Бүгін Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің Кіші залында Азық-түлік өндірісі саласында шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру жөніндегі «Алтын Өнім» өңірлік бағдарламасының таныстырылымы өтті.
Бағдарламаға сай, қала аумағында азық-түлік өндірісінің басымдық берілген салаларында жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мен дамыту мақсатында 100 млн теңгеге дейін (1 жобаға) 7 жылдық мерзімге несиелеу басталады.
Конференцияны Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің бірінші проректоры Тіреуов Қанат Маратұлы ашып, енді Қазақстан азаматтары ауылда да, қалада да өз бизнесін жүргізу үшін 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алатындығын жекізді. Сондай-ақ, жиынға Алматы қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының жетекшісі Керімбеков Айдын Жанұзақұлы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» директорының орынбасары Марғұлан Едіге Сәулебекұлы бастаған ішкі және орта бизнестің басшылары мен өкілдері қатысты.
«Алтын өнім» бағдарламасы Алматы қаласының әкімдігі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның қолдауымен әзірленген. Яғни, жалпы қаржыландырудың құны 1 млрд теңге. Оның 500 миллионы Алматы қалалық әкімшілік тарапынан бөлінсе, қалған 500 миллионын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры бөлмек. Несиенің сыйақы ставкасы жылына 8,5 пайыздан аспайды және 18 айға дейін жеңілдік кезеңі ұсынылады.
ЗАРИНА КАРМЕН, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының аймақтық филиалының бас менеджері: «Бағдарламаның мақсаты: Алматы қаласындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Несиені Алматы қаласында тіркелген және жұмыс жасап жатқан кәсіпкер, айналымдағы капиталды қаржыландыру үшін немесе өзінің кәсіпкерлігін кеңейту үшін алуына болады. Сондай-ақ, несие берілмейтін жағдайлар бар. Мысалы, ескі қарызды қайтару үшін қайта несие алуға рұқсат етілмейді. Ал жалпы несиені кез келген кәсіпкер, тіпті кәсіпкерлікке жаңа қадам басып келетін тұлғалар ала алады».
Қаржыландыру механизмі төмендегідей жүзеге асады:
Біріншіден, кәсіпкер (кәсіпкерлікке енді келіп жатқан болса да) Банкке несие алуға өтініш білдіреді. Одан кейін, екінші деңгейлі банк оның өтінішін қарап, аталмыш шағын және өнеркәсіп субъектісін қаржыландырудың мүмкіндіктерін анықтайды. Үшіншіден, Өтініш қабылданған жағдайда, Банк проектіні «Алматы қаласының іскерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына» жібереді. Басқарма жобаны қабылдаған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінде қарап шығады. Және төртінші, үшінші пунктідегі басқарма мақұлдаған жағдайда аталмыш жоба қаржыландырылады.
Айта кетейік, «Алтын өнім» өңірлік бағдарламасының серіктестері: «Казкоммерцбанк» АҚ және «Халық банк» АҚ.
«The Qazaq Times»