6 қарашада жергілікті уақыт бойынша АҚШ-та Конгресс сайлауы басталады. Кезекті саяси шараның мемлекет үшін маңызы зор болмақ.
Сайлау кезінде американдықтар Қауымдар палатасының 435 депутатын, 100 сенатордың 35-ін және әр штаттан губернаторлыққа үміткерлерге дауыс береді. Алдын-ала сауалнама қорытындысы бойынша, Құрама Штаттарында 31 миллионнан астам тұрғын мерзімнен тыс дауыс берген. Өткен жолғы Конгреске аралық сайлаумен салыстырғанда бұл нәтиже әлдеқайда жоғары. Мәселен, 2014 жылы тек 19 миллион адам мерзімінен бұрын өз таңдауын жасаған.
Конгерстің екі палатасында да республикалықтар көш бастап тұр. «The New York Times» басылымында кей сарапшылар бұл саяси шараға «Дональд Трамп әкімшілігіне қатысты референдум» деп баға берген. Аралық сайлауда республикалықтар жеңіске жетсе, Трамп әкімшілігі кезекті мәрте ірі басымдыққа ие болады. Осы ретте Ақ үй басшысы Дональд Трамп: «Сіздер елімізге мигранттар керуені ағылып, қылмыстардың артқанын қаласаңыздар демократтарға дауыс берсеңіздер болады. Ал егер шекарамыз берік, ұлттық қауіпсіздік мығым және қоғамдық тәртіптің сақталғанын қаласаңыздар республикалықтарды таңдаңыздар»,– деп қысқа қайырды. АҚШ-тың 44-ші президенті Барак Обама аралық сайлау басталғалы жер-жерде саяси науқан, арнайы жиын ұйымдастырып үлгерді. Ол: «Бірнеше уақыт көлемінде еліміз көптеген ірі жетістіктерге жетті. Енді біздің еліміздің не қалайтыны осы сайлауда белгілі болмақ. Халық осы жолы бұрынғыдан да айрықша белсенділік танытып келеді. Меніңше, бұл – жақсы жаңалық. Өз басым, халықтың қазіргі белсенділігіне көп үміт артамын»,– деді.
Америкада аралық сайлауға дейін алдын-ала шаралар жүргізіліп, АҚШ құқық қорғау органдары сайлаушыларға Ресей, Иран және басқа да елдердің әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттарынан сақтану керектігін ескертті. Өткен аптада жүргізілген зерттеулер бойынша, АҚШ-та 6 қарашада өтетін Конгреске аралық сайлау қарсаңында әлеуметтік желілерде дезинформация 2016 жылғы президент сайлауы кезіндегіден де тез таралып жатқаны анықталды. Осыған орай Facebook әлеуметтік желісі 115-тен астам күдікті және фейк аккаунттарды бұғаттаған. Жойылған аккаунттардың басым бөлігі Ресей мен Иран қолданушыларына тән. Ресми Уашингтон хакерлердің, олардың ішінде Ресейдің саяси жағдайлар мен кандидаттарға қатысты өтірік хабар таратып, қоғам арасында алауыздық туғызып, пікір қайшылығын туындату әрекеттерінен үлкен қауіп барын мәлімдеген.