Білім мен тәрбие әрқашан күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып келгені баршамызға белгілі. Қазір заман өзгерді, талап өзгерді. Бүгінгі бала — ертеңгі болашағымыз. Олай болса, білім деңгейі мен шығармашылық қабілеті жоғары шәкірттерді тәрбиелеу басты міндет екенін ұмытпауымыз қажет. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанды ХХІ ғасырда дамыған елдермен теңестіріп, өркениетті әлемнен мәртебелі орын алуына ықпал етер бірден-бір құрал — білім, білімді ұрпақ», - деп ХХІ ғасырды ғылым мен білімнің ғасыры атады.
Бүгінгі таңда «Мектеп», «Білім», «Атамұра», «Алматыкітап», «Жазушы», «Арман-ПВ», т.б. баспалардан шыққан кітаптар мен оқу-әдістемелік құралдар мектеп бағдарламасында қолданылуда. Осы баспадан шыққан оқулықтардың сапасы сын көтере ме?
Осы кезге дейін білім тақырыбы мен оқулық дауы айтылып та, жазылып та жүрген мәселе. Естеріңізде болса, министрлік басшылығы 30-ға жуық баспа қызметкерлерін шақыртып 100 кітаптың әр кітабынан 200-300 қате тапқаны бар еді. Бұл — аса өрескел қателерге жол берушілік болып саналады. Осыдан кейін "біз кітап шығарып жатырмыз, сапалы білім берудеміз" , деп ауыз толтырып айта алмаймыз.
Онымен қоса, оқушылар жыл сайын әртүрлі оқулықтан білім алады. Екі кітаптың мазмұны тиісінше бір-бірімен мүлдем сәйкеспейді. Мысалы, бұрын «Атамұра» баспасынан оқыған оқушы «Мектеп» баспасынан шыққан оқулықты мүлдем түсінбеуі мүмкін.
Бір ел болған соң, бір оқулық болу керек. Бір жарым миллиард Қытайда бір ғана оқулық болған кезде, 18 миллион ғана болатын бізге мектеп бағдарламасы үшін бес-алты баспадан шыққан түрлі оқулықтың қажеті қанша? Әлде осы баспалардың барлығының көздегені тек ақша болғаны ма?
Оқулық салмағының ауырлығы баланың денсаулығына зиян. Ата-аналар тарапынан "Баламыздың өзінен сөмкесі ауыр" деген шағымдар түсіп жүр. Жалпы, оқулықтардағы осындай олқылықтар туралы әңгіме бұл салада әлі қыруар шаруаның бар екенін аңғартады.
Оқулықтағы көз сүрінетін қателерден орфографиялық емес, саяси қате кетіп жатыр, - деп ktk.kz порталы ақпарат таратқан болатын. Оқулықта Украинаның аннексияланған Қырым аймағы Ресейдің бір бөлігі деп жазылыпты. Қазақстандағы Украина елшілігі кітаптағы олқылық қалай жіберілгенін түсіндіріп беруді талап етті. «Мектеп» баспасынан шыққан оқулықтан дау басталған еді. Білім және ғылым министрлігі дау тудырған оқулықты дереу тексеруді қолға алып, ондағы ақпаратқа сараптама тағайындаған.
ҚР Білім және ғылым министрлігі 2018-2019 оқу жылы қолданысқа енгізілетін оқулықтарды сараптамадан өткізуде. Қолданыста жүрген оқулықтардың қателіктерінен көз сүрінгендіктен оқулықтардың «Қоғамдық бағалау» порталын орналастырды. «Қоғамдық бағалау» порталы оқулықтар сапасы бойынша ата-аналар мен педагогтардың пікірлері мен ұсыныстарын қабылдауға арналыпты. Келіп түскен сын-ескертпелер, сондай-ақ, кітаптардың сапасы мен мазмұнын жақсартуға қатысты ұсыныстар кітаптарды өңдеу кезінде назарға алынатын болады.
Оқулық мәселесінің өзекті екенін қоғам да мойындады. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері осы сынды мәселелер оң шешімін таппай келеді. Білім жүйесін қолға ала алмай жатқанда, ұрлық- қарлық, жемқорлық пен кісі өлтірушілікпен қалай күресе аламыз? Осындай жайттарды көріп отырып, елімізде тіпті мектеп оқулықтарын да шығаратын арнайы мамандар жоқ па деген де ой келеді.
Осы тұста 40 жылдық еңбек өтілі бар әрі қазақ балаларының нағыз жанашыры ретінде көпшілікке танымал ұстаз Өтебаева Мейрамгүл Айтбекқызының пікірін білген едік.
«40 жылдан астам мектепте қазақ тілі мен әдебиетіңің мұғалімі болып қызмет атқардым. Осы еңбек жолында балаларды түрлі әдістермен, түрліше әдістемелермен оқыттық. «Атамұра» —тәуелсіздіктің баспасы. Мен үшін де, оқушыларым үшін де осы баспаның оқулықтары өте ыңғайлы болды. Неге десеңіз, көп тапсырмалары балаларды ізденіске баулиды, логика басым.
Жалпы оқулықтардығы кейбір өрескел емес қателерді аттан салып, мәселе қылып көтерудің қажеті жоқ. Ондай қателіктер болып жатады. Автордың я болмаса баспагердің де жіберген қателігі болуы мүмкін.
Қазіргі уақыттағы жүйе бойынша латын тілінің жаңа кітаптарға енетініне іштей ризамын. Бізге латын тілі анау айтқандай жат дүние емес. Қазір зейнетке шығып немерелеріме латын тілін үйретіп отырмын. Тілі жеңіл, бүгінде немерелерім мәтінді латын тілімен оқып жүр»
Қатеден көз ашпайтын көп оқулықтарымыз мектеп бағдарламасында әлі де бар. Оқулықтың өзі дұрыс емес кезде қалай балаға оқымадың дей аламыз. Әрине жаза берсең, шегіне жетпейтіндей көрінеді. Өскелең ұрпақ сауатты білім алсын десек, алдымен кітаптарға назар аударғанымыз жөн. Жақсы оқулық – ұлттың игілігі, рухани құндылығы.