Бүгінгі күні Ауғанстанда болып жатқан сан-қилы, шиеленіске толы оқиғалар басты жаңалық болып тұр. Бұл туралы жазбаған бұқаралық ақпарат құралдары кемде-кем шығар. Қазіргі Ауғанстандағы жағдайды бүкіл әлем бақылап отыр. Көкке көтеріліп бара жатқан ұшақтың шассиіне жабысып опат болған адамдар, соны көріп тұрып ұшаққа жабысқан тұрғындар мен өздері міне алмаған соң балаларын аман алып қалмақ болып, БҰҰ коалициясының жауынгерлеріне табыстаған ата-аналардың әрекеті ешкімді бейжай қалдырмайтыны анық. Ал, бұл жайындағы телефонға түсірілген бейнематериалдар бүкіл әлемді жайлап кетті. Бұл жайт қазақстандықтардың да назарынан тыс қалған жоқ. Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатыр. Енді осының бәрінен қандай сабақ алуымыз керек? Біз осыдан қандай ой түйеміз? Дәл осы сауалдар көпті мазалайтыны белгілі.
Мұндай жағдайда ең алдымен, азаматтарымыздың білім деңгейін және олардың әл-ауқатын арттыру қажет деген ой туындайды. «Талибан» қозғалысының негізгі бөлігін, Ауғанстанның ең шеткі аймағынан келген тұрғындар құрайды. Олар өз өмірінде ешқандай жақсылық көрмеген. Аш-жалаңаш жүріп, жарытып тамақ та ішпеген. Оның үстіне білім деңгейлері өте төмен. Ой-өрісі шектеулі. Ақылы өте саяз. Олар жақсы өмір іздеп, тәліптердің жалған уәделеріне сеніп экстремист атанған. Әйтпесе, ересек жастағы иегін сақал жапқан жауынгерлер заманауи өмірдегі қарапайым тұрмыстық заттарды көргенде қатты таңқалып, балаша қуанғаны олардың ештеңе көрмей өскенінен хабар береді. Яғни, ондай адамдар қазіргі техникадан, тұрмыстық заттардан мүлдем хабарсыз. Тәліптердің командирлерін қоспағанда, жауынгерлердің басым бөлігі қаладағы жаттығу залдарын, самокаттар мен скутерлерді қала берді саябақтағы аттракциондарды әбден есейген шақтарында алғаш көрген.
Кейбір сарапшылардың «әскери базаларды емес, алдымен Макдональдс пен Диснейлендті салу керек еді. Сонда елдегі жағдай бұлай шиеленіспеген болар еді» деуі жағдайды шамадан тыс күрделендіріп жіберді. Дегенмен, бұл қатты айтылғанымен оның астарында ащы шындық жатыр. «Тәліптердің қатарына қосылсақ қана тамаша ғұмыр кешеміз». Шалғай провинциялардан келгендердің барлығында осындай түсінік қалыптасты. Ал, мұндай жағдайда діни экстремизмге қарсы күш ретінде тек жоғары деңгейдегі білім қажет. Жақсы қалыптасқан инфрақұрылым да көп мәселені шешеді. Ел ішінде ең алдымен ағарту жұмыстарын жүргізіп, білім беру жүйесін оң жолға қою керек болатын. «Әрине, біз оларға жол көрсетуден аулақпыз. Бірақ өз мемлекетіміз үшін жауаптымыз. Еліміздің даму деңгейі тек ел астанасы мен Алматы сияқты екі алып қалаға ғана қарап бағаланбайды. Бірінші кезекте Қазақстанның ең шалғайдағы елді мекендері мен ауылдарында су, газ, интернет, жаңа мектептер мен ауруханалар мен басқа да халыққа қажетті қызмет көрсету орындарының бар -жоғын саралауға тиіспіз. Бізде де бәрі керемет емес.Үлкен шаһарлардан небәрі жүз шақырым ұзасаңыз, талай жайтқа куә боласыз».
Сонымен қатар, Ауғанстандағы оқиғалар біздің қоғамда «әлеуметтік әділеттілікке» деген үлкен сұранысты байқатты. Америкалық БАҚ-тың хабарлауынша, жиырма жыл бойы шет мемлекеттерден Ауғанстанға ондаған миллиард доллар құйылды. Ал, бұдан қарапайым ауғандарддың өмір сүру деңгейі жақсы жаққа өзгеріп кеткен жоқ. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша Ауғанстан ғаламшардағы ең кедей елдерінің бірі болып табылады. $ 509. Бұл тіпті Судан, Руанд немесе Тәжікстанға қарағанда айтарлықтай төмен. Елге келген қаржылық көмек үкімет басында-ақ талан -таражға түскен. Жемқорлық әбден белең алып кеткен. Атап айтқанда соттардан бастап, әскерге дейінгі мемлекеттік органдарда жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық жайлап алған. Осы орайда Ауғанстан халқы саяси режимнің күші мен әділдігіне деген сенімін жоғалтты. Осыны тәліптер өз игілігіне жаратып, тиімді пайдаланды. Ашып айтқанда, халық арасында үгіт жүргізуге кеңінен мүмкіндік алды. Жұртшылыққа әділетті үкімет орнатуға уәде берді. Содан кейін «Бақытты ғұмыр сүресіңдер» деген ертегіге сенгендер «Талибан» қозғалысына еш ойланбастан кірді.
Біздің елімізде де азаматтардың мемлекеттік институттарға, әсіресе сот төрелігі мен құқық қорғау органдарына деген сенімін жоғалтатын сыбайлас жемқорлықпен байланысты дау-дамайлары үнемі боып жатады. Сонымен қатар, азаматтық қоғамның маңыздылығын арттыру мақсатында жасалған Ішкі істер министрлігінің реформасы олардың жұмысының мәні мен сапасын жаөсартуға әсер еткен жоқ. Тек полиция қызметкерлерінің формасын өзгертумен шектелді. Сот жүйесіндегі былықтар да аз емес. Оны осы салаға түсіп жатқан шағым-арыздардың легінен байқауға болады. Мұның бәрі біртіндеп біздің қоғамның іргетасына нұқсан келтіріп, қарапайым азаматтарды зайырлы мемлекеттің тағы қандай баламасы бар? деген сауалға жауап іздеуге, ойлануға мәжбүрлейді.
Жасыратыны жоқ, әлеуметтік желілерде Ауғанстанда үкімет құлаған күні біздің азаматтардың кейбірі сәлемдесу видеоларын таратып, енді Талибан билігі ислам аясында әділдік пен тәртіпті қамтамасыз ете алады деген пікір білдірді. Әрине, мұндай жазбалар Ауғанстандағы оқиғалар туралы алаңдаушылық тудыратын ақпарат толқынына батып білінбей кетті. Бірақ оның болғаны жасырын емес және оны ескеру қажет.Бұлойланарлық мәселе.
Сондай-ақ, елімізде азаматтарға түсінікті, оларды қолдайтын және осылар үшін әрекет етуге дайын болашақтың бейнесі қалыптасқан ба, жоқ па, соны қарастыру қажет. Қазақстанның ресми даму стратегиялары қабылданған сәттен бастап дәл осы мәселе өткен бірнеше жылда әлсіреп, қоғам назарынан тыс қалды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы ресми медиа -жоспарды іске асырумен ауыстыру ешнәрсені шешпейді. Яғни, ол көпшіліктің мемлекетке жанашырлықпен қарауына ықпал етпейді. Бұл жағдайда біздің идеологиямыз қазіргі заманның деструктивті идеологиясымен бәсекелесуге дайын ба деген сұрақ туындайды.
Халықтың белгілі бір тобы сыбайлас жемқорлық пен билікке деген сенімсіздікті желеу етіп, елдің болашағына сенбеуі де мүмкін. Алдағы болашақ "ислам әмірлігі" сияқты болмаса да, қазақстандықтардың кейбіреуіне дәл осындай сыншылардың көзқарасы, әділетсіздіктер тұрғысынан қазіргі зайырлы мемлекетке қарағанда анағұрлым тартымды болып көрінуі мүмкін. Мұндай ойға жоғарыда атап өткеніміздей, білім деңгейінің төмендігі жетелейді.
Қазақстанның ақпараттық тәуелсіздігін қамтамасыз ету жайында да айтпай кетуге болмайды. Өйткені, біздің азаматтар Ауғанстандағы оқиғалар туралы шынайы дерек алу үшін өзіміздің емес, басқа елдердің бұқаралық ақпарат құралдарына жүгінгенін көз көрді. Жасыратыны жоқ, ресейлік БАҚ ұстанатын бағыттардың бірі - Орталық Азия елдерін ҰҚШҰ және ЕАЭО байланысты арттыру үшін Ауғанстанды барынша жағымсыз етіп көрсету. Ондағы қандай да бір оқиғаны саяси маңызға толы қауіп-қатер деп көрсетуді орынды санайды. Ал, рас ақпарат ала алмаған соң халық сырттан келген ақпаратқа арбалады. Қазірдің өзінде Қазақстанда БҰҰ-ның Ауғанстан істері жөніндегі уақытша кеңсесін орналастырудың тиімсіздігі туарлы пікірлер жиі айтылады.
Қалай болғанда да, біз өз елімізде мұндай жағдайды болдырмас үшін, оның алдын алу үшін ауған трагедиясынан терең сабақ алуымыз керек. Жағдайды барынша бағамдап саралай білген жөн. Мұны «шиеленіске толы толы сценарий», деп қабылдасақ та зер салып ойлану керек.
Алайда, өткен ғасырдың 60 -шы жылдарында Кабулда түсірілген қайталанбас суреттерді, сол кезде білім берген университеттерді ұмыта алмаймыз. Тіпті сол шақтағы қысқа белдемше киген қыздар да естен кетпейді. Ол уақытта заман дәл осылай құбылады, ешкім ойламады. Мұндай аласапыран ешкімнің ойына да кіріп шықпағаны анық еді.
Фархад Касенов
A+ Analytics сараптама орталыгынын басшысы