АҚШ жақын және орта қашықтықтағы зымырандарды жою жөніндегі келісімнен шығатынын мәлімдеді.
Америка пен Ресей арасындағы зымыран келісіміне 1987 жылы қол қойылған. Келісімге сәйкес, қос тарапқа 500 және 5,5 мың шақырым қашықтыққа ұшатын баллистикалық зымырандарды жасауға тыйым салынған. Өткен аптада Ақ үй басшысы аталған келсімді жоятынын айтты. Осы мәселеге қатысты Дональд Трамптың қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон Мәскеуде кездесу өткізген болатын. Екі күн ішінде ол қорғаныс саласындағы жоғары лауазымды тұлғалармен келіссөздер жүргізіп, Ресей Президенті Владимир Путинмен жүздесті. Кездесудегі басты пікірлерге зер салсақ.
Владимир Путин, РФ президенті: – Құрама Штаттың рәмізіндегі бейне есіме түсіп отыр. Онда бүркіттің бір тырнағында 13 жебе, екінші тырнағында 13 жемісі бар зәйтүн бұтағы бар. Бұл бұтақ бейбіт ниетті білдіретін. Бірақ, қазіргі уақытта сол бүркіттеріңіз зәйтүн жемісінің барлығын шоқып, жебесін ғана қалдырған ба?..
Джон Болтон, Ақ үй басшысының қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі: –Американың зымыран келісімінен шығу туралы шешімінен қорқудың еш қажеті жоқ. Керісінше, Еуропа аумағында зымырандарды сынап, келісімді өрескел бұзып отырған Ресейден қорқу керек. Айтар болсам, сіздерге зәйтүн жемісін әкелген жоқпын. Зәйтүн бұтағы бүркіттің оң тырнағында. Демек, басымдықтың қай жаққа түсетінін аңғаруға болады.
Ресей президенті Дональд Трамппен Парижде кездесу туралы ұсыныс білдірді. Дональд Трамп та диалог құруға дайын екендігін айтты.
Дональд Трамп, АҚШ президенті: – Қазіргі уақытта мұндай келісімге отырмаған өзге елдер әскери зымыран жүйесін жасақтап, қалағанынша қолданып отыр. Сол себепті Америка мен Ресей арасындағы екіжақты келісімде еш мән қалған жоқ. Шарт жасамаған Қытай, Солтүстік Корея, Иран сияқты басқа да мемлекеттер ойына келгенді істеп отыр. Егер бұл келісімге Қытай да енсе, жұмыстардың басым бөлігі ядролық келісімге қайшы келер еді. Алдағы уақытта Ресей президентімен кездесіп осы мәселені талқылауымыз мүмкін. Меніңше, кездесу арқылы ортақ мәмілеге келе аламыз.
Харальд Куят, НАТО әскери комитетінің бұрынғы төрағасы: – Бұл жағдай 1979 жылғы оқиғаны еске салды. Келісім жойылатын болса, орта қашықтықтағы зымырандарға арналған кеңістік пайда болып, Еуропаның қауіпсіздігіне қатер төнуі ықтимал. Демек, еуропалықтар келісімді сақтап қалуы тиіс.
Йенс Столтенберг, НАТО Бас хатшысы: – Ресей зымыран келісіміндегі өзіне жүктелген міндеттерді орындамай отыр. Ал АҚШ керісінше, келісім негізінде жұмыс істеуде. Бірақ келісім орындалу үшін бұл жеткіліксіз. НАТО жаңа қарулану жарысы болғанын қаламайды. Альянс мүшелері алдағы уақытта АҚШ-тың келісімнен шығу шешімін талқылайтын болады.
P.S: АҚШ-тың Ресей Федерациясымен тағы бір келісімі бар. Оған 2010 жылы Барак Обама мен Дмитрий Медведев қол қойған еді. Осы құжатқа сәйкес, қос тараптың да ядролық қару арсеналын қысқартуы көзделген. Оның мерзімі 2021 жылы аяқталады. Сонымен, Құрама Штаттарының Ресеймен екіжақты келісімді бұзуы қайта қарулану бәсекесінің бұрынғыдан да қуаттырақ екендігін білдірсе керек. Трамптың шешімі саясат үшін маңызды келісімнің басы ғана. Сол себепті қос тарапқа қатысты мәміленің болашағы туралы айтуға ерте.