АҚШ президенті мен Солтүстік Корея басшысының Сингапурдағы алғашқы тарихи кездесуінде тек қана аудармашыларды ғана алып қалып, 50 минутқа жуық оңаша сөйлесті. Содан кейін ғана өзге лауазымдыларды қатыстырған келіссөзге кезек берді. Бұл туралы BBC, Fox News, CNN қатарлы әлемдік ықпалды ақпарат құралдары хабар таратты.
Келіссөзге АҚШ тарабынан: мемлекеттік хатшы Майк Помпео, Ақ үйдің аппарат жетекшісі Жон Келли қатысты.
Солтүстік Корея тарабынан: Кореяның Еңбекшілер партиясы төрағасының орынбасары, Ким Ион Чол, сыртқы істер министрі Ли Ион Хо және Ли Су Ион қатысты.
Ақпарат құралдарына, тікелей эфирлерге қатысқан сарапшылардың көбі, Трамп пен Кимнің кездесу кезіндегі жайбырақат отырып сөйлескеніне көбірек мән берісті. Бұған дейін Трамп пен Ким арасындағы кездесуде күтпеген істердің болуынан алаңдаушылық білдірген. Дегенмен, жасы мен тәжірибесі жағындағы үлкен айырмашылықтарға қарамастан Трамп пен Ким Жоң Унның ұқсас жақтарының да көп екені айтылады. Айталық, екеуі де еркін мінезді, ішіндегі ойын сыртқа шығара бермейтін лидерлер.
Келіссөз тақырыбы
Басты тақырып Солтүстік Кореяның ядролық қарудан бас тарту мәселесі. Бірақ, Ким Жоң Ун талаптардың қаншасына мақұл болатынын болжап айту қиын. Бірақ, Ким әулетінің дағдысын бұзып, АҚШ президентімен келіссөзге келуінің өзі үлкен ілгерілеушілік. Бұл қадамды жасауға жетерлік қысым да жасалды.
Келіссөз үстеліне Кимнің қандай талаптарын ала келгені де анық болмай отыр. Бірақ, экономикалық өркендеуге көмек көрсету талабын қоятынын көп елдің сарапшылары айтып отыр.
Келіссөз үстеліне дейін
Сингапурға екі елдің басшысы жексенбі күні арасына бірнеше сағат салып ұшып жетті. Алдымен жеткен Ким Жоң Ун Сингапурдың премьер-министрімен де кездесіп үлгірді. Екеуі екі бөлек мейманханаға жайғасып, келіссөз өтетін орынға екі түрлі салтанатпен келді. Әсіресе Сингапур көшесінде Ким Жоң Ун отырған көлікті қоршап қаз-қатар болып жүгіріп жүрген оққағарлар жергілікті тұрғындар мен ақпарат көздерінің назарын аударды.
Бұл рет Солтүстік Корея делегациясының шығынын Сингапур тарабы көтерді. Қонақ иесі бұл қаражатты «әлемнің тұрақтылығы мен өңірдің қауіпсіздігіне қосқан азғана үлесіміз» деп түсіндірді.
Ұзақ жылдардан бері АҚШ пен Солтүстік Корея бір-бірін қас-дұшпаны ретінде қарап келді. Тіпті, Солтүстік Кореяда АҚШ-қа қарсылықты насихаттайтын арнайы бағдарламалар, мұражай орындары бар. Бұл Солтүстік Корея үшін өзінің «ата жауымен» келіссөз үстеліне келуі болды десе де артық емес.
Екі ел басшысының 50 минутқа жуық оңаша сөйлесуінен кейін, келіссөз жабық күйде өтті. Әлем көз тіккен бұл кездесудің барысы және ондағы келіссөз нәтижесі алда да қадағалауда болмақ.