Қытайдағы қазақ мәселесі өз алдына, отанына оралған қандастардың азаматтық алуына не кедергі?
Кеше, 15 тамыз күні түстен кейін, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен Алматы қаласы Алатау аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының жанында ата жұртқа келгенімен азаматтық алуда түрлі кедергілер мен қиыншылықтарға тап болған қандастармен кездесу өтті.
Шараға Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тікелей қолдауымен қолға алынған «Отан оттан да ыстық!» жобасының себепші екенін және оған «Адырна» бірлестігі мен «КЕШ» құқық қорғау орталығының жаршы болғанын айта кеткен жөн.
Шын мәнісінде, кездесуді құқықтық курс негізінде өткізу жоспарланған. Яғни, Көші-қонға жауапты құзырлы орындардың өкілдері кездесуде азаматтық ала алмай сарсаңға түскен қандастардың мәселелерін тыңдап, нақты ұсыныстар мен кеңестер беру көзде ұсталған. Алайда, ресми хат арқылы шақырған Алматы қалалық Көші-қон полициясының өкілдері бұл шараға келмей қалды және оның себебін де түсіндірген жоқ.
Дегенмен, шара нәтижесіз қалмады. «Адырна» бірлестігі мен «КЕШ» құқық қорғау орталығының өкілдері кездесуге жиналған қандастардан 30-ға жуық адамның нақты мәселелерін тыңдап, жекелеген арыз шағымын тапсырып алды. Бұдан ары бірлестік бұл талап-арыздарды қатысты мекемелерге, құзыретті орындарға жеткізуді өз мойнынан алып отыр.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, бұған дейін де іске қосулы болған құқықтық қызмет көрсету жедел желісі арқылы (+77788087708 және +727 983 51 33 номерлері арқылы) қабылданған мәселелердің дені мынадай:
· Оралман куәлігінің уақыты өтіп кету себебінен азаматтық ала алмау;
· ҚР азаматтығын алуға (ары қарай азаматтық алу немесе азаматтыққа тапсыру) құжаттар тапсырғанымен 1 жыл немесе одан да ұзақ уақыт ішінде ала алмау, ал, Көші-қон бөлімшелерінен «Біз білмейміз» дейтін жауап алу;
· Ықтияр хаты дайын болмауы, Ықтияр хатын алу үшін де жылға жуық немесе жылдан аса уақыт күту:
· Паспорттың жарамдылық мерзімінің өтіп кетуі;
· Виза уақытының өтіп кетуі;
· Делдалдар арқылы тапсырылған құжаттарының уақытылы шықпауы;
· Туыстарының Қытай тарабынан ұсталып кетуі;
· Қытайдағы туыстарын қалай шақырту керек және тағы басқа мәселелер.
Осы сұрақтар арасында еліміз территориясында шешілуі мүмкін мәселелері, ҚР азаматтығын алуға ең бір кедергі болып тұрған тұстарды қарастыру, зерттеу, қатысты орындарға сұрау салу істері аталған ұйымдастырушы бірлестіктер борыш етіп отыр.
Азаматтық алуға көбірек кедергі болды делінген «Оралман куәлігінің» мерзімі өтіп кету мәселесі туралы бірлестік мынадай себептерді көрсетеді:
Ең әуелі, азаматтардың салғырттығы басты себеп болып отыр. Айталық, құжаттың маңыздылығын, оның шетелдіктерден қандастарды бөліп тұрған бірден бір құжат екеніне мән бермей және құжат бетінде көрсетілген жарамдылық мерзіміне назар аудармауы басты мәселе екенін айтады. Екіншіден, жергілікті көші-қон органдарының қызмет сапасының төмендігі. Қызметкерлердің жауапкерсіздігі. Бұның бәрі делдалдардың бұл мәселелерге араласуына мүмкіндік беріп отырған басты факторлар екені мәлім.
Аталған шараның да басты мақсаты – осы қордаланған мәселелердің шешу жолдарын қарастыру; құзыретті органдарға құлаққағыс ету; биліктің назарын аудару болған.
«Адырна» бірлестігі өкілдерінің айтуынша, кейбір аудандарда көші-қон мекемелерінің мүлде жұмыс істемейтінін, ал кейбір жерде қызмет сапасының көңіл көншітпейтіні осы жобаны жүзеге асыру барысында анық болған. Тіпті, осы мәселе бойынша жемқорлық фактілері де тіркелген. Бұл туралы нақты дәлелі бар азаматтардың да хабарласып отырғанын айтады. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін Еңбекші-қазақ ауданына қарасты Шелек ауылдық окургіне барған бірлестік мүшелері, ондағы көші-қон қызметінде шынымен ашықтық жоқ екенін байқаған.
Аталған мәселелерді қолға алған бірлестік алдағы уақытта Есік, Іле ауданы, Ұзынағаш сынды орталықтарға баруды көздеп отыр. Осы жұмыстардың қорытындысынан кейін, тек делдалдарға ғана пайда түсіретін, қатысты органдар мен құжат тапсырушыларды әуре-сарсаңға салатын кейбір қажетсіз құжаттарды алып тастау мен түрлі кедергілердің жойылуын да талап етуге болатынын айтады.
Кездесуге жиналған қандастардың пікірлеріне құлақ түргенімізде, жергілікті көші-қон мекемелерінің мәселеге атүсті қарайтынын көбірек айтты. Екі айналып сұраған мәселеге қабақ шытып, дауыс көтеретін мемлекеттік қызметкерлерден әбден шаршап, атамекенге деген ынта-пейілінің пәс болып қалатынын да жасырмайды. Бұдан өзгеде бірқатар проблемаларды арнайы тақырыпты, көлемді сараптамалық материалды қажет етпек.
Қытайдағы қазақ мәселесін шешу өз алдына, отанға оралған қандастарды сабылтқан сарсаң жүріс, қасаң қағида, қабат-қабат қаттама құжаттардың әуресін шешу Қазақ билігінің, Қазақстан Республикасының өз қолында емес пе. Шекара сыртындағы қазақ тағдырын көре отырып, өзім дегенге бұл билік қашан бауырын жылытады?!