Өткен сенбіде, АҚШ пен Ресей президенттері телефон арқылы тілдесті. Бір сағатқа созылған тілдесуде Доналд Трамп пен Владимир Путин екі ел қарым-қатынасын қалпына келтіруге сенім білдірісіп, АҚШ-Ресей дипломатиясының жаңа кезеңін ашты. Бұл ақпаратты The New York Times хабарлаған еді.
Тілдескен екі тарап терроризмге қарсы тұру мен экономикалық селбестікті кеңейту жөнінде кеңесті. Алайда, Украина қайшылығы жайында екі жақ ортақ пікірге келе алмаған. Сонымен қатар, екі елдегі шенділердің айтысына қарағанда, АҚШ-тың Ресейге бағыттаған санкциясын алып тастау туралы талқы болмаған. 2014 жылы Ресейдің Қырым аймағын аннекциялауы, Украинаның шығысындағы сепаратистік соғысты қолдауы, АҚШ-Ресей арасын дерлік жаңа қырғи-қабақ қарым-қатынасқа алып келді.
Хабарламаға негізделгенде, Трамп пен Путинның тілдесуі айтарлықтай сәтті өткен. Президент Обама тұсында АҚШ-Ресей қатынасы қайшылықты күйге өткен болатын. Трамп бұл жағдайды оңауға тырысады. Екі ел президенттерінің ұзақ әрі баянды сұхбаттасуы, екі елдің қарым-қатынасындағы жаңа бастамаға баланып отыр. Диалогтан кейін АҚШ-Ресей ынтымақтастығы жүзеге асады деп отыр. Бұл Трамп таққа отырғаннан бері алғаш рет Ресей басшысына қоңырау шалып сөйлесуі.
Бұдан бұрынғы Құрама Штаттар мен Ресей арасындағы шиеленісті жағдайларды еске алғанда, екі ел қатынасының айтарлықтай ушығып тұрғаны анық еді. Айталық, АҚШ Қауіпсіздік және барлау органы әлдеқашан қорытынды шығарып, Ресей хакерлік шабуылдар және басқа да үгіт құралдары арқылы Трамптың жеңісіне белгілі дәрежеде септігін тигізді деген болатын. Бірнеше реткі мәлімдемеден кейін, бұл шешімге ақыры, сол кездегі президентке басты үміткер Трамп келіскен еді. Барлау агенттері және де Обама мен Трампқа Ресейдің компромат материялдарды ұстап отырғанын да мәлімдеген. Кремль жақ оны «фантазиялық әңгіме» деген болатын. Сонымен қатар, Еуропа мен АҚШ Ресейдің Украинадағы істеріне қарсы болып, санкция жариялады. Обама қызметтен кетпес бұрын, ресейлік 35 дипломатты Құрама Штаттардан қуалап, Ресейге жарияланған сакцияны күшейтті. Сол арқылы АҚШ президент сайлауына араласқан Ресейден кек алған еді.
Осы жағдаяттардың бәрі бір қоңыраумен шешіліп кетпесе де, АҚШ пен Ресей қатынасының жаңа бейнесі қалыптасатын түрі бар. Осының өзі Трамптың президенттігінен бұрын жасаған болжамдарымыздың дұрыстығын растап отыр. Алайда, диалог барысында Ресейге қаратқан санкцияларды алып тастау ісі сөз болмаған. Бірақ, бұған орыс шенділері: «Президенттер диалогында кеңейтілген сауда-экономикалық қатынас орнату ісі сөз болды, бұл санкцияның алынып тасталатынын білдіреді», – деп үміттенеді.
“The Qazaq Times”