Ұлыбританияның Sunday Times басылымы, ресейлік бай-манаптар үшін Ұлыбритания табыс көзі болып отырғанын айтады. Аталған басылым Қылмысқа қарсы барлау агенттігінің 140-тан астам қалталының табыс көздеріне жасаған тексеру нәтижесіне сүйене отырып осындай қорытынды жасаған. Sunday Times басылымына бірқатар мәліметті аталған агенттіктің Экономикалық және кибер-қылмыстық істер жөніндегі топтың жетекшісі Дональд Тун берген.

Басылымның хабарына қарағанда, тексеруге алынған 140-тан астам адамның басым көбі ресейлік немесе Ресеймен қатысы бар қалталы байлар. Тексеру тобының жетекшісі сөзінде: «Ұлыбританияда болған қастандық оқиғасы біздің тексеру ісімізді тездетуге себеп болды. Коррупцияға батқан ресейлік қалталылар мен танымал адамдарға тексеру жүргіздік», – дейді.

Биыл қаңтар айында Ұлыбританияда «Келіп шығуы белгісіз байлыққа ордер» заңы күшіне енді. Егер табыскер байлығының қайдан келгенін дәлелдеп көрсете алмаса, онда аталған заң бойынша табысы 50 мың фунттан асқаннан кейін ақшасын бұғатталады және тексеруді қабылдайтын болады. Дональд Тун кезекті тексерістің жемқорлыққа батқан элита және заңсыз жолмен табыс тапқан қалталыларға қаратылғанын ашық айтты.

Ресейлік бұрынғы барлау қызметкері ағылшын жерінде қастандыққа ұшырағаннан кейін, Ұлыбритания үкіметі өз еліндегі Ресеймен қатысы бар адамдарға тексерісті күшейтті. Осы оқиғадан кейін премьер-министр Тереза Мэй елдің инвесторларға виза беру жүйесін қайта тексеріп қарауды тапсырды. Сол рет 700-дей ресейлік инвестор қамтылғаг болатын.

Ал, мамыр айына келгенде, Ұлыбритания парламент палатасында «Мәскеу алтыны немесе Ұлыбританиядағы Ресей коррупциясы» деген баяндама жасалды. Оны «Британиядағы ресейлік арам ақша» деп атап, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп ұйғарды. Бұдан кейін ағылшын билігі Ресейге қарсы тұратын жүйе жасап шығу және Путин мен оның айналасына саяси-экономикалық қысым түсіру керек деп тапты.

Ағылшын үкіметіндегі бұл жағдайдан кейін сол елдегі Ресейлік инвесторлардың жүріс-тұрысы, виза алуы, табыс табуы қиындай түсті. Қорыта айтқанда, Ресейлік инвесторлар ағылшын жерінде инвестиция салу үшін табыс көзін ашық көрсетуге міндетті. Табыс көзінің заңды екенін дәлелдей алмаған орыс қалталыларына ағылшын аралынан табыс табу мүмкін болмай қалды.

 “The Qazaq Times”