«Өмірде, ілімде таза әрі адал боламын» деп Гиппократ сертін қабылдаған дәрігерлер қаншалықты антына берік? Дәрімен де, жанымен де адам ауруына шипа беруді таңдаған дәрігерлер ілімде бақытты болып, ел арасында мәңгілік даңққа бөленіп жүр ме? Ақ-қарасын ажыратып көрелік.
Қазіргі таңда дәрігерлердің салғырттығы салдарынан жапа шеккендер мен қаза болғандар саны артып келеді. Бұрындары жыл санап осындай оқиғалар тіркелсе, бүгінде ай сайын науқастар мұңын еститін болдық. Жақында елордадағы №2 көпбейінді қалалық ауруханада ана өлімі тіркелді. Бұл – жыл басынан бері Астанада қайтыс болған бесінші ана.
Біз айтпасақ...
Алматыда 2012 жылдың қыркүйегінде болған жол апатынан жүргізуші қаза тауып, 22 жастағы Диляра Агишева есімді бойжеткен ауруханаға жеткізілген болатын. Бірақ қансыраған науқастың денсаулығына салғырт қараған ақ халаттылар оны ажалдан арашалап қала алмаған. 2014 жылы Павлодардың перинаталды орталығында жүкті әйел қайтыс болды. Он тоғыз жастағы Тамара Морозова дәрігер еккен екпеден соң, өзін нашар сезіне бастаған. Мұның уақытша синдром екенін айтып сендірген аурухана қызметкерлерінің қателігінен жас ана сәбиімен көз жұмды. Биыл дәл осы жағдай Қызылорда облысы, Сырдария аудандық ауруханасында орын алды. Аудан дәрігері мен акушері босанған жас ананың денсаулығын бақылауға алмаған. Нәтижесінде, ұл баланы дүниеге әкелген Алтынай Тәжімова көз жұмды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу кезінде сол күні жұмыс жасаған мамандардың кәсіптік міндеттерін тиісті атқармағаны анықталды. Сот үкімі бойынша дәрігерлерлерге 2 жылға бас бостандықтарынан айыру жазасы тағайындалды.
Бұдан бөлек Қаскелеңдегі бір топ ақ халатты медицина қызметкерлерінің операциядан кейін ес-түссіз жатқан науқастың артында түскен суреті барша халықты дүрліктірді. Ота барысын емін-еркін әлеуметтік желіге жариялаған дәрігер өз ісіне салғырттық танытатынын айқын көрсетті. Мәскеуде дәл осы жағдайда суретке түскен барлық қызметкерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, қызметінен шеттетілген болатын.
Жоғарыда айтылған деректер дүмше дәрігерлер ісінің «қаймағы» ғана. Адам денсаулығына бейжай қараудың кесірінен талай отбасы зардап шегіп келеді. Неліктен?
Біріншіден, жоғары оқу орындарында медицина бөлімдерінде оқитын кей студенттер өз мамандығына бей-жай қарайды. Білікті маман болудан бұрын, диплом алып шығуды көздейді. Сондай-ақ, ауруханаларға қызметке орналасқан соң, теориялық білімді тәжірибе жүзінде дамыта алмайды. Сол себепті кадр тапшылығы жиі байқалады. Бұл – екінші. Үшіншіден, жеңнен жалғасқан жемқорлық жастардың аяғын тұсап тастайды. Мәселенің басы осы ауыр дерттен басталады десек, қателеспейміз.
Кадрден қадір кетті
Медицина саласында маман тапшылығы айқын байқалады. Мәліметтерге сүйенсек, бір дәрігерге 2000-ға жуық адам қаралады екен. Жыл басынан бері 9 млн қазақстандық алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдарына жүгінген. Бірақ, соңы өлімге алып келетін кардиология, онкология, эндокринология сынды аурулардың алдын алуға тұрғындар бейжай қарайды. Яғни елімізде дәрігерлер қатары жылдан-жылға сиреп кеткен. Қазірдің өзінде қызмет етіп жүрген ақ халаттылардың 14-15%-ы зейнеткерлік жасына таяп қалғандар. Ал 50%-ға жуығының жасы 50-ден асқан.
Биыл Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2019 жылдан бастап алғашқы медициналық көмек көрсету тарифын көтеру арқылы бейінді мамандардың еңбекақысы 20%-ға артатынына уәде берді. Республика бойынша 1 млн тұрғын ғана мамандар көмегіне жүгінген. Осы орайда елімізде шағын медициналық орталықтар саны мен сапасын арттыру кезек күттірмеуі қажет.
Тобықтай түйін
Кезінде «дүмше молда дінді бұзар» деуші едік. Қазір «дүмше дәрігер денсаулықты құртар» дейтін болдық. Дәрігер – адам жанының арашасы. Ақ халатты абзал жан атауы бекерден бекер айтылмаса керек-ті. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Басы ауырып, балтыры сыздағанның барлығы бірден ауруханаға, емханаға бармайтыны да мәлім. Дерті әбден асқынғанда ғана аурухана табалдырығын тоздырып, сан соғатын адамдар бар. Дегенмен, осы уақытқа дейін орын алған фактілер ақ халатты абзал жандар алдына келген науқастың дертін дер кезінде анықтай алмай, талай жанды сандалтып кететінін көрсетті.
Көпке топырақ шашу мақсат емес, алайда дәрігер өз қателігінің артында әрбір адамның тағдыры, тұтас өмірі тұратынын жадында сақтаса керек-ті. Дүмше дәрігер деп дабыл қағатынымыз да сондықтан. Түптің түбінде «Гиппократ анты» үшін өз қызметін құрмет тұтса деген оймақтай ой...