Алдағы уақытта Еуропалық Одақтың сыртқы экономикалық және саяси қатынастарында елеулі өзгерістер болуы мүмкін. Себебі, Еуропалық Комиссия Қытай, Ресей, Түркия, тіпті Америка Құрама Штаттарынан келетін «экономикалық мәжбүрлеуге» қарсы механизм құруды қарастыруда.

Бұндай механихм құру туралы ұсыныс берген Халықаралық қатынастар жөніндегі Еуропа кеңесі (European Council on Foreign Relations) атты аса беделді зерттеу орталығы. Осы орталық ЕО-ның Қытай, Ресей секілді үшінше елдердің «экономикалық мәжбүрлеу» қаупіне тап болғанын ескертіп, оған қарсы «тиімжі әрі сенімді механизм» құруды ұсынған.

Аталған орталық жасаған баяндамада Қытай ЕО саясатын өзгерту үшін «экономикалық мәжбүрлеуді» қолдануға дайын деп көрсетілген. Айталық, Еуропалық Одақ адам құқықтарын бұзғаны үшін 4 қытайлық шенеунікке санкция салғанда, Қытай Еуропалық парламенттің мүшелеріне, сараптама орталықтарына және Adidas секілі ірі еуропалық компанияларға санкциялар салу арқылы жауап бергенін алға тартқан.

Әрине, Қытайдың бұл жауап шаралары ЕО үшін үлкен экономикалық шығындар келтірген жоқ. Алайда, Бейжіңнің бұндай қадамдарынан ЕО-ның кейбір саясаттарын өзгерту үшін экономикалық қысым жасай алатынын көрсетіп қойды.

Еуропалық зерттеу орталығының болжауынша, ЕО-Қытай қатынасы шиеленісті жалғастыра берсе, әсіресе ЕО мен АҚШ жақындай түссе, Бейжің өзінде бар мүмкіндіктерді пайдаланып экономикалық қысым көрсетуі мүмкін.

Қытай соңғы жылдары Аустралия, Канада, Нидерланды және Германия секілді елдерге «экономикалық мәжбүрлеуді» қолдана алатыны, тіпті бұл жағында жоғары мүмкіндіктерге ие екенін де көрсетті. Бұл жағдай қазір Еуропалық Комиссияны алаңдатып отырғаны сөзсіз.

Еуропалық Комиссияға халықаралық қатынастар жөнінде кеңес беретін орталық АҚШ-тан келетін экономикалық қысымдарға назар аударған. Орталық есебінде, ЕО мен АҚШ қатынасы Трамп кезіндегімен салыстырғанда жағымды бағытқа қарай дамып барады. Дегенмен, қазіргі халықаралық қатынастардың бағыты бойынша кейбір қайшылықтар да туындап отыр. «Құрама Штаттар үнемі Еуропадан қолдау таба бермейтінін түсінуі керек, сондай-ақ АҚШ еуропалықтардың «Америка бірінші» секілді саясаттардан әлі де алаңдап отырғанын да түсінуі керек» делінген аталмыш есепте.

Бұған қоса экономикалық мәжбүрлеуге ең тиімді қарсы тұратын шара ретінде «ЕО-ның экономикалық қуатын нығайту; еуропалық біртұтас нарық құруды толық аяқтау және нығайта түсу; Еуропаның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және үшінші елдер пайдалана алатын әлсіз жақтарын азайту» деген механизмдерді ұсынып отыр.

“The Qazaq Times”