Жансая Адыханова 1999 жылдың 30-желтоқсанында Қарағанды облысы, Жезқазған қаласында дүниеге келген. Қайрат Адыханов пен Зарема Оразқызының отбасындағы үш қыздың кенжесі. Айзада Төлеухан және Жанбота Адыханова есімді әпкелерімен бірге саз өнеріне қызығып, қолына скрипка алған сәттері де болды.  Мектепке 5 жасында барып, 16 жасында тәмамдады.  Алматыдағы 172-ші мектеп-гимназияны «Алтын белгімен» бітірді.  Ең алғаш 4-5 жасында әпкесі қыс мезгіліндегі жай көңіл көтеру ойыны есебінде конькимен жүруді үйреткен. Ал 9 жасында анасы Алматыдағы  «Мега орталықтағы» үйірмедегі «денсаулық» тобына жаздырып, Оксана Каридың қолына табыстайды. Ол жерде көзге түскен Жансаяны Елена Матюх бірден анасына айтып спорт тобына алдырды.  Содан бері 11 жыл  көлемінде  мәнерлеп сырғанаумен шұғылданып келеді. Қазір Жансая әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің  халықаралық қатынастар бөлімінде білім алып жатыр.

Жансая Адыханова 28-ші бүкіләлемдік қысқы Универсиада өнер көрсетті. Қысқа бағдарламада 32.37, негізгі бағдарламада  59.72 ұпайлар жинап (жалпы 90.02 ұпай) 22-орын алды.

 Жансая, негізгі бағдарламадан кейінгі нәтижені естігенде көзіңе келіп тығылған жасты көрдік. Қуаныштың ба, жоқ әлде өкініштің жасы ма?

– Әрине, ол өкініштен. Істеп жүрген әдістерімнің ішінде көбісін жасаған жоқпын. Мен тек 50% ғана өнерімді мұз үстінде көрсете алдым. Шыны керек, қобалжыдым. Кейіннен бапкерім екеуіміз жіберген қателіктерді талдап, келешекке сабақ есебінде қабылдадық.

Спортшылардың көбісі «өз қабырғаңда» яғни өз еліңде өтіп жатқан жарыста, өз жанкүйерлеріңнің алдында өнер көрсету қиынға түседі» деп жатады. Қазақстандағы алғашқы әлемдік жарысың саған қалай әсер етті?.

– Рас, өз жанкүйерлеріңнің алдында өнер көрсету – саған артылған үлкен жүк. Сенімдеріне селкеу түсірмей, сәтті орындап шығуға тырыстым. «Ақтай алмай қаламын ба?» деген қорқыныш басым болды. Жалпы, жанкүйерлеріңнің бар екенін сезіну – спортшының ең бақытты сәті деп есептеймін. Тілектестік білдірген әрбір жанға рақмет айтамын!..

Жанкүйерлердің ықыласы ерекше болды. Істеген әр сәтті әдісіңе қол шапалақтаса, құлаған сәтіңде «қап!» деп жатты. Жалпы өзіңіздің нәтижеңізге көңіліңіз тола ма?.

– Жоқ. Әсіресе, негізгі бағдарламада өзім ойлағандай өнер көрсете алмадым. Бұл мен үшін үлкен сабақ болды. Келесі жарыстарда барымды саламын.

Айза Иманбек сияқты болашақта өз бағдарламаңа қазақтың күйін, болмаса басқада әуенін қою жоспарда бар ма?.

– Негізі биыл қоймақ болғанмын. Айза қоятын болды, егер оған мен де қосылсам, бір әуенге, болмаса ұқсас күйге билеп кететіндей көріндік. Бұйыртса алдағы маусымда екі бағдарламамамның біріне енгізгім келеді.

Бидегі әдістерің жыл санап күрделеніп келеді. Қуаныштымыз!. Жаттығуларыңыз қай жерде, қалай өтеді?.

– Күнделікті жаттығамыз. Кей кездері ғана бапкеріміздің рұқсатымен жексенбі күні демаламыз. Жаттығуымызды Алматыда және Айза екеуміз Санкт-Петербургтағы «Звездный лед» мектебінде өткіземіз.

Денис Тен кумиріңіз екен. Тен сізге несімен ұнайды, қай әдістері үшін бағалайсыз, болмаса азаматтық тұрғыдан жоғары қоясыз ба?.

– Қазақстандағы мәнерлеп сырғанау спортын биік деңгейге көтерген адам есебінде-ақ көзді жұмып тұрып жақсы көруге болады. Денис Тенді спортшы есебінде де, адамгершілік тұрғыдан да кумир етуге лайықты.

Хоббиларыңыздың бірі кітап оқу екен. Соңғы рет қандай кітап оқыдыңыз, ол сізге қалай әсер етті?.

– Детектив жанрын жаным сүйеді. Ол мейлі кітап болсын, кино болсын, соларды оқу, көру қатты ұнайды. Ал соңғы оқыған кітабым – Агата Кристидің «Убийства по алфавиту». Өзіме ұнады.

Евгений Шалаев қандай бапкер және осыған дейін сізге би қойып беріп жүрген Наталья Попова сізге несімен ерекшеленді?.

– Қазір Евгений Шалаевпен бірге Құралай Үзірова жаттықтырады. Екеуі де білікті мамандар. Олармен жұмыс істеген ұнайды. Бұл бірінші жыл емес, мен мәнерлеп сырғанау спортын таңдаған алты жылдың үш жылын осы кісілермен бірге өткіздім. Ал Санкт-Петербургта Олег есімді азамат қадағалайды.

Сұхбатыңызға рақмет!..

Серік ҚАНТАЙ

«The Qazaq Times»