де қиын іс.
Алматы қаласы, Алмалы ауданындағы ата-ана, Айнамкөз Нұрқожа:
Негізінен әрбір ата-ана балам білім алсын деп мектепке береді. Алайда, өз ісін жетік білмейтін ұстаздардың кесірінен, мұғалім деген атқа ата-аналардың тарапынан сын көптеп айтылып жатқандығы рас. Жоғарғы Оқу Орынын кеше ғана тәмамдаған жас мұғалімдердің қалай оқығандығына көп адам үңіле бермейді. Оның баламен жұмыс істеу қабілеті, білімі және тәрбиесі қандай екендігі мектеп басшылығына да ата-анаға да жұмбақ. Тек, дипломмен жұмысқа қабылдап, бітірген пәні бойынша сабақ беруге мүмкіндік береді. Мынау әлеуметтік желілерде оқушылар мен ұстаздар арасындағы шығып жатқан дауларға назар салсаңыз, көбі осындай жас мұғалімдер екенін байқаймын. Сабаққа қатысы бар сөздердің орынына, балағат сөздерді көп қолданатын мұғалімдер біздің балаларымызға қандай тәрбие бермекші. Тіпті, кейде осы жас ұстаздар өзінің пәнін жетік білеме деген сұрақта мазалайтындығы жасырын емес. Ал, егде тартқан ұстаздарға келсек, олар өз кәсібінің шебері. Әрбір балаға дәрісті қалай үйрету керектігінен хабардар. Сондықтан болар, бұрынғы кезде ұстаздарға ата-аналардың сенімі де мықты болағандығы. Осы орайда ең бірінші ұстаздардың өзін арнайы тексеріспен алу керектігін ұсынар едім. Құр қағазға сүйеніп ала салу балаларға деген жауапкерсіздік деп ойлаймын.
Тағы бір айта кетерлік дүние, қазіргі оқушылардың көбі ғаламтор арқылы пайдалы ақпараттарға мектептен тыс қол жеткізе алады. Жаңаша ойлап, түрлі идеяларды жүзеге асырғысы келетін балаларды өз бейіміне қарай білім беретін жүйе жасалса болатындай. Бұл үшін ең алдымен ұстаздардың өзін дайындап алған абзал.
Психолог, Айгүл Түзелбайқызы:
Оқушылардың дұрыс тәрбие алуы ең алдымен ата-анаға, сосын ұстазға байланысты. Баланың күнделікті күн тәртібіне зер салып, оның қандай шаруамен айналысып жүргенін бақылап отыру керек.
Ал, Ұстаз бен ата-ананың арасындағы шиеленіс ол санаға байланысты қалыптасады. Кейде, ата-аналар болмашы дүниеге бола ұстаздарды жазғырып жатады. Екінші жағынан алып қарасаңыз, әрбір мұғалім баланың дұрыс қалыптасуына өзіндік пайдасын тигізуді көздейді. Сонымен қатар, баламен ұстаз ретінде емес, көшедегі көк атты ретінде сөйлесетін мұғалімдердің бар екендігін де жоққа шығаруға болмайды. Егерде баланың көңілі қалса, оны қайтадан қалыпқа келтірудің орынына ушықтырып жататын кездер де көп. Осы ретте айтпағым, баламен жиі пікір алмасып, оның жағдайын, қызығушылығы туралы хабардар болған жөн. Ұстаз үшін балалармен сөйлесу кезінде берілудің тіптен қажеті жоқ. Өйткені, әрбір ата-ана мен мұғалімнің арасындағы жағдай баланың психологиясына тікелей әсер етеді.
Бұдан бөлек, ғаламтордың да білім алуға пайдасы мен кесірі де бар екенін ескерген жөн. Біздің құндылықтарымызға сай келмейтін, кейбір шетелдік балалардың әрекеттерін немесе жат тәрбиедегі мультфильмдерді көргендер өз өмірінде қайталағысы келеді. Сол себепті, мейілінше, оқушыларды шынайы өмірге бейімдеп, ғаламтордан шеттету қажет. Егер бала белгілі бір дәрежеде жаман әдеттермен айналыса бастаса, оны бірден тыйым салу мүмкін емес. Керісінше, әрбір сәтте оған жаман жағын айтып, тыйым салуды бірте-бірде күшейте беру керек.
Әрбір баланың жақсы болуына ата-ана мен ұстаздың кейде теңдей, кей жағдайда ұқсамаған жауапкершілігі бар. Сондықтан бір-бірін кінәлауға болмайды. Оның орынына балаға үйде әке-шешесі ұстаз туралы жақсы пікірлерді көбірек айтып отыру баланың ұстазға деген сенімін арттырып, оң ақылына құлақ түреді. Бұл жеткіншектерді тәрбиелеуде аса маңызды.
«Ұстазы пейілді болса, шәкірті зейінді келеді» дейді халық сөзі. Жоғарыдағы пікірлерді саралай келе, жеткіншектердің тәрбиесіне ұстаз бен ата-ананың теңдей жауапкершілігі бар екенін айтуға болады. Бұдан тыс, ұстаздық жолын енді ғана бастаған жастар балалармен жұмыс жасаудағы біліктілігін қадағалау да маңызды. Сондықтан Ұстаз бен ата-ана арасындағы дау-дамайдың көптеп шықпауы үшін ең алдымен Жоғарғы оқуы орынындағы жас ұстаздардың өзін жақсылап тәрбиелеген абзал. Ата-аналар да балаларының тәрбиесін мектепке қана артпай, болашағына бағдар беріп, өмірдің жақсы жағына қарай итермелегені дұрыс. Бір сөзбен айтқанда, бала болашағы үшін ұстаздан тәлім, ата-анадан тәрбие керек!