2017 жылдың қаңтар айында, АҚШ-тың 45-ші президенті ретінде Доналд Трамп таққа отырды. Кейіннен Барак Обаманың қолына «Ресейдің АҚШ президент сайлауына араласқандығы туралы» АҚШ агенттіктерінің мәліметі тапсырылды. Салдарынан Құрама Штаттарда үлкен саяси дауыл туған еді. Бұл Ресей-АҚШ қатынасына салқынын тигізіп, онсызда қырғи-қабақ екі елдің қарым-қатынасын ушықтырды. Аталмыш сайлауға Ресейдің араласқанын Трамптың өзі де мойындады. Соған байланысты президент арнайы шаралар қолданатындығын жеткізген еді.
АҚШ қана емес, Ресей мен Еуропа қатынасы да дүрдараз күйде тұр. Ресейдің Украина шекарасына сұғанақтық жасап, Қырымды бөлуі – Батыстың принципіне өрескел қайшылық. Ресейге шекаралас Еуропа НАТО арқылы сес көрсетіп келеді. Ал, Ресей оған жауап ретінде өзінің ядролық оқ тұмсықтарын "бұлғаңдатты".
Сенатор және республикашылдар партия өкілі Джон Маккейннің айтуы бойынша, РФ президенті Владимир Путин АҚШ-тағы сайлауға араласуының басты себептерінің бірі: Уашингтон Ресейдің сыртқы саясатына байланысты ешбір жауап қайтармауы деп көрсетті .
Осы мәселеге орай, ФТБ (Федералды тергеу бюросы) басшысы Джеймс Коми, Трамптың Ресеймен қарым-қатынасына байланысты, Сенат мүшелерімен 3 сағаттық жабық брифинг өткізді. CNN агенттігінің хабарлауынша, талқыға түскен басты мәселе – АҚШ-тағы сайлауға Ресейдің ықпалы қандай екендігін анықтау.
Республикалық Марко Рубио кездесуден кейін Комитеттің аталмыш мәселеге терең зерттеу жүргізетінін жеткізді. Өз кезегінде демократиялық партияның өкілі Марк Уорнердің айтуынша, Комитет зерттеуді жеңілдететін Ақ үйдегі барлық құжаттарды жасырын сақтап қалуды өтінген. Дегенмен, осы жолғы брифингте ешқандай ресми мәлімдемелер жасалған жоқ.
Комитет АҚШ-тағы сайлауға Ресейдің қаншалықты ықпалы бар екендігін анықтауды және Доналд Трамп пен Мәскеудің қарым-қатынасын зерттеуді өз мойнына алып отыр.
Халықаралық саяси зерттеулер жетекшісі Иэн Бонд былай дейді: «Трампқа саяси өкілдердің тарапынан Ресейге жылылық танытпай, қатал қарым-қатынаста болуы керек деген ұсыныстар көп айтылды. Оның үстіне қазіргі таңда, сынаққа өткізеді деген жаңа ракеталарды сынақтан өткізіп қана қалмай, оны жауынгерлік кезекшілікке қойды деген мәліметтер келіп жетті. Бұл дегеніңіз ендігі Ресейге қаталдық таныту керек деген сөз. Себебі, ол НАТО-ның сеніміне кіріп, Альянсты ішінен бөлуді көздеп отыр. Қазір, Ресей – НАТО үшін өте қауіпті ел».
АҚШ-тағы саяси-әлеуметтік кез келген өзгеріс бүкіл елдің назарында жүретіні белгілі. Қазіргі Пентагон басшысы Джеймс Мэттис Ресейдің сайлауға араласқанына және өзге елдердегі сайлауға араласқысы келгендігіне күмәнінің жоқ екендігін білдірді.
Сонымен қатар, Мюнхен конференциясы кезінде, Германия канцлері Ангела Меркельдің айтуынша, АҚШ 25 жылдан бері Ресеймен қарым-қатынасын дұрыстай алмай келеді. Ол АҚШ-тың ғана емес, жалпы батыс елдерінің Ресеймен қарым-қатынасы жөнінде былай деген болатын:
«Соңғы 25 жылда біз Ресеймен тұрақты қарым-қатынас орната алмадық. Бірақ ол біздің көршіміз ғой, ол – ЕО-ның сыртқы шекарасы».
Германия канцлері қандай қиын кездер болса да, НАТО-ның күшін сақтап қалуға шақырды. Оның айтуынша, Ресей мен Альянсты ортақ мақсаттар мен қызығушылықтар байланыстырады. Меркель бұл олқылықтың орнын толтыруға және нақты халықаралық қатынастарды реттеуге күш жұмсайтынын айтты.
«The Qazaq Times»