Кіріспе

Түркістан туралы Ақселеу Сейдімбек айтыпты дейтін мына бір сөзді ағалардан естуші едік. «Кейде Түркістанды ойлап алаң күй кешемін» дейді екен Ақаң. «Сондай сәттерде көлікке отырамын да, Астананы айнала жүріп, қаланың Түркістан жақ шетіне барамын. Сол арадан биіктеу бір жерге шығып, Түркістан атырабына күн салып қараймын. Сол кезде ең алдымен Құлбек Ергөбектің нобайы көзіме түседі. Құлбекті көремін де, «е-е-е, Түркістан орнында екен ғой» деп, көңілім жайланып, үйге қайтамын».

Әзіл-шыны аралас әңгіме болса да, осы сөздің астарында үлкен негіз жатқанын аңдау қиын емес. Қазақстанның Астана мен Алматыдан басқа облыс орталықтарында, қалаларында зиялы қауым өкілі деп айтуға лайық тұлғалардың тұруы көңілге медеу екені анық. Олар – сол өңірдің діңгегі іспетті, руханияттың туын ұстап, ұлт болмысының ұйтқысы бола білетін жандар. Ақселеу ағамыздың Түркістанда Құлбек бауырының бар екеніне көңілі тоғайып, қасиетті өңірдің хал-жағдайын сол бір адамның барлығымен бағалап жатқаны содан болса керек. Түркістанға жолымыз түскенде біз де ғалым, сыншы, әдебиет зерттеушісі Құлбек Ергөбек ағамызды әдейі іздеп бардық. «Qazaqtimes.kz» атты жаңа сайт ашып, ақпарат айдынына ат қосқалы жатқанымызды естіген ол кісі қуаныш білдіріп, құтты болсын айтты. Көңілдегі айтар сөзі кернеуінен асып тұратын адамдар болады ғой. Құлбек ағамыз да солардың қатарынан-ды. Ойша даярлап барған сұрақтарымыздың шетін шығардық па, шығармадық па, ары қарай ағамыз өзі-ақ ақтарылып жүре берді.

Ескерту: Бұл – сұхбаттың бірінші бөлігі, қалған бөлігі жақын күндерде жарияланады.

Ахмет Яассауи кесенесі. 2016 жыл, 16 желтоқсан

Түркістанға әкімдер уақытша келеді, қойны-қонышын толтырып кетеді

Құлбек аға, Түркістанға бірінші рет келген адам қаланың өзіне тән ерекше аурасын, қасиетін сезінетіндей. Әсіресе, Ахмет Яссауи кесенесі мен оған қатар жатқан тарихи орындарды аралаған кезде өзгеше бір сырлы әлемге, оқшау ортаға тап болғандай күй кешеді. Қаланың тарихи, рухани болмысы бөлекше. Тіпті, бұндағы адам басқа дүниеге сырттан көз салып, барлап отыратындай десем артық емес. Ал, ел мәдениетінің, руханиятының арнасы, өлшем-деңгейі әдетте алып қалалармен өлшенеді. Өзіңіз осы шаһардың тұрғыны, ел ағасы ретінде Астана мен Алматыға, өзге де облыс орталықтарына қарап отырып, ұлттық болмыс биігі, мәдениет, руханият ағыны қалай қалыптасып, қалай бағыт алып бара жатыр деп ойлайсыз? Сырт көз ретінде нені аңдайсыз?

– 1980 жылы, қыстың көктемге ұласар ыбылыңқы-сыбылыңқы шағында, сол кездегі «Қазақстан теле-радио корпорациясы» Әдеби-драмалық хабарлар Бас редакциясы тапсыруы бойынша, қазақтың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлына барып, он екі күн әңгімелескен жайым бар. Телеарнадағы әдеби-драммалық хабарлар бас редакциясының бас редакторы Сұлтан Оразалинов.  Жастық қой, бірден үлкен сұрақтан бастап кетіппін. «Жалпы, Ұлы отан соғысы әлемдік тарихта қаншалық рөл атқарады және келешегі қалай болады?» деп сұраймын ғой. Сонда, Баукең мұрты шаншыла қалып, «сен маған осынша үлкен сұрақ қоясың, бірақ жауап беруге бес-ақ минут уақыт бересің» дегені бар еді. Сол секілді, үлкен сұрақтан бастап отырсың. Олай болса, алдымен Түркістан туралы кеңіте әңгімелейік. Қалған мәселеге байланысты пікірді екінші сұрақтың жауабы ретінде айта жатармыз.

Біріншіден, Түркістан шынында да, қазақтың өзге бірде-бір қаласына ұқсай бермейтін жәдігер шаһар. Қазақтың бірде-бір қаласының дәл Түркістандай дүниежүзіне даңқы кеткен емес. Бірде-бір қаласы түркі халықтары арасында дәл Түркістандай қастерлі емес. Сен бұны, сырттан келіп жақсы байқағансың. Бірақ, бұны осы Түркістанның ішіндегі азаматтардың, өңірде басшылық жасап жатқан жігіттердің сезіне білмейтіні, түсіне білмейтіні менің жаныма батады. Әйтпесе, бұл қала да Астанаға тең демесек те, соған жетеқабыл өсетін уақыты болды. Өкінішке қарай, Түркістанға әкімдер уақытша келеді, қойны-қонышын толтырып қайқайып қайыра  кетіп бара жатады. Мен Түркістанға тұрақты қоныс тепкелі 25 жыл. Осы 25 жылда 8 облыс әкімі, жәдігер қаланың 21 басшысы ауысыпты. Көбіне сырттан келеді, сыртқа кетеді. Түркістанның қадірін біліп те үлгермейді. Облысқа келген басшы алғашқы күні «менің бағдарламамда Түкістанды дамыту жоспары бар» дейді. Шамасы, Елбасы облыс әкімін қызметке тағайындау сәтінде Түркістандай бойтұмар шаһарды дамтыу, түбірінен түлету жайында тапсырма беріп-ақ жібереді. Бәлкім, халықтың сеніміне кіру үшін солай айтатын шығар. Бірақ, бес жыл, не алты жыл отыра ма, Түркістанға ештеңе істемей кетіп бара жатқанын көресің. Олардың арасында кім жоқ? Қыз зорлап 101 баппен сотталған да, әкімдік институттан тәжірибесі былай тұрып, хабары жоқ  құр «қалта» жігіттер де болды. Соның көбінде Түркістанға деген перзенттік бейіл, басшылық жауапкершілік болған жоқ. Ойлағаны – құлқын, қалта қамы. Әйтпесе, ҚР тарихи Президентінің тарихи жәдігер шаһарға деген ыстық ықыласына, тарихи көзқарасына бақсақ, қай-да, Түркістан өсіп-өркендеп кететін уақыты болды, болдың не, әлдеқешен өтіп кетті, қарағым!

Құлбек Ергөбек, ғалым, әдебиет сыншысы. Түркістан, 2016.12.16

Түркістанның қадірін  Президентіміз біледі. Күмәнім жоқ. Өйткені, ол кісінің «Түркістан – түрік халықтарының рухани астанасы ретінде түлеу керек» деген Бағдарламалық сөзі бар. Бағдарлама болғанда бар ғой, кемел Бағдарлама!  Қала әкімдері жайында айттым-ау. Ал облыс әкімдері тіпті, жоғарыдан осы Түркістанға бөлінуге тиісті қаржының ізіне түсіп, қузап, оны алып келуге де септесе бермейді-ау. Түркістан мен ойлағаннан баяу дамып келе жатыр. Соңғы жылдары ғана қала әкімінің ұйымдастыруымен Түркістан қақпасы орта ғасырлық Сәулет стилінде орнатылды.

Менің ойымша, Түркістан түрік халықтарының рухани астанасы ретінде әлі толық түлей алмай жатыр. Бұған бір жағы қазақ қоғамындағы даму үдерісінің әр келкілігі себеп. Түркістанның дамуы қазақ қоғамына, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, экономикалық қуатына байланысты. Өңірге келген басшы азаматтар Түкістанға түрік елдерінен инвестициа тартса, жарасып кетер еді. Бірақ, оны да әлі күнге ешкім істей қойған жоқ. Жақында ғана облыс әкімі ауысты. Орнына руханият мәселесін түсінеді-ау дейтін  филолог профессор Жансейіт Түймебаев келді. Келе зиялы қауымды жинады. Сөз кезегі тигенде мен өз ойымды айттым: «Баяғыда Петр 1 қазақ елін, қазақ жерін «менің Шығысқа шығатын терезем» деген екен. Осы облысты сыртқа танытам, инвестор тартамын десең, сенің шетелдерге шығатын, түрік дүниесіне шығатын есігің Түкістан болуы керек» дедім. Әкім бұны қорытынды сөзінде мақұлдады.

Туған жерге деген перзенттік махаббатым шығар, менің Түркістан туралы ойым үлкен. Ойлап қарасақ, қала қазақ хандығының үш ғасыр астанасы болды. Қазақ жойылып кетуі мүмкін жойқын соғыстарда пана болған Түкістан, бейбіт кезеңде халқымызға ана болған Түркістан ғой бұл.

– Осы арада бір ой кірістіре кетейін, кезінде Түркістан қаласы да тәуелсіз Қазақстанның астанасы болуға лайық қалалардың қатарында аталыпты. Әсілі, Түркістанның астана болмай, осылай өз болмысын сақтап, тарихи жәдігер, таза жақұт мұра ретінде дербес тұрғаны дұрыс сияқты.

Кезінде қазақтың қарымды қаламгері, қайраткер тұлға Шерхан Мұртаза ағамыздың мені іні тұтып  ақылдасқаны бар. «Астананы Ақмолаға көшіреміз дейді. Баспасөзде әртүрлі ой айтылып жатыр. Түкістанға қарай тартсақ қайтеді, Түркістан астана бола ала ма? Қалай ойлайсың?» деп еді. Ол кезде «Түркістан мемлекеттік университеті» жаңа ашылған кез. Мен соған келіп-кетіп, сабақ беріп жүремін. «Түркістан түлесін десек...» атап «Егемен Қазақстан» бетінде мақала жариялап жатамын. Сосын да ағамыздың ақыл салып тұрғаны! Оның үстіне «Бөрілі байрақты» ту ету жөнінде ұсыныс айтып, оны Шерағаң Жоғарғы Кеңесте жойқын қолдағаны бар. Сосын мен «Шер аға, су тауып бере аламыз ба. Астана болған соң, халқы миллионға жқарай кетеді. Қаратаудан сарқырап жататын ата бұлақтар қазір сарқылды. Балабұлақтар балаламай қалды ғой. Су мәселесін шешу қиын болмай ма?» дедім. Шерағаң ойланып қалды. Сырдарияның суы да көршінің ықылас-пейіліне байланысты. Ол жақтан су мол жіберілсе, Түркістан аумағы жайнап, жасаңғырап қалады. Ал, суды тартып қалса, дарияның да танабы тартылып құрғақшылық етек алады.

Мен бірақ, Түркістанның жерасты  толқыған дария екенін ескермеппін. Шерағаңа кезінде дем бере алмағаныма бүгін өкінемін. Егер Түркістан астана болса, әрине, өсер еді. Ондай жағдайда, Сырдарияның суын да жұтып, өңірді экологиялық зардапқа ұшыратып жатқан, сөйте тұра, мемлекеттік стратегиямызда орны бар, экономикамызға үлес қосып жатқан Байқоңыр тоқтар ма еді, кім білсін!? Дей тұрғанмен, Елбасының Түркістанның отарлық кезеңдегі таз кепешін сол қалпы қалдырмай, тәуелсіз, жаңа уақытқа сай, жаңаша дамытқысы келіп отырған саясатын, ұстанымын қолдаймын. Ол кісінің «Түркістан түрік халықтарының рухани астанасы ретінде гүлдеуі керек» дегені кемел сөзі көсем пікір.

Елбасы маңындағылардың көбі рушылдықпен барып алғандар

– Тәуелсіздік алғанымызға міне, ширек ғасыр толды. Осы уақыт аралығында ұлт ретінде ұйыса алдық па? Тәуелсіз түркі елдерінің бірлігі қай деңгеге жетті дер едіңіз?

Тәуелсіздікке жететін қастерлі ештеңеміз жоқ. Сондықтан, тәуелсіздікке байланысты ой – ылғи да кісіні қанаттандыратын ой болу керек. Жиырма бес жылда еліміз жеткен жетістік мол. Экономикалық өсім де, руханияттағы ілгерлеу де бар. Біздің билік те, халық та халықаралық өреде ойлай бастады. Журналистеріміз де азат ой айтып жүр. Бірақ, жетістігімізді ешкім тартып алмайды. Осы жиырма бес жылда біз ұлт болып тұтаса алмадық. Жиырма бес жылдық мәртебелі тойда мен Елбасының сөзінен соны аңғардым. Президент «бізді сырттан келіп ешкім жаулап алмайды, бізді құртатын ішіміздегі берекесіздік, алауыздық» деді бір сөзінде. Осыны айтқызып отырған жағдай, шынында ел арасында бар. Осы 25 жылда  қазақ ұлты мемлекет құраушы ұлтқа айнала алмадық. Мемлекет механизм ретінде қазақ ұлтын тұтастыра  алмады. Елбасының көбіне «Қазақстан халқы Ассамблеясына» арқа сүйей беретіні, тіпті «қазақстандық ұлт» идеясын тастауы да міне, осыдан  болуы керек. Есесіне, осы жиырма бес жылда рушылдық күшейіп, асқынып кетті. Бұл біздің ұлттық тұтастыққа жетуімізге үлкен кедергі.

Қазақ елі ой-санасы, руханияты, ішкі-сыртқы мәдениеті тұрғысынан үш этапты бастан кешіру керек еді. Ол – рудың өзін-өзі тануы, бағалауы, тарихын тануы. Бірақ, мұнда ұзақ аялдап қалмай, өзін тануды өзімшілдік рушылдық сырқатқа айналдырмай, ұлттық тұтастыққа ден қою керек еді. Қазақ ұлты тіпті, Елбасы арқа сүйеп жүрген «Қазақстан халқы Ассамблеясының» өзегіне айналуы керек қой. Дәл қазір қазақ ұлты кешегі 1986 жылғыдай ұлттық ынтымақ-бірлікте ме? Мен олай деп айта алмас едім. Қазақтың оянуы ХХ ғасыр басында керемет болған. Биік дәрежеге жеткен.  Азаттықты армандап күн кешкен ол кездегі қазақтардың  ұлттық санасы азат еді. Өзара ынтымағы ұлттық тұтастық өресіне жеткен дерлік. Азаматтардың ұлттық санасы тұтас еді. «Қайтсек ел боламыз?» деген идеяға топтасты олар. Осы оянуды ұлттың мүддесіне жұмсай білді. Қазір қазақ ұлты ХХ ғасыр басында қазақ ұлты жеткен ұлттық тұтастыққа жете алмай отыр. Әйтпесе, жаңағы айтып отырған Желтоқсан қозғалысына да қазақ тұтасып жетті, ұлт болып ұйып жетті. Сонда оларды ұйытқан ұйтқы не? Ұйтқы орыс отарлығына қарсы – ұлттық намыс. Ұлттық намыс Азаматтық болмысты туғызды. Жекенің азаматтық болмысы жалпының азаматтық болмысына ұласты. «Азамат жүнжіме, жүрме бос...»ұранға айналды. Енді ше? Енді ме? Тәуелсіздікке дейін ынтымақтасып жеткен ұлттық тұтастықты  күйретіп алғандаймыз. Бұл не? Бұл – Елбасы айтқандай, Тәуелсіздікті алғаннан, алған Тәуелсіздікті  сақтап қалудың қиын екенін ойламағандық. Мына қым-қуыт заманда жұдырықтай жұмылған ынтымақ жоқ жерде ырықсыздық билеп, ұлттық ырысыңды бір сәтте ыдысыңнан аударып алуың мүмкін екенін жете пайымдамау. Талай боздақтарымыздан айырылдық. Алаш ардақтылары жойылғанымен, оның идеясын ұстанған Бейсенбай Кенжебаев, Ермахан Бекмаханов тағы басқа тұлғалар бізді бостандық идеясымен жетелеп отырды. Олардың ой құрбандығы, шеккен азаптарының арқасында біз тәуелсіздікке жеттік. Тәуелсіздікке тұтасып жеткен ұлт, тәуелсіздік заманында сол тұтастығына жете алмай қалды. Бұдан асқан қасірет бола ма?

Екінші кезең – ұлттық тұтастықтан ұлтшылдыққа жету кезеңі. Ұлтшылдық десе біз кірпідей жиырыламыз. Өйткені, кешегі кеңестік идеология «ұлтшылдықты» бөжек көрсеткен. Ұлтшылдық – ұлтыңды сүю сезімінің ұлттық тұтастықта көрінуі. Ұлтшылдық тұтас ұлт бойында болмай, ұлт бойындағы тұтастанған сезім болмай – қазақ мемлекет құраушы ұлтқа айнала алмайды. Онда рушылдық өреде қалып қоюы мүмкін. Ондай болса тәуелсіздікке қауіп.

Құлбек Ергөбек, ғалым, әдебиет сыншысы. Түркістан, 2016.12.16

ХХ ғасыр басында оянған жалғыз қазақ халқы емес еді. Сол кездегі діни, алашордашыл, демократ ағартушыларымыздың бәрінің рухани ортақ ұстыны «оян қазақ» болғаны мәлім. Сол секілді, Ғаяз Ысқақи, С.Махсуди, Ақшора бұлар татар халқын оятқан. Ғалымжан Ибрагимов, Ахмет Заки Валиди башқұрт халқын оятты. Ал, Чулпан, Фитрат, Абдолла Аблани секілді қайраткерлер өзбек ұлтын оятқан. Сондықтан, бұл кез барлық отар ұлттардың оянған сәті. Бұл түрік ұлт-ұлыстары арасында көрінген ұлтшылдық сарындар. Қазақ ұлтшылдығы, өзбек ұлтшылдығы, татар ұлтшылдығы... Оянушылық түрік ұлт-ұлыстарының бәрінде бірдей бола қойған жоқ. Әсіресе, сібірдегі әбден аяқасы болып жұтаған, шоқынған, азған, тозған аз ұлттар ұлттық оянушылыққа жете алмады. Сол себепті оларда ұлттық тұтас сезім – ұлтшылдық бола қоймады. 4 мың шор, әйтпесе 70 мың алтай, шуаш  ұлтшыл болып не істей алсын?! Ал біздің Алашорда қозғалысы – қазақ халқын ұлттық тұтастыққа әкелді, ұлт бойына ұлтшылдық тұтас сезімін еге алды. Ұлтшылдық қазақ ұлтында ХХ ғасыр басында қалыптасты. Совет өкіметінің 70 жыл бойы «ұлтшылдықпен» күресетін себебі міне осыдан!

Тағы бір сұрақ туады: «Қазақ ұлтшылдығы» Алашорда өкілдерін қынадай қырып тастаған 1937 жылмен бітпеді ме?»  Алашорда біздің мемлекеттігіміздің бір бастауы, бір белеңі. Олардың Орынборды қазақ астанасы етуден қашатыны, тіпті 1920-25 жылғы Түркістан Республикасынан тартына беретіні – қазақ ұлты мемлекет құраушы ұлтқа айнала алмай қала ма деген қауіптен. Ұлт өз жерінде мемлекет құраушы ұлтқа айналмаса – ол ұлттың келешегі неғайбіл.  Сұраққа көшейік, Алашорда өкілдері түгелге жуық атылып кеткенімен, ұлтшылдық идеясы жалғасып жатты. Б.Кенжебайұлы, Е.Бекмаханов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Т.Нұртазин, Х.Махмудов, А.Л.Жовтис Алашорда идеясын әрі қарай жалғап бара жатты. Түркияға кетіп қалатын С.Лапин, Еуропаға кетуге мәжбүр М.Шоқай бір есептен қазақ ұлтшылдығы идеясының сырт байланыстары. Кейінгі ұрпақты Желтоқсан идеясына жетелеген, тәуелсіздікке ұмтылдырған рухани күш – Алашорданың аманатындай ұлтшылдық! Бүгінгі қазақ азаматтарына жетпей жүрген бір мәселе – ұлтшылдық. Біздің бүгінгі ұлтшылдығымыз ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлтшылдығының қасында жіп есе алмайды. Ол ұлтшылдықтың тұтас ұлтты қамтыған кезеңі, бүгінгі ұлтшылдық бір ғасыр бойы таяқ жеп ит сілікпесі шыққан селкеу-секем ұлтшылдық. Ұлтшылдықтан басшымыз да, қосшымыз да тұра қашамыз. Шынына келгенде қазақ қоғамы бойындағы рушылдықты ұлтшылдық қана қуып шыға алады.Ұлтшылдықпен  бір кісідей күрескен  жазушы Ғабиден Мұстафин 1980 жылы «Бұрын ұлтшылдықпен күресіп едік, енді ұлтсыздықпен күресетін уақыт келді...»-дейді. Ұлтсыздықпен күрес – ұлтты ұлтшылдыққа үндеу!

Ендігі бір кезең – түрікшілдік. Түрікшілдіктің теориялық негізін қалаған тұлға Зия Гөкалып. ХХ ғасыр басында Түркістанға келіп үлкен жиын жасаған. Түрікшілдік ХХ ғасыр басында күллі түрік жұртына кеңінен жайылған ағым. Сол тұста ұлттық биіктен ары қарай көтерілген азаматтарымыз болды. Оған жарқын мысал Мағжан жұмабайұлы,   Мұстафа Шоқай! Мағжан Жұмабайұлының «Түркістан» аталатын өлеңі – күллі түрік жұртының гимні. «Алыстағы бауырыма» – Түркияның тәуелсіздігіне орай жазылған. Мұстафа Шоқай түрік бірлігін армандаған адам. С.Мақсуди, Ақшора, Г.Ысқақи «Еділ-Орал» (Хазар мемлекетінің астанасы «Етил» қаласы болғанын ұмытпаңыз.) идеясынан түрікшілдікке ойысты. Ойыстырған Татар-башқұрт-шуашты біріктіруді ойлаған  «Еділ-Орал мемлекетін» коммунистік Советтер одағы құруға жол бермеді, жөргөгінде тұншықтырып құртуға ұмтылды. А.З.Валиди-Тоғанды тыңдаған, башқұрт халқымен санасқан болып «Башқұрт автономиясын» жасақтауы – «Еділ-Орал мемлекеттік» тұтастығына жұмсалған айла болатын. Г.Ысқақи мен А.З.Валиди-Тоғанның бақилыққа өкпелесіп аттану сыры осы жерде жатыр. А.З.Вәлидидің, Энвер пашаның оңтүстік Түркістанға келіп, Совет Одағына қарсы күресуі – түрікшілдік идеяның әрекеті.  Мәселені індете берсек, Ұлы Отан соғысы аталатын жойдасыз қырғында Алманияда тұтқындардан «қазақ легионы», «татар легионы» дегендей жасақтардың құрылуы – түрік бірлігінің ықпалы болатын. Оған Мұхаметжан Сералиннің бай нағашылары Яуышевтардың қаражатпен демеуінде (Мұса Жәлел де осы  легионда) гәп бар.

Шүкір, қазір бірсыпыра түрік елі тәуелсіздік алды. Біразы, әлі отарлық  «қалыпта» отыр. Азаттық, тәуелсіздік олардың біразының арманы. Ал кейбір түрік ұлт-ұлыстары тәуелсіздікті тілемейді де. «Мәңгүрттік». Олай болса, ХХІ ғасырдың жиырмасыншы жылдары, яғни бүгін, ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары Мұстафа Шоқайлар армандаған түрік бірлігі жайындағы ой-санасына өреміздің жетпегені несі?! Соған тартыла алмай жүргеніміз не қылғанымыз?! Елбасымыздың өзі түрік мемлекеттерінің саммитінде түрік мемлекеттерінің саяси және экономикалық интеграциясы туралы айтып-ақ жүр емес пе?! Одан артық ашық пікір білдіре алмайды ғой. «Түрік ағайындар бірігейік» деп қалай айтады. Біз осыған жете алмай отырмыз. Бұған да рушылдық кедергі болуда. Ұлттық біртұтас ойлау жоқ, ұлттық, ұлтшылдық біртұтас ойлау жүйесіне жете алмаған соң, түріктік өреге тартылу  тағы жоқ. Оның үстіне түрік мемлекеттері басшыларының жеке амбициясы да түрікшілдік ынтымаққа кедергі болуда. Тілі бір, діні бір араб дүниесінің ынтымақсыздығынан шеккен зардаптары түрік мемлекеттері, түрік ұлт-ұлыстары басшылары үшін қашан ой салар?! Бұл біздің қоғамның трагедиясы деп ойлаймын. Өзге түрік жұртымен бірге қазақтың да осы жиырма бес жылда әлі жете алмай келе жатқан бір мәселесі – түрікшілдік.

– Ұлттық біртұтас ойлау деп отырсыз. Оған жету үшін ұлтшылдық сана мығым болу керек пе? Алайда, біз қазір «ұлтшылдық» деген сөзден қашамыз. Керісінше,  рушылдыққа жақын секілдіміз?

Біздің билік басындағы азаматтарымызда ұлттық болмыс бірден қалыптаспады. Ұлттық болмыс деп отырғаным – ұлтшылдық. Біріншіден, ұлтшылдық болмай, қоғам біртұтас мемлекетке айналуы екіталай. Екіншіден, қазақ мемлекет құраушы ұлтқа айналуы да қиын. Ұлтшылдық деген жаман сөз емес. Ол – ұлтын сүю деген сөз. Кешегі Совет Одағы орнаған кездің алғашқы жылдарынан бастап-ақ, осы ұлтшылдықпен күресті. Өйткені, ол тұста қазақ өте тығыз ұлттық ынтымақ-бірлікке келген еді. Ал енді, рушылдық ой-санамен жүріп, ұлтшылдық биікке қалай көтерілесің?! Ұлтшылдық биікке жете алмасаң, сенде мемлекеттік ой қайдан болады. Елбасының айналасындағы азаматтардың көбі рушылдық жүйемен жыланша жорғалап барып қалғандар... Алғашқы жылдары ру-рудың лоббилері тықпалап, соны институт ретінде, жаман дәстүр ретінде қалыптастырып жіберді деп ойлаймын. Әйтпесе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, қазақтың бар саналы, ойлы, парасатты, мемлекетшіл мүддесі жоғары азаматтары Елбасының айналасынан табылуы керек еді ғой. Осының саладарынан, мемлекетіміз нарықтық жүйеге аяқ басқанымен, оның даму барысы өз дәрежесінде болмады. Жаңа мемлекет құру деген сөз – белгілі дәрежеде ескіні күйрету. Елбасының таңдағаны революциялық жол емес, эволюциялық жол. Ол да жақсы-ақ. Дегенмен, жекешелендіру, жер сату секілді мемлекетті тығырықтан шығаратын толып жатқан қадамдарда көп қателіктер кетті. Осы мәселелердің өзіне ұлтты біріктіріп, ынтымақтастырып әкелу керек еді. Депутаттық сайлау, жергілікті жердегі мәслихат сайлауынан бастап, бәрінде рушылдық мүдде басым болды. Содан да, Елбасына жәрдемші болатын, мемлекеттік тетіктерді басқаруға тиісті азаматтар екінші планға шығып кетті. Мемлекетшіл тұлғалар   мемлекет ретінде жаңа заманда, жаңа кезеңде дамуымыздың теоретиктеріне ғана айналып қалды. Оны іске қосатын практикалық істерден шеттетілді. Ұлтшылдықтан жалтарып, рушылдыққа жан тарту осындай келеңсіздіктер тудырады. Қазір де сақтанбасақ, осы жойдасыз «үрдістің» зардабын тартамыз. Рушылдық санамен, рушылдық пиғылмен мемлекет құру мүмкін емес. Мемлекеттік тұтастықты бекітетін, қазақ ұлтын мемлекет құраушы ұлтқа айналдыратын ол – рушылдық емес, ұлтшылдық. Сол ұлтшылдыққа жетсек екен деп армандаймын. Ұлт болып тұтасқан ұлтшылдық өреге жетсек, оның арғы жағында түрікшілдіктің де ауылы алыс болмас еді.

Жалғасы бар

«The Qazaq Times»