Жақында Қытай Әуе күштерінің құрылғанына 69 жыл толуына орай Жухай қаласында салтанатты шара өткізілді. Шарада жұрт назарын аударғаны Қытайдың дербес зерттеп жасаған Chengdu J-20 атты ең жаңа соғыс ұшағы ұшу операциясын орындады. Аталған соғыс ұшағы былтыр алғаш рет әскери техникалардың көрмесінде бой көрсеткен. Одан бері де Chengdu J-20 ұшағы басқарылмалы зымыран ұяшығы және ең жаңа басқарылмалы зымыранмен жабдықталғаны белгілі болды.
Әуе күштері техникаларының шетелдік арнайы эксперттерінің, аталған қытайлық ұшақты қазіргі кездегі ең алдынғы қатарлы соғыс ұшақтарының қатарына жатқызады. Олар Chengdu J-20 төмен кеңістікте ең жоғары қарқында ұша алатын және түрлі әуе операциясына қаблетті, ұшуға икемді және радарға көрінбейтін артықшылықтарын алға тартады. Бұл ұшақ Қытай авиа-өнеркәсібі өндірген 5-ші ұрпақ соғыс ұшағы ретінде биыл ақпан айында Қытай әуе армиясының ресми пайдалануына берілген екен. Осыдан кейін Қытай Құрама Штаттардан кейін әуе күштеріне 5-ші ұрпақ әскери техникаларды қолдана бастаған екінші ел болып саналды.
Дегенмен, біздің назарды Қытай әуе күштерінің Chengdu J-20 секілді озық соғыс техникасына ие болуынан көрі, олардың әуе армиясын дамыту стратегияларының бағыты көбірек аударды. Аталған салтанатты шарада баяндама жасаған Қытай әуе күштері қолбасшысының орынбасары Шүй Аншияң, Қытайдың қуатты әуе қосынын құрудағы үш негізгі жоспарын атап көрсетті. Қытай жоғары әскери шендісінің ұзақ мәлімдемесін жинақтап, түсінікті етіп айтар болсақ мынадай:
Ең әуелі, Қытай төрағасы Ши Жинпиңнің «Құдіретті әуе армиясын құру – әуе күштері мен жасанды жер серіктерін (спутниктер) біріктіру: Қорғануға, шабуылдауға дайын болу» дейтін стратегиялық жобасын 2020 жылға дейін алғашқы адымда жүзеге асыру. Сонымен бірге, 3-ші ұрпақ соғыс техникаларын негіз еткен әуе күштерін 4-ші және 5-ші ұрпақ соғыс техникаларымен кемелдендіру.
Екінші, 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың негізінде, 2035 жылға дейін әуе күштерін толықтай жаңарту; стратегиялық шабуылдау қуатын арттыру; құрылғылары мен мамандары кемелдендірілген қуатты әскери күш етіп жасақтау.
Үшінші, 2050 жылға дейін әлемдегі теңдессіз әуе күшін жасақтау. Сол арқылы Қытайды универсал қуаты ең мығым ел ету көзделген.
Әуе күштерінің стратегиялық даму жоспары, Қытайдың әлемдегі ең мығым державаға ұмтылу мақсатын айқын көрсетеді. Қазір, әскери қуаты жағынан Құрама Штаттар алдынғы орында тұрғанымен, кейбір салаларында Ресей мен Қытайдың өзіндік артықшылықтары да жоқ емес. Сондай-ақ, қуаты жеткен державалар Жер беті мен кеңістігін былай қойып, ғарышта өз қожалығын орнатуға бағыт алуда. Бұл күн сайын азайып бара жатқан жер ресурстарының орынын Күн жүйесіндегі өзге ғаламшарлардың және ұсақ ғарыштық денелердің ресурстары арқылы толтыруға, соған алғашқы болып жету және иемденуге деген ұмтылыс екені белгілі.
Соңғы кездері сарапшылар, Қытай мен АҚШ стратегиялық әріптестік кезеңіне өткенін көбірек сөз етуде. АҚШ-тың әуе күштері мен теңіз күштері Ресей мен Қытайдың алдын орап кетеді. Алайда, осы екі бағытты Қытай да қарқынды дамыту қолға алынып келеді. Осыған дейін Қытайдың теңіз күштерін кемелдендіруге барынша күш салып келгенін талай мәрте айтқан едік. Енді 5-ші ұрпақ соғыс техникаларымен әуе күштері де өз қуатын көрсете бастады.
Тарих шынында трагедиялық бағытын қайталап жатқандай. Озық техника мен жойқын қару-жарақтар бар бүгінгі дәуірде соғысты ешкімнің де мұрат еткісі жоқ. Алайда, Державалардың қару-жарақ жарысы бүгінгі өркениетті соғыстан аман сақтап қалуды барған сайын қиындата түсті.