Сүрияда Ресей қарулы күштеріне тиесілі «Ил-20» ұшағы жоғалып кетті.
Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бортында 14 әскери қызметкер бар Ил-20 ұшағымен байланыс 17 қыркүйек күні түнгі сағат 23-00 шамасында үзілген. Экипаж мүшелері соңғы рет Хмеймим базасына Жерорта теңізі аумағында Сүрия шекарасынан 35 шақырым жерде екендігі жөнінде хабар берген.
Сүрия ресми органдары таратқан хабар бойынша, Ил-20 ұшағының жоғалуы Израиль әскери әуе күштерінің Латакия аумағын бомбалауымен сәйкес келген. Сүрияның SANA ақпарат агенттігінің болжамы бойынша, Ресей ұшағын Латакияны атқылаған Израиль жойғыш ұшақтары атып түсіруі мүмкін.
CNN телеарнасының ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша арнайы тілшісі Райан Браун өзінің АҚШ ресми өкілдері арасындағы ақпарат көздеріне сілтеме жасап, аталмыш оқиғаға байланысты «Twitter» парақшасына: «Сүрия қарулы күштері Латакияға шабуыл жасаған Израиль ұшақтарын атып түсіреміз деп, кездейсоқ Ресей жағалау патрульдік ұшағын атып түсірген» - деп жазды.
Өз кезегінде «Интерфакс» ақпарат агенттігі әуе кемелерін іздестіру және құтқару халықаралық ұйымына сілтеме жасап, «Ил-20 ұшақ бортында болған келеңсіз оқиғаларға байланысты апатқа ұшырап, Жерорта теңізіне батып кетуі мүмкін» деген ақпарат таратқан.