Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан банктерді қолдауға 200 миллиард теңге қаржы алынатын болды.
Бүгін парламент отырысында сөз сөйлеген Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев: «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан банктерге инвестиция салатын бағдарлама қайта жаңғырады. Осы мақсатта БЖЗҚ-дан 200 миллиард теңге қаржы алынады» - деді.
Естеріңізге салайық, осыдан біраз уақыт бұрын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 71,3 миллиард теңге қаржысы банкротқа ұшыраған әзірбайжандық банкке салынғандығы жөнінде ақпарат тараған. Бұл қоғамда қызу талқыланып, ақыр соңында Әзірбайжан үкіметі банкрот банкке салынған қаржының бір тиынын қалдырмай қайтаратындықтарын айтып, уәде берген. Алайда «БЖЗҚ» маңайындағы дау бұнымен аяқталмаған. Сәуір айының 18-і күні Алматы соты БЖЗҚ-ның бұрынғы басшысы Руслан Ерденовты «қор қаржысын талан-таражға салды және пара алды» - деп айыптап, 12 жылға бас бостандығынан айырған.