АҚШ-Қытай сауда соғысы дүние жүзінің назарында тұр. Әлемнің алдынғы екі экономикасы арасында 600 млрд көлеміндегі сауда қақтығысы шілденің бас шенінде бұрқ ете қалмақ. Бұл сауда соғысы екі елдің де экономикалық дамуын ақырындатып, инфляцияны күшейтіп әлем экономикасына кері әсерін тигізеді деп болжанады. Ең қорқыныштысы жарты ғасырға жуық уақытқа дейін еркін саудаға жол ашып дамушы елдердің біртіндеп өркендеп келе жатқан тенденциясын тоқтатуы мүмкін. Олай болса, онсызда текетіресте тұрған халықаралық саяси жағдайларда, Трамп үкіметі не үшін АҚШ-тың ең ірі сауда әріптесімен араздыққа көшті? АҚШ-Қытай арасындағы сауда соғысының зардабы қандай болуы мүмкін?
Трамптың «соғыс ашуына» себептер мен көздеген мақсаттары
Сауда соғысын жолға қойған Трамп бұл туралы: «Біз онсыз да олармен жасасқан саудада миллиардтаған қаржыны жоғалтып жатқанда, сауда соғысы бұдан жақсы. Одан жеңіп шығу оңай», – деген болатын. Трамптың бұлай деуіндегі басты себеп, АҚШ жылана Қытайдан 500 млрд доллар көлеміндегі тауарын сатып алады, ал, Қытайға сатқан тауарының құны 150 млрд доллар айналасында болады. Мұншалық үлкен парықты Трамп президент сайлауы кезінде де ортаға қойып, бұл теңсіздікті тоқтатамын деп уәде берген. Трамптың айтуынша бұл теңсіздік Қытай билігінің әділетсіз сауда саясатының жемісі. Айталық, өз тауарын шектеусіз сатып, өзгенің тауарына шектеу қою.
Трамптың сауда соғысын бастауына Қытай бірлескен компаниялары арқылы АҚШ-тың зияткерлік меншік құқығын ұрлауы да бір үлкен себеп болды. Айталық, жаңадан ойлап табылған технологияларды америкалық компаниялармен бірлескен Қытайлық кәсіп орындар өткеріп алып, дербес өндіруге жол ашты. Сонымен бірге Қытай үкіметі Қытай базарына кіретін америкалық және өзге шетелдік компанияларға міндетті түрде қытайлық бір компаниямен серіктесіп жұмыс жасау талабын қойды.
Трамптың басты мақсаты болса: аталған теңсіздіктерді жою; Қытай үкіметін сауда саясатын өзгертуге мәжбүрлеу; Қытай үкіметінің жоғары технологиялық компанияларын аса жоғары мөлшерде субсидиямен қолдауын тоқтату; Америкалық компаниялардан технологияларды өткеріп беру талабын кері қайтарту; Екі елдің сауда көлемін теңестіру тағы басқа.
Сауда соғысының барысы
Трамп Қытайға бірден жойқын шабуыл жасамады. Тек, наурыз айында 3 млрд АҚШ доллары көлеміндегі қытайлық тауарға салық салып, Бейжіңнің аңысын аңдап көрді. Әрине, Қытай бұл «ескерту шабуылынан» бірден ығыса қалмады. Есесіне Трамп үкіметімен ұп-ұқсас әрекетпен жауап қайтарды.
Наурыздың соңына қарай, Трамп Қытайдан импорт етілетін болат пен алюминийге кеден салығын көбейтіп, өзге сауда серіктеріне жеңілдік жасады. Сәуір айына келгенде Қытай да осыған ұқсас жауап жасады. АҚШ-тан импорт етілетін болат құбырлар мен ауылшаруашылық өнімдері қатарлы жүзден астам тауарға салық салды.
Ақ үй билігі бұл ретте Бейжің қарсы жауап қайтармайды, үнсіз бас иеді деп қараған, бірақ олай болмады. Бұдан кейін Трамп үкіметі шындап кірісті. Кезектескен соққыларды жинақтай айтар болсақ, Бейжіңнің жауабынан кейін АҚШ Қаржы министрлігі салықты екі есеге көбейтіп, Қытайды райынан қайтарғысы келді. Сәуір айына келгенде салық салынатын қытайлық тауарлардың құны 50 млрд АҚШ долларына, одан бірнеше апта өткеннен кейін, 100 млрд долларға, бұдан екі апта бұрын 200 млрд долларға дейін көтерілді. Дегенмен, әлемнің экономистері мен саяси сарапшылар бұны шынайы сауда соғысы емес, тек Қытайды үркітіп-қорқытып бағындыруға жасаған әрекеттер деп бағалады. Мамыр айында екі елдің сауда өкілдері кезек-кезек бір-біріне барп, келіссөздер жүргізді. Алайда, келіссөз нәтижесі Трамптың күткен жерінен шыққан жоқ.
Трамп пен Шидің ойлағаны экономика емес
Бір қызығы – Уашингтон да, Бейжің де сауда соғысын қаламаймыз дегенді айта береді. Бірақ, екі елдің жауаптасуы тараптарды сауда соғысына белшесінен батыруда. Сауда соғысының салдары туралы экономистердің болжамына сенер болсақ, АҚШ-тың экономикалық өсімі 0,5 пайызға азаймақ. Қытайдағы көрсеткіш те осыған ұқсас. Оның үстіне кеден салығының арт-артынан жоғарлауы бағаның өсуіне алып келетіні бәріне белгілі. Бұл тауар тапшылығын тудырып, соңында әлем экономикасын әбден былықпалыққа салады деп қауіптенетіндер де бар.
Ал, шын мәнісінде Қытай мен АҚШ-тың сауда-экономикасы ғана емес, финанысы да біте қайнасып жатыр деуге болады. Қытайлықтар америкалық құнды қағаздардың үштен бірін сатып алып, біртіндеп, АҚШ үкіметінің ең үлкен кредиторына айналды. Бұл АҚШ экономикасының өсуіне Қытайдың да мүдделі екенін көрсетеді.
Тарата кетейік: Қытайлықтардың қолындағы АҚШ-тың құнды қағаздары 1,2 триллион долларды құрайды. Бұл АҚШ-тың жалпы қазынасының 5 пайызын, сыртқы қарызының 20 пайызын, Қытай алтын валюта қорының 38 пайзына тең.
Демек, екі елдің біте қайнасып тұрған экономикалық байланыс бола тұра, сауда соғысына қарай ұмтылуы Трамп пен Шидің көздегені Экономика емес екенін білдіреді. Сондықтан да екі ел арасындағы келіссөздер бір ниетке келе алмады. Қытай басшысы үшін бұл бәстен ұтылу бір ғана намыстың ісі емес, Қытайдың ұзақ уақытқа қойған стратегиясының тоқырауына апарып соғатын іс. Айталық, «Made in China 2025» стратегиясы тоқтайды. Бұл стратегия бойынша, түрлі жаңа технологияда Қытай АҚШ пен өзге батыс елдерін қуып жетеді деген болжам болған. Ал, АҚШ-пен қарсыластық бұл стратегияның күлін көкке ұшырмақ. Себебі, оны жүзеге асыру үшін АҚШ-пен санаспай болмайды.
Ал, Трамп болса «Америка көшбасшы» болған дәуірге жаңа лидердің пайда болғанын қалмайды. Оның да өзіндік себептері бар. Солтүстік Корея басшысымен тарихи кездесу өткізіп, барлық АҚШ президенттерінің алдын орап кеткен Трампқа, енді Қытайдың Құрама Штаттың орнынан таласуын тоқтату, теңдессіз аброй әпермек және ол барлық сайлауда өзінің құмалағын төрттен қоймақ.